«Арабтардан ұят болды» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 28 қазан, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Қолдан жасалған телескоп» деген материал жарияланды. «Ел іші - өнер кеніші» деп қазақ бекер айтпаған. Қалың елдің арасында түрлі таланттарды, өнертапқыштарды кездестіруге болады. Сондай өнертапқыштардың бірі - Зайсан ауданы Қаратал ауылының тұрғыны Вениамин Шульгин. Ол жақында қолдан телескоп жасап шығарды. Вениаминнің телескопымен аспан денелерін, айды тамашалауға болады. Зайсандық өнертапқыш электрик мамандығы бойынша ауыл мектебінде еңбек етеді. Қолы бос уақытында ермек ретінде телескоп құрастыратын ол ауылдастарына төл туындыларын сатады екен. Осыған дейін жасаған төрт телескопын қараталдық тұрғындар бірден сатып алыпты. Бағасы арзан. Бір телескоп төрт тауыққа бағаланады.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда орыс тілінде жазылатын заңдардың кейбірінің қазақша аудармасында өріп жүрген қателер ұлтжанды азаматтар үшін жүректегі шаншуға, санадағы сергелдеңге айналғалы қашан. Ал халықаралық келісімшарттардың мемлекеттік тілдегі нұсқасында да қателердің жіберілуі - ел беделінің нығаюына үлес қоспайтын келеңсіздіктің ең бір сорақысы болып табылады. Осы орайда Қазақстанның қол қойылған екіжақты құжатқа қайта-қайта нота жолдап, түзете беруі арабтардың ашуын туғызыпты. Бұл жайында «Арабтардан ұят болды» деген мақалада толық жазылған.

Осы басылымда «Енді ешкім қыста қуып шықпайды» атты мақала басылды. Енді біраз уақыттан соң, Қазақстанда әлеуметтік осал топқа жататын жандарды баспанадан үскірік аяз бен ақтүтек боранда далаға қуып шығуға тыйым салынады. Дәл осындай талапты қарастыратын заң жобасын жақында Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жолдаған болатын. Ал, кеше Жоғарғы палатаның Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті өзінің кеңейтілген отырысында құжатты алқылай келе құптап, Сенат отырысында қабылдауға ұсынды.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Туши прекрасные порывы» атты материал басылды. Ақмола облыстық соты семіздіктен зардап шегетін өрт сөндіру қарауылы басшысының қызметік лауазымын қалпына келтірді. Алайда оның әріптестерінің пайымынша, осындай құтқарушыны апат орнына жіберуге болмайды. Биылғы сәуірде басшылық оны ведомстволық емханаға жіберген екен. Әскери-дәрігерлік комиссия өрт сөндірушіге бірінші дәрежелі семіздік және гипертония диагнозын қойған көрінеді. Осыдан кейін өрт сөндіру қызметіндегілер Нұрмағамбетовты осындай дерттермен өрт сөндіруге жіберу оның өзінің өміріне қауіпті деген шешім шығарып, брандмейстерді қарауыл басшысы қызметінен алып тастаған.

Соңғы жаңалықтар