Арбаға таңылған жанның жанын ауыртпай қолдаудың өз жолы бар - Құралай Байменова

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ол арбада отырып, күн сайын эфирге шықты. Әйелдер мен ер азаматтарға, балаларға қажетті ақпарат айтып, бағдарламаның соңын «бәрі жақсы болады» деп аяқтайтын. Мыңдаған мүгедектің жан жарасының  жазылуына, олардың «қайта тұрып», өмірге араласуына септігін тигізген Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрайымы Құралай Байменова ҚазАқпарат тілшісіне өмірі мен өмірлік ұстанымы туралы айтып берді.

Құралай Байменованы әрбір ақтөбелік таниды, еңбегін құрметтейді. Ол «менің тең құқығым бар, өзгелермен бірге еңбек етемін, болашаққа ұмтыламын» деген әр адамға екінші өмір сыйлаған жан. Тек арбаға таңылғандарды ғана емес, тауқымет көрген, қажыған адамға күн сайын «бәрі жақсы болады» деген бір-ақ ауыз сөзімен жылу сыйлады.

«Көмек деген сөздің өзі дұрыс емес. Қамқорлығымызға алып отырған адамдардың өмірін жеңілдету, бір қалыпқа енгізу жолындағы істі бірізге түсірсек, бұл нақты жұмыс болып есептеледі. Ал жатып, тек көмек күтетін адам немқұрайлы, селсоқ келеді. Біз белсенді адамдарды қолдаймыз. Яғни, кез келген адамға құштарлық сыйлап, олардың өмірге белсенді араласуын қамтамасыз етуіміз керек. Мен бұл шаруаны неге қолға алдым? Осыдан 30 жыл бұрын жол апаты болды. Бұл кәсіби шыңдалған, карьерасы өрге басқан кезім болатын. Өз елімнің патриотымын, күш-жігерім тасып тұрған кез еді. Қазір сол күшіммен біраз биікті бағындырып, Үкіметке де жетер едім. Бірақ, тағдыр жұмысты сол жерден, Ақтөбенің Қандыағаш қаласынан қайта бастауыма себеп болды», - деді Құралай Байменова.

Ол 1989 жыл болатын. Кезекті іссапары кезінде жол-көлік апатына тап болып, омыртқасына қатты зақым келді. Сол кезде бірнеше ота жасалып, өмір бойына арбаға таңылды. Үнемі жаңашылдықты қалап тұратын Құралай Байменова арбада отырып, жұртты жұмылдыра білді, жаңа іс бастады.

«Мен бір орында тоқтап қалмайтын адаммын. Үнемі реформа жасағым келеді, жасадым. Аурухана кереуетінде жатып, дәл өзім сияқты төсекке таңылған адамдарды көрдім. 1989 жыл ел үшін де қиын кезең еді. 1991 жылға дейін екі операция жасалып, үйге зембілмен әкелді. Ол кезде Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданында тұрдым. Ел ішіндегі дағдарыс кезінде әйелдер қолына ала дорба ұстап, отбасын асырау үшін сауда жасады. Бұл менің қолымнан келмейді. Өзіме күн сайын достарым, көршім, замандастарым келді, көңілімді сұрады. Бірақ сол кезде олардың көңілі пәс еді. Идеолог бола білгеннің бір жақсы тұсы осы жерде анық көрінді. Олардың да моральдық, психологиялық көмекке мұқтаж екенін көрдім», - деді Құралай Байменова.
null 

Шаршаңқы, еңсесі езілген туыстары мен таныстарын, достарын жігерлендіру, оларға күш беру үшін Құралай Байменова жұмысқа кірісті. Жұмысы журналистикамен, телевизиямен байланысты. Ол күн сайын халық алдына шығып, «бәрі жақсы болатынына» сендірді.

«Арбамен, кей жерде зембілмен жүріп, телевизияға жұмыс істеуге бардым. Күйеуім 2-3 қабатқа көтеріп, студияға отырғызды. Күн сайын кешкілік эфирге шығып, «кеш жарық, сіздермен Құралай Байменова» деп амандықтарын білдім. Тақырып ауқымы кең. Отбасы, ана мен бала, ер адамдардың болмысы туралы айтылды. Қазір қарап отырсам, бәрі 390 кассета болыпты. Қараймын да таңқаламын. Мен мықты, алғыр болғанмын. Әр бағдарлама соңында «бәрі жақсы болады» деп айтқанмын. Көрерменім «Құралай, шаршап кешке үйге келгенде теледидарды қосып, сені тыңдадық. Сен күлдімдеп, «бәрі жақсы болады» деп айттың. Ол кезде бізге қарағанда саған қиын болды ғой. Біз неге қамығамыз деген оймен жігерлендірді» деп айтты.

