Арал апаты аймақтық та, жаһандық та деңгейде шешуді талап ететін өзекті мәселе - сенатор

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Арал апаты аймақтық та, жаһандық та деңгейде шешуді талап ететін қазіргі замандағы өзекті мәселелердің бірі ретінде БҰҰ-да көтерілген. Бұл туралы Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров «Арал өңіріндегі қоршаған орта және халықтың денсаулығы» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан мен Өзбекстан Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық дағдарысты еңсеруде бірлескен күш-жігер жұмсап келеді. Екі елдің президенттері Арал өңіріндегі өзекті мәселелерді жедел шешуді, трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды жүйелі түрде айтып отыр. Өтіп жатқан форумды біз екі ел, оның ішінде парламенттік байланыстар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың заңды жалғасы ретінде қарастырамыз», - деді А. Шәкіров.

Конференцияға қатысқан Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы, депутат Ақмарал Әлназарова да Арал өңіріндегі климаттың әсерін және табиғи ортаның азып-тозуын азайту мақсатында Сырдария өзені мен Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселелерін шешуде жалпыға бірдей қабылданған халықаралық конвенциялар мен стандарттарға сәйкес түбегейлі қадамдар қажеттігін атап өтті.

«Экономиканың барлық салаларында климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын қабылдау қажет, әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясы мен ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу қажет. Таяу жылдарда құрғап қалған теңіз түбінің жалаңаш жерлеріне орман өсіру, мал шаруашылығын дамыту үшін суы өздігінен шығатын ұңғымалардың айналасында оазис жүйесі жасалуы қажет. БҰҰ қамқорлығы аясында терең зерттеулер жүргізіп, тиісті ұсынымдар әзірленуі керек», - деп атап өтті сенатор.

Конференцияға Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының орынбасары Содик Сафоев, ДДҰ Еуропалық бюросының басшысы Ханс Клюге, USAID жобасының жетекшісі Екатерина Стрикелева қатысып, сөз сөйледі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы « егер шұғыл түрде шаралар қабылданбаса, Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін» деп мәселе көтерді.


Соңғы жаңалықтар