«Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры мәселесі шешімін тапты -Қызылорда облысы

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА.  31 тамыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовтың қатысуымен «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының мәселесі талқыланған жиын өтті.

Онда 25 жылдан бері жөндеу көрмеген су құбырын қайта жаңғыртуға Үкімет тарапынан тиісті сома бөлініп, жұмыс басталғандығы айтылды. Ұзындығы 734 шақырымды құрайтын бұл әлеуметтік-стратегиялық нысан Арал мен Қазалы аудандарының 160 мың халқын ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Алайда, құбырлардың ескіруінен су тасымалдау сапасы сын көтермейтін халге түскені белгілі. Биыл қыстың қатты болуына байланысты топырақ қабатының қату тереңдігі 2 метрден асып кетті. Осыған байланысты тозығы жеткен құбырлар температуралық өзгеріске ұшырап, магистральды құбыр бойында 60-қа жуық үлкенді-кішілі апаттар орын алды. Қалыптасқан жағдайға байланысты Қазалы ауданына ауызсу беру үшін Сырдария өзеніндегі су айдау стансасын қосуға тура келді. Топтық су құбыры «Арал» құрылысы салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы филиалының иелігінде. Соған қарамастан, екі ауданның халқын ауызсумен үзбей қамтамасыз ету үшін резервтен 147 млн. теңге бөлініп, апаттық учаскелер жөнделді.

«Бұл проблема маған жақсы таныс, Арал мен Қазалы аудандарына барғанымда халық талай айтқан. Сондықтан мұны Үкімет пен тиісті министрліктердің алдына мәселе етіп қойдым. Мекеменің материалдық-техникалық базасының әлсіздігі, жұмысшылардың айлап жалақы алмай жүргенін де көтердім», - деді облыс әкімі Б.Қуандықов басқосуда. Жергілікті биліктің табандылығының нәтижесінде қажетті 7,7 млрд. теңге қаржының 1,5 млрд.-ы республикалық бюджеттен бөлінді. Ал қалған бөлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінінің ішкі мүмкіндігі есебінен қаралды. «Арал-Сарыбұлақ» ҚСЖКБД филиалының төрағасы И.Оңғарбаев қайта жаңғырту жұмыстарының желтоқсан айына дейін аяқталатынын жеткізді. Бүгінде бұл бағытта 9 мердігер мекеме жұмысты бастап кетті.

Соңғы жаңалықтар