Арал теңізінің тартылуы табиғат заңдылығы ма

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Кейбір тарихи деректерге үңіліп көрсек, Арал теңізінің тоғыз мәрте тартылғаны жайында мәліметтер жазылған. Бұл жөнінде жергілікті ғалымдар, мамандар өз жорамалдарын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыр өңірінде экология саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызмет атқарған Қуанышқали Шапшаңовтың айтуынша, Арал теңізі жайында ескі құжаттарда көбірек дерек келтірілген. Орыстың белгілі ғалымы Владимир Бартольд теңіз аумағының көне замандарда бұдан ауқымды болғанын тілге тиек еткен. Ол жайында грек авторларында сан алуан деректер келтірілген. Ресей елінде 1627 жылы дайындалып шыққан жазбада Аралға Көктеңіз деген атау беріліп, ол жайында сипаттама айтылған. Ал ХVІІІ ғасырдың аяғында көрнекті орыс географы Семен Ремизов «Сібірдің сызба кітабы» деген еңбегін құрастырып, онда Арал теңізінің Әмудария мен Сырдария құйылыстарын өте жақсы көрсете білген. Одан кейінгі кезеңдерде де орыс ғалымдары бұл аймаққа едәуір қызығушылық танытқан.

«Арал теңізін тыңғылықты зерттеу 1873 жылдары кеңінен өріс алды. 1874 жылы орыстың зоологы және жиһанкезі Николай Северцов Арал-Каспий және Әмудария экспедициясынан біршама маңызды деректер жинақтады. Сол кезде Арал теңізінің құрғау процесі көрініс берген екен. Ол бұл аймақта бірнеше мәрте болған. Алғаш 1858 жылы қадам басса, араға жылдар салып теңіз аймағына келіп кеткен. Сондай сапарының бірі 1875 жылдары болған екен. Ол 17 жылдың ішінде алғашқы көрген түбектер мен аралдар құрлыққа, шығанақтар ұсақ көлдерге айналғанын байқайды. Осындай нақты деректерге сүйенген Н.Северцов Орта Азия мен Арал теңізінің құрғау теориясын ұсынады. 1900-1902 жылдарда осы аймаққа келген Лев Берг те Арал теңізінің құрғау заңдылығын толық зерттейді. Оның зерттеуінше, теңіз деңгейінің төмендеуі 1890 жылдары басталған, ол 60 жылға созылған. Ал 1880 жылдары теңіз деңгейі қайта көтеріле бастаған», - дейді Қуанышқали Шапшаңов.

Назар аударатын нәрсе, теңіз деңгейі төмендей бастағаннан 88 жылдан кейін Арал өз деңгейіне қайтадан жеткен. Л.Берг Қамыстыбас көлінің тұзданғаны соншалықты, ол ішуге де жарамай қалғанын жеткізеді. Соның салдарынан жергілікті халық оның маңайынан басқа жаққа қоныс аударған. Кейіннен Сырдария деңгейі қайта көтеріліп, аңқасы кепкен Қамыстыбас көлінің арнасын өзен суының өзі тазартып, ол қайтадан тола бастайды. 1890 жылы Қамыстыбас су түгелдей тұщыға айналады. Көл жағасына ел қайта қоныстана бастайды.

«Осындай деректерге маңыз берген Л.Берг Орта Азия мен Арал теңізінің құрғау теориясын жоққа шығарды. Ол өзінің зерттеу мақаласында Орта Азия даласының ауа райы өте құрғақ келетінін, жаңбырдың аз жауатынын айтқан. Өткен ғасырдың 1911-1960 жылдары Арал теңізінің деңгейі бір қалыпта болған. Мұның өзі табиғат құбылыстарын әлі де жіті зерттеуді қажет етіп отырғаны анық» дейді Қ.Шапшаңов.

Жалпы, Арал теңізі аумағында сырын ішіне бүккен талай құпия бар. Бірнеше жыл бұрын Қазақ ғылыми-зерттеу институтының ауа райын бақылау орталығы қызметкерлері теңізді ұшақпен суретке түсіру кезінде адам таңғаларлық жайларға тап болған.

Бұл жайында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы Оразхан Айдаров: «Тартылған теңіз табанында кем дегенде 500 шаршы метр алаңда бір бағытқа тартылған көптеген ірі сызбаларды байқаған. Олардың кейбірінің ені 2 метрден 50 метрге дейін жеткен. Бір ерекшелігі - сызбалар бір-бірінен аумайды. Әзірге ол құпияның түйіні шешілген жоқ», - дейді.

Тарихшылар академик Әлкей Марғұланның зерттеуінде Сыр бойында қырық көне қаланың орны болғанын айтады. Олардың ішінде оншақтысы Арал теңізінің астында орналасқан деген болжам шындыққа айналып отырғандай.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын археолог ғалымдар Арал теңізі табанынан қала орнын тапты. Оның аумағы алты гектарға жуық. Ондағы құрылыс нысандары XIII-XIV ғасырлардағы Алтын Орда кезінде салынған деуге негіз бар. Осы маңайдан табылған Кердері кесенесі де бүгінгі ұрпаққа құпиясын аша бермейді. Оның көлемі 50 шаршы метрді алып жатыр. Кесене қабырғалары дүниенің төрт бұрышына қараған. Ұзындығы 23 метрге жетеді. Ені 8 метрге жуықтайды. Онда сəулет өнерімен қаланған адамның сағанасы бар. Келесі бөлмесі зиярат жасайтын орын болғанға ұқсайды. Ал батыс бөлігінде намаз оқылатын бөлме орналасқан екен. Кесене маңайында адамдар жерленген. Амал қане, кесене жайында қолда көп дерек жоқ. Алайда Н.Веселовский, С.Аманжолов, М.Тынышбаев жəне С.Толстов еңбек- терінде кесененің орналасқан жері Хорезм елінің аумағы дейтін деректер кездеседі. Ғалымдардың айтуынша, Арал сол ғасырларда Кердері теңізі деген атауды иеленген» дейді Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев.

Жалпы, аталмыш деректер Арал теңізінің бұдан бұрын бірнеше мәрте тартылып, айдыны қайта суға толғанын растайтын секілді. Алдағы уақытта бұл бағытта тың зерттеулер жасалып, нақты шешім айтылады деген үміттеміз.

Фото: aerome.ru

Соңғы жаңалықтар