Арал маңында елсіз далада адасқан аңшы үш күннен соң табылды

None
None
АРАЛ. ҚазАқпарат - Қызылордада үш күн бұрын жоғалған 46 жастағы аңшы жігіт аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 27 қазан күні Арал ауданына қарасты Қаратерең елді мекенінде үш адамнан тұратын аңшылар тобы құс атуға шыққан. Біршама уақыттан кейін Ақтөбе облысында тұратын 46 жастағы азамат жоғалып кеткен. Достары оны өз бетінше іздеуге тырысқанымен, нәтиже шықпаған. Келесі күні де ер адамды табу мүмкін болмаған. Ал 29 қазанда іздеу жұмыстарына Қызылорда облысы Өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасағынан, жергілікті полициядан және аудан әкімдігінен мамандар жұмылдырылды. Дегенмен ол өз нәтижесін берген жоқ.

Бұл шара бүгін де жалғасты. Өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасағы «Көкарал» плотинасынан 30 шақырым әрі қарай іздеу шараларын аңшылар тобымен қолға алды.

«Нәтижесінде сағат 8.45-те жоғалған азаматтың табылғаны туралы хабар түсті. Оны аңшылар тауып алып, құтқарушыларға хабар берді. Ол аңшылар тұрағынан 8 шақырымға ұзап кеткен. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жолдан адасқан аңшыға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетті», - деп мәлім етті облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмысы қызметінен.


Соңғы жаңалықтар