Арал аудандық сотының судьясы бір күнде медиация тәртібімен 8 істі аяқтады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Арал аудандық соты медиация институтын дамыту үшін мақсатты түрде жұмыстар жүргізуде.

Атап айтқанда, Арал аудандық сотының судьясы Н. Бекетаев бір күнде медиация тәртібімен - 8 іс бойынша медиативтік келісімдерді бекітіп, аяқтаған.

Оның ішінде қарыз сомасын өндіру, мүйізді ірі қара малын қайтару туралы 5 азаматтық іс, бөтеннің мүлкін жымқыру сипатындағы 2 қылмыстық іс және отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы 1 әкімшілік іс бар.

Аталмыш істер бойынша кәсіпқой медиатор Б. Бердалиев «Медиация туралы» Заңның 27-бабының талабына сәйкес медиация рәсімін өткізіп, тараптардың келісімге келуіне қол жеткізіп, «дауды реттеу туралы келісім» жасап, сотқа ұсынған.

Мұның барлығы, тараптардың даулардың соттан тыс шешілуіне қызығушылықтарының артып, медиаторлардың бітімгершілік рәсімдерін жүргізу деңгейлерінің жоғарылағанын көрсетеді.

Сонымен қатар, қазіргі таңда аудандық сотта Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының бастамашылығымен енгізілген, даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді қолданысқа енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру бағытындағы жұмыстар жолға қойылды.

Соңғы жаңалықтар