Арал тұзының тозаңы Өзбекстанға тарады

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Тұзды тозаң Өзбекстанның батыс бөлігін басып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің меншікті тілшісі.

Қазіргі таңда тұз тозаңы әсіресе Өзбекстан Республикасына қарасты Қарақалпақстан мен Хорезм облысына тарауда. Күшті жел тұз тозаңын Арал теңізінің жалағауларынан алып келген.

Узгидромет мәліметтеріне қарағанда, Нүкіс қаласында 40 градус аптап ыстықтан кейін бірден күн салқындап сала берді. Ауа температурасы +20 - +22 °C-ге дейін төмендеді. Аздап жаңбыр да жауды. Сонымен қатар аймақта жел күшейіп, Қарақалпақстанның қалалары мен Хорезмге Арал жағалауларынан тұз бен тозаңды айдап алып келді. Желдің жылдамдығы секундына 22 метрді құрады.

Нүкіс қаласы тұрғындарының айтуынша, қаланы тұз тозаңы басып қалған. Қалыптасқан жағдайға байланысты қала тұрғындарына қазір тыныс алу қиындап барады. Кейбір тұрғындар тозаңнан қорғану үшін арнайы маска киіп жүр.

«Бүгін Нүкісте тұз тозаңы аралас жел тұрды. Күшті жел тұз бен оның тозаңы араласқан құмды көтеріп, оны ауылдар мен елді мекендерге таратуда. Құрғақ құм көзді ашытады. Құм үйге де кіріп жатыр. Оған ештеңе де кедергі болар емес. Бұл тек тұз ғана емес, тозаңның құрамында пестицидтер мен азот тыңайтқыштары да бар»,-деген өзінің пікірін білдірген Нүкіс тұрғыны Азамат Маткаримов желіге бірқатар суреттерін де салған.

Соңғы жаңалықтар