Аралда апаттық үйдегі 27 отбасы жаңа үйлерге көшті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында апатты үйлерде тұрып келген 27 отбасы жекеменшік үйлерге қоныстанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салайық, биыл 17 наурызда Арал қаласындағы Тайыр Жароков көшесінде орналасқан екі қабатты тұрғын үйде (19 пәтерлі) төтенше жағдай орын алған еді. Келесі күні Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ауданға арнайы барып, үй тұрғындармен кездесті. Облыс әкімі зардап шеккен баспананың орнына көппәтерлі емес, жекеменшік жаңа үйлер салынатынын айтты.  

Сондай-ақ, Арал қаласында Аралтұз көшесіндегі екі қабатты тұрғын үй де (8 пәтерлі) дәл осындай жағдайды бастан кешіп тұрған еді. Мұндағы отбасыларға да жаңа баспана салынды. Осылайша, Арал ауданындағы апатты үйлер мәселесі толық шешімін тапты.

Аймақ басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов 27 отбасыға жаңа үйлердің кілттерін табыстады.
null 

«Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі әрбір қазақстандық отбасыны жеке пәтермен немесе жекеменшік үймен қамтамасыз ету екендігін атап өткен болатын. Аймақ басшысының жедел әрекетінің нәтижесінде облыстық бюджеттен 310 млн теңге қаржы бөлініп, 27 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді», - деді Руслан Рүстемов.

Жаңа қонысқа ие болған тұрғындарды Арал ауданының құрметті азаматы Биғали Қаюпов та құттықтады. Жаңа үйдің кілтін алған Оразкүл Лашынова аймақ басшылығына мәселені қысқа уақытта шешіп бергені үшін алғыс айтты.  

Айта кетейік, 27 жекеменшік үй Кіші Арал көшесінде бой көтерді. Олардың маңында Ә.Нұрпейісовтің шығармашылық үйі, Мемлекеттік рәміздер аллеясы, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары орналасқан. Әр үйдің аумағы 60 шаршы метр және тұрмыстық қажеттіліктеріне арналған қосалқы учаскелері бар. Барлығына жарық пен су тартылған. Сондай-ақ мердігер компания өз қаржысы есебінен табиғи газ жүргізіп, көгілдір отынмен жылытатын пеш орнатты. 

null 

Соңғы жаңалықтар