Сонымен қатар, Қандыағаш қаласының белсенді адамдарын біріктіріп, газ, жарық, су болмаған кезде мүгедек балаларға қайырымды іс жасауға үндедім. Оған дейін мен мүгедек балалар туралы естімедім, көрмедім. Ал өзім арбаға таңылғанда мүмкіндігі шектеулі жандармен таныстым. Бәрі бір адамдай жұмылып, балаларды киіндірді, көңілді кеш сыйлады», - деді Құралай Байменова.

Сөйтіп 1995 жылы аудан белсенділері, жастар мүгедек балаларға жаңа жылдық кеш сыйлады. Бұл аудандағы, бәлкім облыстағы алғашқы қайырымдылық кеші болған еді.

«Балаларға жылылық, жақсы көңіл-күй сыйлайтын кешті ұйымдастырған соң менің қолымнан бәрі келетінін түсіндім. Мәселен, мен қорғаушы болар едім. Бірақ мен мүгедек жандарды қорғауға бел шеше кірістім. Педагог, мәдениет саласының қызметкерімін. Мен арбаға таңылған жанның жанын ауыртпай оған қолдау көрсетудің жолын білемін. Кеңсе тауарларын, оқушы құралын беріп, суретке түсіріп, оны көрсеткенге қарсымын. Камераның алдында ойнаудың қажеті жоқ. Біз бәрін жасырын түрде істеп, нақты көмек бердік. Адам бір затты алған кезде қысылып-қымтырылмас үшін бәрін жасадық. Осы арқылы біз Ақтөбе қаласына келдік. 1997 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аудардым. Елде жалақы, зейнетақы кешіктірілді, адамдар шаршаңқы. Мен бірден аурухана, емші жағалап жүрген арбаға таңылған жандарды жинадым. Барлығы 50 адам келді. Сол күннен бастап Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі деп аталатынымызды айттым», - деді ол.

Әділет департаменті алғашында «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мақсатын түсінбеді. Бірақ бұл да өзге ұйымдар секілді 1999 жылы «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамы» ҚБ болып, 2012 жылы Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығына айналды. Жақсы істің басында жүретін орталық басшысы Құралай Байменова 1997 жылы Германияға тексерілуге барып, ересек адамдарға арналған жөргектерді көрді. Бұл көмек Қазақстанда берілмеді, айтылмады.
null 

«Қазақстанға келген соң әкімдікке, министрлікке мүгедектерге берілетін материалдық көмек туралы айтылды. Мен және менің командам арбаға таңылған жандардың өмірін өзгерту жолында еңбек етті. Арба да болмады. Осы жолмен мықты, жігерлі топ құрылып, салмағы арта түсті. Ереуілдедіп, қарсылық танытптай-ақ үлкен іс атқарылды. Тағы да телебағдарлама түсіріліп, ол кезде мүгедектерге қажетті қарапайым ережелер көрсетілді. Төсектен арбаға отыру, арбада отырып, үй шаруасын жасау, шомылу, далаға шығу, табалдырықты еңсеру де үйретілді. «Билік бізге көмектеспеді» деп отырған күніміз болмады. Менің қызметім тек мүгедектерге байлаулы емес. Мүгедектердің жанындағы достары мен туыстары, бауыры, көршісі, әріптесі бар. Бұл қоғам үшін, жалпыға ортақ атқарылған жұмыс деп есептеймін», - деді Құралай Байменова.

«Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі арбаға таңылған адамдарға жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Мүгедектерді оңалту, «Д.А.Р» еріктілер тобы, әлеуметтік қызмет бөлімі мен қоғамдық қабылдау жүргізіледі. Арбаларды жөндеу, тігін цехы қарастырылған. Сонымен қатар, 2005 жылы инватакси қызметі іске қосылды. Қазір Ақтөбе облысының екі ауданында инватакси жұмыс істеп тұр. Бала кезден өмірге бейімделуді үйренгендері қоғам алдында өзін-өзі ұстау, мәдени шараларға белсенді араласуды білді, үйренді. Қазір 17 адам өз ісін бастап, орта арнаулы, жоғары білім алды. Ақтөбе қаласында мүгедектерге арналған екі көпқабатты үй салынды. Қазір 73 отбасы тұрып жатыр. Ал бәрінің жебеушісі мен қолдаушысы атанған Құралай Байменова 2001 жылы «Құрмет» орденін алды.



Сол жылы Ақтөбе қалалсының құрметті азаматы атанып, 2006 жылы «Жыл адамы» атанды. Жыл адамының ендігі арманы - мүгедектерге арналған коттедж қалашығын салу.

null 

Соңғы жаңалықтар