Аралдағы су тапшылығы проблемасы қалай шешіліп жатыр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Арал ауданындағы Аспай су ағытқысын іске қосу арқылы Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесіне су жеткізіле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Арал өңірінде жауын-шашынның аз түсті. Күн қабағы қалыптан тыс ыстық болды. Оған қоса Сырдарияда судың төмен деңгейі кері әсерін тигізді. Салдарынан осы жылдың жазында Арал ауданы қуаңшылыққа ұшырады. Соңғы 4 жылда Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесіне Сырдария өзенінен су келіп түскен жоқ.

Көл жүйесіндегі судың жетіспеушілігі жақын маңдағы жайылымдық және шабындық жерлердің жағдайына кері әсер етті.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Аспай су ағытқысын іске қосу арқылы Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйесіне су баруда. Су ағытқысын қалпына келтіруге Болат Өтемұратов қоры қаражат бөлді.
«Шұғыл түрде құрылған жұмыс тобы Қамыстыбас және Ақшатау көлдеріне судың келуін қамтамасыз ету үшін Аспай су ағытқысын қайта құру қажеттілігін анықтады. Тексеру жүргізілгеннен кейін ақаулар туралы хаттама жасалды. Оған Болат Өтемұратов қорының тарапынан уақтылы қаржылық қолдау көрсетілді. Нәтижесінде су ағытқысын жөндеу туралы шұғыл шаралар қабылданды. Ол өз нәтижесін берді. Көлдердегі су деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді. Су ағытқысына тірелген артық су дария арнасы арқылы Кіші Арал теңізіне құяды», - деді Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов.
Атқарылған жұмыс нәтижесінде көлдерге жалпы ауданы 27 мың гаектар жуық су келіп түсті. Бұл балық шаруашылығын қалпына келтіруге, 7150 гектар шабындық жерлерді суаруға және жемшөп дайындауға жол ашты. Оған қоса 12900 га жайылымдық жерлерге мал жаюға және 115 гектар егістікке мүмкіндік туды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың шілде айында Қызылорда облысының Арал ауданындағы қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Құрғақшылықтың салдарынан 600-ге жуық мал қырылды.



Соңғы жаңалықтар