Әрбір ата-ана діни сауаттылығын арттыруы қажет - Бас муфти

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Дін уағыздаушылардың көзқарасы Ханафи мәзхабына негізделуі керек!» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға қатысқан діни басқарманың төрағасы Серікбай қажы Ораз әрбір ата-ананың діни сауаттылығын арттыруы қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас мүфти баяндамасында қазақ тарихының қатпарларына көз жүгіртіп, Ханафи мәзхабының маңызын айшықтады. Осыдан 12 ғасыр бұрын түркілік таным мен ұлттық тарихқа мұсылмандық жолдың ықпал етуі рухани сілкініс тудырғанын сөз етті. Сондай-ақ, Серікбай қажы Ораз жұртшылықты дүдәмал діни ағымдардан сақтау үшін  діни сауаттылығын арттыруға шақырды. Өйткені қоғам мен діннің ара-қатынасын белгілеп алу үшін ата-аналар аянып қалмауы қажет. Жастарды жат ағымның жетегіне жібермей, ата діннің артықшылықтарын айтып отырған дұрыс деген Бас муфти  Елбасы мақаласы да осы мақсатты көздейтінін жеткізді.

Жиында бас қосқан зиялы қауым өкілдері қазіргі кезеңдегі имани-әлеуметтік жұтаңдықты болдырмаудың пәрменді түрі - дін екенін екшеді. Оның ғасырлар бойы қалыптасқан моральдық байлықтарының қадір-қасиетінің мәні күн өткен сайын өсіп отырғанын айтты. Қоғамдағы Ислам діні туралы көзқарастың оң бағытта өзгеруіне теолог мамандардың үлесі көп екенін атап өтті. Конференцияға қатысушылар кеңестік идеологияның шектеу шеңберінен шығып, діни сенімдерге кең жол ашылған демократиялық кезеңде халыққа дұрыс уағыз айту - аса маңызды деген ой білдірді. 

Фото: www.muftyat.kz

Соңғы жаңалықтар