Араб инвесторлары ынтымақтастық туралы Қазақстан ұсыныстарын зерделеп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат –Араб инвесторлары ынтымақтастық туралы Қазақстан ұсыныстарын егжей-тегжейлі зерделеп болған соң, оларды іске асыруға көшпек. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Біріккен Араб Әмірліктері Орталық банкінің төрағасы Халед Мұхаммед Салем Балама бастаған БАӘ делегациясымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Қатысушылар инвестиция тарту, екі елдің іскер топтарының байланыстарын нығайту және банк саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Әлихан Смайылов өзінің БАӘ-ге таяудағы ресми сапарының қорытындысы бойынша екі ел арасында көптеген ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға қол қойылғанын, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі арттыру бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілгенін еске салды.

«Біз өзара іс-қимылға үлкен маңыз береміз және екіжақты қарым-қатынастар деңгейін арттыруға ниеттіміз», — деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде Халед Мұхаммед Салем Балама қазіргі уақытта араб инвесторлары ынтымақтастық туралы ұсыныстарды егжей-тегжейлі зерделеп жатқанын, содан кейін оларды іске асыруға көшетінін атап өтті.

«Бүгін инвестициялық ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктер ашылып жатыр. Қазақстан Үкіметіне осы бағытта көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс білдіргім келеді», — деді БАӘ Орталық банкінің басшысы.

Айта кетейік, БАӘ делегациясының құрамында бұған дейін Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске қосуға қызығушылық танытқан «Mubadala» және «ADQ» ірі компанияларының өкілдері де бар.



Фото: primeminister.kz









Соңғы жаңалықтар