Арал теңізі: ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының делегациясы 2023 жылы өңірге келеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Арал теңізінің проблемасы тек 60 млн астам халқы бар Арал аймағындағы мемлекеттер үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін де сын-қатерге айналды. Бұл туралы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының комитеті кеңесіне онлайн қатысқан ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Экономикалық мәселелер, ғылым, технология және қоршаған орта жөніндегі комитеті кеңесінде ЕҚЫҰ өңіріндегі экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды.

Қазақстан өкілі, Парламенттік Ассамблея төрағасының орынбасары және Ассамблеяның Орнықты даму саласындағы мақсаттар жөніндегі арнаулы өкілі болып табылатын Асқар Шәкіров Арал теңізінің проблемасына еуропалық парламентшілердің назарын аударды. Бұл тек 60 миллионнан астам халқы бар Арал аймағындағы мемлекеттер үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін де сын-қатерге айналғанын айтты.

Арал теңізінің құрғауы БҰҰ тарапынан адам әрекетінен туындаған ең ауыр экологиялық апат ретінде танылғаны баршаға белгілі және оны шешу үшін бүкіл әлем қоғамдастығының күш-жігерін біріктіру қажет.

Осы мәселені шешу мақсатында ЕҚЫҰ-ның ықтимал үлесін талқылау үшін комитет депутаттарына, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның мүдделі парламентшілеріне ахуалмен егжей-тегжейлі танысуға Арал өңіріне бару ұсынылды.

Бұл бастаманы Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы жүзеге асып жатқан күрес аясында қарастырған жөн. Ағымдағы жылдың шілде айында Бирмингемде өткен ЕҚЫҰ ПА-ның жыл сайынғы сессиясында Қазақстан мен Өзбекстанның парламенттік делегациялары Арал теңізін құтқаруға байланысты жобаларды үйлестіруге қатысуға донор елдерді шақырған болатын.

Комитет бюросы осы мәселе бойынша 2023 жылдың бірінші жартысында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының делегациясын Арал өңіріне жіберу туралы ұсынысқа қолдау білдірді.




Фото: pinterest.com



Соңғы жаңалықтар