Арай Айдарханұлы, музыкалық кеңесші: Димаш Қытайдағы ең үлкен шоу бизнес нарығын бағындырды

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда тұратын өнерлі қандасымыз, әнші, композитор, бүгінде «Singer 2017» жобасына қатысып жатқан Димаш Құдайбергеннің басы-қасында болып, қолдау білдіріп жүрген музыкалық кеңесшісі Арай Айдарханұлымен болған сұхбатты «ҚазАқпарат» оқырмандарының назарына ұсынамыз.

- Миллиардтар елін бағындырған өнерлі қандастардың бірісіз. Қытай еліне қалай танымал болдыңыз?

- Мен 1990 жылы Шыңжаңның Алтай аймағында дүниеге келдім. Әкем - қазақ күресінен белгілі бапкер, анам - оқытушы, екі әпкем бір ағам бар. Ең алғаш рет Республикалық деңгейдегі үлкен байқауға 2009 жылы 19 жасымда бақ сынадым. CCTV арнасы ұйымдастырған «Жұлдызды жол»  бағдарламасына қатысып, «жылдың үздік әншісі» атандым. 2010 жылы «Үйсін» атты топ құрып, республикалық жас әншілер байқауында ұлттық әндер аталымы бойынша алдынғы орыннан көріндік. 2013 жылы Шынжаң өлкесінде осы жас әншілер байқауының аймақтық дейгейінде алтын сыйлығын алдым. 2013 жылы «Chinese Idol (中国梦之声)» байқауында үздік бестікке кірдім.  Осы байқау менің танымалдығымды арттырып, жұлдызды жолымды ашты. Өйткені бұл мен қатысқан ең алғашқы «реалити шоу» бағдарлама еді. «Реалити шоудың» бір ерекшелігі әншінің өмірін, көзқарасын халыққа жақындастыра түседі. 2014 жылы «Chian Is Listening (中国正在听)» ән байқауына қатысып, бесінші орын алдым. Бір айта кетерлігі, мен осы «Chian Is Listening» байқауында қазақтың атақты композиторы Бақытжан Қажымұқановтың жиырма жылдай бұрын жазған «Таңғы жас» әнін орындадым. Мақсатым қазақтың талантты сазгерлерінің шығармасы қанша уақыт өтсе де ескірмейтіндігін, жаңғыра түсетіндігін, бүгінгі әлемдік музыканы  бағындыра алатындығын дәлелдегім келді. 2015 жылы «Алғашқы қар» атты албомым жарық көрді.  Соңғы жылдары жасөспірімдерге  тәлімгер ретінде әр түрлі бағдарламаларға қатысып жүрмін.  Елдің қолдауына бөленіп жүрген шәкірттерім де жоқ емес. Солардың бірі Данияр Толқын есімді бала   республикалық байқауда Роза Рымбаеваның репертуарындағы «Атамекен» әнін орындап, елді тәнті етті. 2016 жылы Қытайдағы қандастар арасында фестиваль өткіздім.  Қазақстаннан қонақ ретінде Жанар Дұғалова, Алтынай Жорабаева, Талғат Жорабаев, актер Асылхан Төлепов  секілід өнер адамдары келіп қатысты .
null  

- Димаш Құдайбергенмен қашаннан бері таныссыз?

- Димашпен алғаш рет 2015 жылы «Хабар» телеарнасы ұйымдастырған «Жеті ән» бағдарламасында кездестім. Оның шығармашылығымен бұрыннан таныс едім. 2016 жылы «Ән мен әнші» концертінде екінші рет кездесіп, өзара жақын араласып кеттік.

- Хунан телеарнасы ұйымдастырып жатқан «Singer»жобасына қалай келдіңіз? Димашқа қандай көмек көрсетіп жатырсыз?

