Арал - апат емес, демалыс аймағы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаншама жылдардан бері жұрт Арал жері мен Арал теңізінің аты аталғанда, оларды негізінен экологиялық апат ұғымымен шендестіре қараушы еді. Былайғы көпшілік оларды тек теңіздің табанынан тонналап тұз ұшатын экологиялық апаттың кіндігі ретінде қарастырушы еді. Бірақ еліміз тәуелсіздік алған 25 жылдан бері бұл аймақтағы ахуал жылдан-жылға жақсара бастады, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Бір кездері осында арнайы келгенінде Елбасы: «Мен қашанда Арал халқымен біргемін» деген болатын. Сол айтқаны анық болып шықты. Бір замандағы елдің соңы, жердің соры сияқты болып көрінген Арал өңірі Кіші теңіз қалпына келгеннен бастап түзеліп, дамудың жаңаша жолына түсе бастады. Соның нақты айғағы, бір уақыттары қоршаған ортаның қоры сияқты болған мекен енді Қызылорда облысындағы туризмнің флагманына, демалудың айтулы аймағына айналып келеді. Бұған облыспен қоса, ауданның да бұрынғы және қазіргі басшыларының қосқан үлестері аз емес.

Ал туризм - бүгінгі әлемді билеп тұрған брендтің бірі. Ол жаһанның көптеген мемлекеттерінде пайданың негізгі көзіне айналып отыр. Бір ғана Түркия, Франция, Италия, Таиланд сынды елдерді алып қарасақ, оларда ішкі өнімнің бестен бірін, тіпті, кейбірінің 30 пайызын туризм саласы құрайды екен. Сондықтан да, осы сала экономиканы аяқтан тұрғызуға қабілетті екенін түсінген аталмыш елдер ішкі туризмді дамытуға барлық жағдайды жасап қойған.

Осы орайда Арал ауданының жағ­дайына келсек, ондағы ақ шағылды құмның ортасында оймақтай болып жайнаған күміс сулы Қамбаш көлінің орны ерекше. Халық ауыз әдебиетіндегі Қамбар батырдың атымен тікелей байланыста пайда болған бұл су қоймасы­ның экотуризмді дамытуға да қолайлы ай­мақ екені біраздан белгілі болған. Ауданның Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан бұл көлдің суы мөлдір әрі емдік қасиеті мол. Қамбаш көлінің тағы бір ерекшелігі, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойында орналасқан. Бұл өз кезегінде бизнесті дамытуға өте қолайлы жағдай туғызбақ. Сондықтан аймақтағы туризмнің дамуына аталмыш көлдің қосатын үлесі зор.

Бүгінде көлдің жағасынан «Қамысты­бас» демалыс аймағы бой көтеріп келеді. Осы жерде айта кетейік, Арал ауданында экотуризмді дамыту ісін қолға алуға Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қозғау салған еді. Осыған орай Қамыстыбас демалыс аймағын дамытуға қатысты аудан әкімінің арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді. Біз өз кезегімізде Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимовпен хабарласып, Қамбаш көліне қатысты туризмді дамытудың жай-жапсарын сұрап білген едік.

- «Қамыстыбас» демалыс аймағы жайлы айтар болсам, туристер үшін көл жағалауына салынатын құрылыстарға инвестиция тарту, демалыс аймағына қажетті инфрақұрылымды жеткізу жолдарын қарастыру, ұйымдастырылатын жұмыстарға қатысты тиісті құжаттарды әзірлеу, туристер санын арттыру үшін оны бұқаралық ақпарат құралдары ар­қылы насихаттау, демалыс аймағына келіп тынығушылардың қауіпсізді­гін және көл жағалауы мен демалыс ай­­мағының тазалығын қамтамасыз ету секілді ауқымды жұмыстарды қамтитын жоспар жасап, бекіттік. Қазіргі таңда осыған байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр, - дейді әкім. Сонымен қатар, ол: «Қамбаш көлі маңындағы 2 гектар жер кәсіпкерлерге 2 жыл мерзімге жалға берілді. Қазіргі таңда олар демалу­шылар үшін 80-ге жуық түрлі нысандар салып, экотуризмнің дамуына өз үлестерін қосып отыр. Осы жерде айта кетейін, кәсіпкерлер Қамбаш көлінің аумағын дамытуға 30,0 млн. теңгеден астам инвестиция салды. Мұнда қазір катер, үрлемелі қайық, катамаран, гидроцикл сынды жүзу құрылғылары тынығушыларға қызмет көрсетуде. Құрылыс жұмыстарына 350-ден астам жергілікті жұмысшылар тартылса, 150-ден астам адам маусымдық жұмыспен қамтылған», деді.

Өткен 2015 жылы осы демалыс ай­мағына 70 мыңнан астам демалушы келген екен. «Биыл бұл цифр 35-40 пайызға артуы тиіс», дейді мамандар. Демек, Қамбаш көліне қызығушылар мен суға шомылып, бір сергіп қалушылар жыл сайын молайып келеді.

- 2015 жылы «Арал-су-құрылысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қамыстыбас елді мекеніндегі демалыс орнында абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Ол үшін аудандық бюджеттен 23 387, 3 мың теңге бөлінді. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, автотұрақ алаңына қиыршық тастар төселді. Сонымен қатар, 14 дана түнгі жарықтандыру шамдары орнатылды. Аталған жұмыстарды биыл аяқтау көзделуде, - дейді Абзал Мұхимов.

Қазіргі таңда Қамбаш көлінің айналасы адам танымастай өзгере бастаған. Жеке кәсіпкерлер демалыс орындарын жандандырып, келушілерге барлық жағдай жасаған. Көл жағасынан 4 адамға лайықталған 10 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Айтпақшы, спорт алаңдары да назардан тыс қалмай, демалушылардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік қарастырылған.

 

Бүгінде аудан экономикасын да­мытудың басты көзі болып табылатын туризм саласы қарқынды дамып келеді. Жоспарға сәйкес мұндағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Аудан басшылығы 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО көрмесіне келетін қонақтарды осы Қамбаш көліне әкелуді ойластыруда.

- Арал экологиялық аймақ ретінде әлемнің назарын аудартты. Жер ша­рын­дағы халықтар Арал десе, теңізі тартылған, топырағы көшкен, тұзы ұшқан қасіретті мекен деп ойлайды. Қазіргі таңда теңіз кемеліне келе бастады. Шағаласы шарқ ұрған айдын мұндағы халықтың тіршілік көзіне айналып келеді. Бізде балық шаруашылығы дамып келеді. Сондықтан да айтарым, Арал - нағыз демалыс аймағы!, - дейді аудан әкімі.

Қарт Аралдың асау толқыны жағаны ұрып, шағаласы азан-қазан болып жататын бағзы бір шақ қайта орныға бастады. Енді, міне, Қызылорда облысының солтүстік-батысында орналасқан ауданда экотуризм саласы қарыштап даму үстінде. Қазірдің өзінде Қамбаш көліне келіп, суға шомылып, демалушылар қатары көршілес облыстардың ғана емес, сонымен қатар,

Ресей туристерімен толығуы бұл істің болашағы жарқын екендігін дәлелдейтіндей.

Талғат РАЙЫМБЕК,

ҚЫЗЫЛОРДА

 

Соңғы жаңалықтар