Арабтар Қызылордадан түйелерді ұшақпен әкетуде

None
None
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданынан отызға жуық түйе Біріккен Араб Әмірлігіне экспортталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түйелер «Жеңіс» шаруа қожалығына тиесілі. Қожалық басшысы Есет Серімовтің айтуынша, Араб түбегінен келген кәсіпкерлердің көзі «Бір туған нар» деп аталатын түйе тұқымына түскен. Бұл түйе қазақтың айыр өркешті түйесі мен түркімендердің түйесімен будандастыру арқылы алынған.

«Арабтар «Бір туған нардың» 1-2 жасарын және асыл тұқымды айыр өркештінің де бірнешеуін алды. Біріккен Араб Әмірлігінің табиғаты қатал, жазы аптап ыстық, сусыз шөл дала. Сондықтан, жергілікті тұрғындар төзімді түйе түлігін өсіргенді қолайлы көреді. Біздің табиғат ол жаққа ұқсас екен. Сол үшін араб кәсіпкерлері Сыр өңірінің түйелеріне қызығып отыр», - дейді кәсіпкер Есет Серімов.

БАӘ кәсіпкерлері «Жеңіс» шаруа қожалығынан 20 бас және тағы бірқатар кәсіпкерден 9 бас түйе сатып алған. Олар алдағы уақытта Қазақстанға тағы да келіп, саудаласуды жоспарлап отыр.

Жалпы, БАӘ-ден келген қонақтар Қызылорда облысы бойынша 100 түйе сатып алған. Оларды еліне әкету үшін ұшақ жалдаған. 

Соңғы жаңалықтар