Арбаға таңылған ерлі-зайыптылар: Көңілің кемтар болмауы керек

None
None
ЗАЙСАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында бес күндік дүниенің сынағына қайсарлық пен төзімділік таныта білген ерлі-зайыптылар тұрады. Екеуі де І топ мүгедегі Өжетбек Мәженұлы мен Гүлнар Ихайқызы бір шаңырақтың шамын жағып, түтінін түтетіп келе жатыр. Бір-бірінің жүрек мұңдарын шынайы түсінетін олар ұлы сезім – махаббаттың арқасында тағдыр талқысына мойымай, алдағы күнге зор үмітпен қарайды.

Өжетбектің өр мінезі

Зайсан ауданы Кеңсай ауылының тұрғыны Өжетбек Мәженұлы 2007 жылы Қытайдан атамекеніне оралған. 23 жасында үйленген азамат бір ұл, үш қыздың әкесі атанады.

«Бұрын Қытай қалаларының біріндегі әкімшілікте көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген едім. Сондай күндердің бірінде 2005 жылы көлігімді тоқтата бергенде тұтқиылдан бір көлік келіп соқтығысты. Ол кезде 28 жаста едім. Жол апатынан мойын омыртқама зақым келді. Сөйтіп, төсектен тұра алмай жатып қалдым. Арада екі жыл өткенде атажұртқа оралдық, алайда келеңсіз жайттардан соң бірінші жұбайыммен ажырастым. Балаларым өз қолымда қалды», – деп еске алды ол.

«Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» демекші, Өжетбектің сыныптасы себепші болып, кейіпкеріміз қазіргі жұбайымен танысқан. Арада үлкен сыйластық пен шынайы сезімнің оты лаулап, екеуі қалған ғұмырларын қол ұстасып бірге өткізуге сөз байласады. «Қуанышты бөліссең – көбейеді, қайғыны бөліссең – азаяды» дегендей, бір-біріне өмірлік серік болған олар тағдырдың ащысын да, тұщысын да бірге татып келеді.

Жанұяның отағасы мен отанасы бірінші топтағы мүгедек жандар болғандықтан, мемлекет тарапынан ай сайын жәрдемақы алады. Бұдан бөлек, оларға аудан әкімдігі тағайындаған жеке көмекші келіп, үй шаруасына қолғабыс тигізіп тұрады екен.

Екі жарты – бір бүтін

Өжетбектің шаңырағының жылуын кіргізіп, мейірімін төгіп отырған Гүлнар Ихайқызы енді ғана тең құрбымен бой түзеп келе жатқан шағында аяқ астынан аттан құлап, жұлынына зақым келтіріп алған. Жылы жүзімен үйдің шырайын келтіретін Гүлнардың жанұясы Моңғолия елінен Талдықорғанға 1991 жылы көшіп келіпті. 17 жасында мүгедек арбасына таңылған Гүлнар ешқайда шықпай, бар уақытын анасының қасында өткізген. Бір Алладан ғана дұға тілеп отыратын көңілі қардай аппақ әйел болашақта ем-домның сауабы болатынынан да үмітті, әрине.

«Мен Өжетпекпен 2015 жылы Талдықорғандағы сыныптасы арқылы таныстым. Басында телефонмен сөйлесіп жүрдік. Алғашында бір-бірімізден тым алыста тұратындығымызды айтып екі жақтағылар да қарсы болды. Апайларым мен ағаларым «Қиналып қаласың ғой, қажет емес-ау» деп екі жарты бір бүтін болып қосылуымызға қарсылық білдірді. Балалары бар екендігін айтып, олардың көзқарасы қалай болатындығын уайымдады. «Қол қусырып қарап отырған адам Аллаға да жақпас» дейді ғой, ең болмаса азаматтың бір шәугім шәйін қайнатып берейін деп бекіндім», – дейді Гүлнар Ихайқызы.

Ақ халатты абзал жандар отағасына «Уақытымен ем жүргізсе, нәтиже шығуы мүмкін» деп айтқан екен. Осыдан кейін Өжетбек Нұр-Сұлтан қаласында бір жарым жылға жуық емделіп, қазір қаражат тапшылығынан амалсыз емін тоқтатқан. Жылдан аса жүргізілген емнің арқасында Өжетбек қазір ақырын қозғалып, арбаға отыратын болған. Емін тағы да жалғастырып, шипасы табылса аяғынан тік тұрып, ел қатарлы жүруге әлі де болса үміті бар.

«Елордада ауруханада жатқанымда қасымдағы өзім сияқты тағдырлас адамдармен кездесіп, рухани күш алдым. Ең бастысы, көңілің кемтар болмауы керек. Кербез көңілді шаң басып, қара бұлт үйірілгенде, жаныңа жақын жандар рухани демеу берсе қиындықты оңай еңсеруге болады», – дейді қайсар азамат.

Жүрек сырын жырмен жеткізеді

Жастайынан өлең жазып, ішкі сезім-толғанысын қағаз бетіне түсіріп үйренген Өжетбек аяулы жарына деген сезімін де өлең жолдарымен кестелейді. Біз оның өлеңдерінен жүрегіне үміт шырағын жағып, жасыған көңілін қайта жандандырған аяулы жарына деген кәусар сезімін аңғардық.

*

(Өжетбектің бір өлеңінен үзінді)

Күнсің сен нұрыңды шашқан,

Түн ызғарының шықтары қашқан.

Түнегіме жаным ай болып келіп,

Жүрегіме үміт шырағын жаққан.

Жаралы жүрек, жасыған көңіл,

Оятты мені сезімің мақпал.

Орманым толқып, жапырақ жайды,

Тасынды көңіл ағыл да тегіл.

Талғатжан Мұхаметбекұлы


Соңғы жаңалықтар