- Мен «Singer» жобасымен бұрыннан таныспын. Режиссерларымен де шығармашылық байланыстамын. Өткен жылы менің ұстазым Ку Кули осы байқаудың бас жүлдесін алған. Бір айта кетерлігі, оның финалда айтқан әнінің музыкалык өңдеуін мен жасап берген едім. Әнге қазақтың сыбызғы үнін қосып, өзгеше әуенде дайындағанмын. Ұстазым сол әнмен бас жүлде алды. Өзім әрдайым осындай үлкен сахналарда орайы келгенде қазақтың музыка аспаптарының ерекшелігін көрсетіп, насихаттап жүремін. Бұл жолы мені «Хунан» телеарнасы Димаштың музыкалык кеңесшісі бол деп арнайы шақырды. Мен баурыммен бірге жұмыс жасау ұсынысын қуана қабылдадым. Димаштың бұл байқауға келуі мені ерекше қуантты. Өйткені бұл - қазақ мәдениетін, өнерін әлемге танытудың орайы.  Жоғарыда айтып өткенімдей, өткен жылы ұстазым бас жүлде алды, биыл Димаш бауырыма сәттілік тілеп, бірге жұмыс жасап жатырмыз. Екеуміздің бұл жолы Қытайдағы  кездесуіміз де әсерлі болды. Телеарнаның шақыруымен Шаңша қаласына келген соң Димаш отырған бөлменің сыртынан өзінің сүйікті әні «Дайдидауды» шырқадым. Ол әнді естіп сыртқа жүгіріп шықты. Қалың қытайдың арасында «Дайдидауды» әуелетіп тұрған кім десе керек. Екеуміз солай құшақтастық, ол мені көріп қатты қуанды.

- Бұл жобада кейде сізді жүргізуші ретінде, кейде аудармашы ретінде байқап қаламыз. Нақты қандай қызметтер атқарасыз?

 - Мен Димаштың музыкалық кеңесшісі ретінде, қолымнан келген көмегімді жасап жатырмын. Жобада жүргізуші және реті келгенде аудармашы да болып  жұмыс жасап жүрмін. Димаштың музыкалық қабілеті өте жоғары, ән таңдауда орындау жағынан көп нәрсені өз талғамы бойынша жасайды. Дайындық барысында пікір алмасып тұрамыз. Қытай тілінің дыбысталуы жағынан, бұл елдегі музыкалық ерекшеліктер жағынан мүмкіндігінше кеңесімді беремін. Димаш өзінің өнері, мінезі, келбеті арқылы тыңдармандарды өзіне тәнті ете алды. Қытайдағы қандастарымыз және өзге де ұлт өкілдері оның өнерін ерекше қолдап, жанкүйер болып жатқаны қуантады.

- Димаштың Қытай еліндегі танымалдығы оның болашағына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

- Қытай елінің шоу бизнесі ерекше дамыған, жоғары деңгейдегі шоу бизнес нарығы бар. Димаш осы үлкен нарықты бағындырды. Осыдан кейін Қытайда өтетін ауқымды іс-шараларға жиі шақыру алып тұрады деп ойлаймын. Оған осы арқылы үлкен жол ашылды. Көптеген  мүмкіндіктер күтіп тұр, тек сәттілк тілеймін.

- Қазақстандық әншілердің негізгі табыс көзі той десек қателеспейміз. Қытайдағы әншілердің кірісі қайдан келеді?

- Қытайдағы танымал әншілердің табыс көзі той емес, олар сахна, концерт, бағдарлама шоуларға қатысу арқылы өз напақасын таба алады.
null  

- Жақында сіздің тағы бір үлкен додада бақ сынап жатқаныңызды естідік. Осы туралы айтып берсеңіз?

-  Бұл байқау халықтық фолк-музыка орындаушылары арасында өткізіледі. «Байырғы әуендер» деп аталатын дәстүрлі байқаудың бірі. Барлығы 50-ге жуық халық шығармасы бәсекеге түседі. Үздік үш ән әйгілі АҚШ-тың музыкалық сыйлығы Grammy-ге үміткер болады. Оны осындағы қытайлық көрермен дауыс беру арқылы анықтайды. Мен бұл байқауда «Самал тау», «Әже» және «Терме» сияқты туындыларын орындадым. Төртінші кезеңде «Бақсының жаңбыр шақыруы» деп аталатын туындыны алып шықтым. Бұл шығарманы қазақстандық белгілі этнотоп «Роксонакидің» сүйемелдеуімен рок-н-ролл стилінде көрермендерге ұсындым, жұрт жақсы қабылдады. Финалда маған «ұлт мәдениетін жалғастырушы» деген арнайы жүлде берілді. Әзірге нақты қайсы үш шығарма Grammy-ге  жолданатыны белгісіз. Қазақ әні әлемдік жүлдеге жолдама алса деген тілектемін.

- Сөз соңында қазақ еліне деген бір ауыз тілегіңіз?

- Барлықтарыңызды алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Қазақстан мен Қытайдың екіжақты достық қарым-қатынасы нығая берсін! Қазақ халқына береке-бірлік тілеймін.

Соңғы жаңалықтар