Арбаға таңылған аягөздік суретші әлем назарын аударды

None
None
АЯГӨЗ. ҚазАқпарат – Тағдыр тәлкегіне ұшыраса да сағы сынбаған қайсар мінезді Қалибек Айнажаров Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз қаласында тұрады. Жалындаған жас шағында мүгедек арбасына таңылған ол ағаштан ойып салынған туындыларымен әлем назарына іліккен. Мәскеуде өткен «Бітімгер» бүкіләлемдік альянсында халықаралық үйлестіру кеңесінің шешімімен «Дарын және қабілет» күміс медалімен марапатталғаны бұған бірден бір дәлел. ҚазАқпарат тілшісіне суретшімен хабарласып, сұхбаттасудың сәті түсті.

- Қалибек Ішпекбайұлы, сіздің қилы тағдырыңыз жайлы елімізде 1986 жылы «Диагноз» атты фильм түсірілгенін білеміз. Осы атаумен кітап та жарық көрген. Басыңызға түскен тағдырдың сынағын өз аузыңыздан естісек.

- 12 жасымда аяғымда діріл пайда болған еді. Ем-дом қабылдау үшін Алматы қаласына бардық. Мені қараған дәрігердің теріс диагноз қойып жібергенін артынан білдік қой. Осының салдарынан маған бір емес бірнеше мәрте ота жасалып, 21 жасқа толғанда мүгедек болып қалдым. Өзіммен шамаластар қыдырып, киноға, би кешіне барып жүргенде, мен үйде төрт қабырғаға телміріп отыруға мәжбүр болдым. Ата-анама бір шелек су тасып бере алмайтындай күйге түскенім жаныма қатты батты. Емделу үшін талай жерге барып көрдік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Бәрі алғаш қараған дәрігердің дұрыс диагноз қоймай, ота жасауының кесірінен болған.

Сөйтсек, 4 жылдық санитарлық-гигиеналық маман даярлайтын оқу орнын тәмамдаған сол ақ халатты мүлде хирург болмай шықты. Мұны білгенімде 1983 жылы кек қайтару үшін шолақ мылтық сатып алып, әкем сыйлаған көлікпен Алматыға аттандым. Дәрігерге хат жазып сөйлескім келетіндігін жеткізіп, кездесетін жерді белгіледім. Маған қарай күлімдеп келе жатқан оны көргенімде, зығырданым қайнап кетті. Лезде қолыма атыс қаруын алып, оқ аттым. Мақсатым – өлтіру емес, өзім сияқты мүгедек қылу еді. Сондықтан оның омыртқа тұсын көздедім. Десе де дәрігер жеңіл жарақат алыпты. Ал менің ісім сотқа жөнелтіліп, 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған еді.

- Ағашты ойып сурет салуды қашан бастадыңыз?

- Мүмкіндігім шектелсе де тіршіліктен күдер үзбеуге тырыстым. Мәскеудегі өнер университетінің фотокинематография бөлімшесін сырттай бітірдім. Осыдан кейін фотоөнер саласында еңбек етіп, нәпақамды тауып отырдым. Менің өміріме шуақ сыйлаған жан жарым – Айгүл. Әрдайым мейірімін төгіп, қолдау білдіріп келеді. Екеуіміздің бір ұлымыз бар. Мен үшін жанұям – өмірдің ажары, бақыттың кәусәрі. 1997 жылы ағашқа бедерлеп ойып сурет салумен айналыса бастадым. Кейіннен осы өнер арқылы халықаралық дәрежедегі марапатқа ие болатынымды еш сезгенім жоқ. Шынымды айтсам, туындыларымды жұрттың талқысына шығарар алдында көп ойландым. Менің шығармашылығыма халықтың қандай баға беретіндігі жұмбақ болды. Фотосуретке түсіру үшін талай жерді кезуің керек, ал мен мүгедек арбасымен қалай саяхаттай аламын? Сондықтан ағашты қашап сурет салуға ден қойдым.

Жаңағы айтқан марапатқа тоқталсақ, 2009 жылы Мәскеуде өтетін байқау жайлы естіп, суреттерімді ұсынып көрген едім. Араға біраз уақыт салып, ұйымдастырушылар маған хабарласып, жүлделі болғанымды айтты. Осылайша Ресей елінің астанасына аттанып «Бітімгер» бүкіләлемдік Альянсында халықаралық үйлестіру кеңесінің шешімімен «Дарын және қабілет» күміс медалімен марапатталдым. 2010 жылы Аргентинадан менің электронды поштама: «Құрметті Қалибек Ішпекбайұлы, сіздің жұмысыңызды испан, ағылшын, француз тілдерінде жарық көретін кітапқа шығаруға рұқсат беруіңізді сұраймыз» делінген хат келді. Бұл ұсынысқа қуана келістім. Кейіннен суреттерім шетелдік журналдарда, әр түрлі сайттарда жарық көре бастады.

- Бір картинаға орта есеппен қанша уақыт жұмсайсыз?

- Бір туындыға орта есеппен 1 айға жуық уақыт кетеді. Кейде одан да көп уақыт жұмсау қажет. Суреттерді салуда қарағай ағашын қолданамын. Мықтылығымен ерекшеленетін бұл ағашты ойып кескіндеу оңай шаруа емес. Бұл үшін сабырлылық пен ептілік керек.

- Туындыларыңызға көбінесе қандай тақырыптарды арқау етесіз?

- Таңдайтын тақырыптарым сан алуан. Бірақ негізінен аңыз-ертегілер, әлемдік мәдениет мен тарих сәттері картиналарымда көрініс табады. Философиялық ой қозғайтын суреттерім де аз емес. Менің ғаламтордағы сайттарға жариялаған туындыларымды көрген жандар жылы лебіздерін білдіріп жатады.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Алла сәтін салса әлі біраз туындыларым дүниеге келер. Бірақ әзірге өзімнің жеке шеберханам болмай тұр. Шығармашылығымды шыңдай түсу үшін билік тарапынан қандай да бір қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Сұхбатыңызға көп рақмет!



Соңғы жаңалықтар