Аралда танауқұрт ауруынан 30-дан астам түйе өлді

None
None
АРАЛ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында ауру салдарынан мамыр айында түйелердің өлімі тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәлім болғанындай, бүгінге дейін 30-дан астам түйе өлген. Бұл жағдайды мамандар «цефалапиноз» жұқпалы емес паразитарлық ауруына шалдығу жағдайымен түсіндіреді. Оны ел ішінде танауқұрт деп атайды. Ауданның қыр беткейіндегі Сексеуіл, Сазды, Октябрь, Қосаман, Жақсықылыш, Қарақұм, Жіңішкеқұм елді мекендеріндегі түйелер аталған ауру салдарынан қрылған.

«Биылғы жылдың мамыр айында Арал ауданының бірнеше елді мекенінде түйелердің өлуі тіркелген. Осы бағытта Арал аудандық ветеринарлық станцияның мамандары ауру ошағында эпизотиялық зерттеу шараларын жүргізді. Нәтижесінде оған «цефалапиноз» (танауқұрт) жұқпалы емес паразитарлық ауруы себеп болғаны анықталды. Жаз мезгілінде бөгелек, сона, маса, шыбындар ұшу кезінде түйелердің мұрын қуысына личинкасын тастайды. Күз, қыс айларында личинкалар мұрын қуысында дамып, ересек құрттарға айналады. Құрттар тыныс жолын жауып, тұншықтырады. Соның салдарынан түйелер азық шайнай алмай, аузын ашып дем алады. Күйісінен жаңылады, басын шұлғи береді. Осылай мал көмейін паразиттер бітегеннен кейін тұншығып (асфиксия), тұрған түйе бірден құлап өледі», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының мамандары.

Олардың айтуынша, бұл - паразиттік ауру болғандықтан ол ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауiптi аурулар» тізбесіне енгізілмеген.

«Сондықтан алдын алу және емдеу шаралары мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Қызылорда қаласы мен аудандардың барлық ветеринариялық дәріханаларында ауруға қарсы, емдік дәрі-дәрмектер (ветеринариялық препараттар) жеткілікті мөлшерде арзан бағада сатылып жатыр. Ауырған түйе малдарына емдік шаралар жүргізілуде», - деді ведомство өкілдері.

Сондай-ақ, Қызылорда облысында жол бойында көліктердің мал қағуы жиілеген.


Соңғы жаңалықтар