Әр өңірдегі іскер азаматтар, ең алдымен, туған жерін көркейтуге атсалысуы керек - Тоқаев

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жұртшылығымен кездесуде отандық бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуына пікір білдірді. Оның айтуынша, мемлекет бұған жан-жақты қолдау көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егемен елімізді өркендету – бәріміздің ортақ мақсатымыз. Бұл жұмысқа түрлі сала мамандары, соның ішінде іскер азаматтар да атсалысып жүр. Бизнес өкілдері мемлекетті дамыту ісінде өте маңызды рөл атқарады. Мен кәсіпкерлермен кездескенде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы жиі айтамын. Мұның айрықша мән-маңызы бар. Отандық бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысқаны өте дұрыс. Мемлекет бұған жан-жақты қолдау көрсетеді. Біз«бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» күш жұмылдырсақ қана, елімізді дамыта аламыз. Атырау өңірінде ел өміріне белсене араласып жүрген меценат азаматтарымыз баршылық. Осы орайда, жергілікті кәсіпкерлерге және өңір тұрғындарына шынайы ризашылығымды білдіргім келеді», - деп атап өтті Президент.

Оның айтуынша, атыраулықтар елордамыздың 20 жылдығына тамаша тарту жасағанын бүкіл ел біледі.

Есілдің үстіне салынған бекіре балығы тәрізді көпір – Астананың көркін аша түскен бірегей нысанның бірі.

Сол сияқты Түркістандағы«Ұлы дала елі» орталығы – Атырау жұртының сыйы. Мұны мемлекет те, халқымыз да жоғары бағалайды.

Әрине, басқа аймақтар да ортақ іске өз үлесін қосып келеді.

«Осындай жанашырлық пен ынтымақтың арқасында елдігіміз нығаяды. Алайда, біз келешекте аймақтардан осындай сыйлықтарды талап етпейміз, әрбір облыс мейлі жаңа болса да, өз күшімен, Үкіметтің көмегімен, инвесторлардың қолдауымен өз жұмысын өздері атқаруы керек. Жалпы, әр өңірдегі іскер азаматтар, ең алдымен, өзінің туған жерін көркейтуге атсалысуы керек. Біз қоғамда өзара жауапкершілік идеологиясын, меценаттық қызметті дәріптей беруіміз қажет. Мұның бәрі өркениетті қоғам құру үшін өте маңызды. Әркім«Атырауға әкелер ме ем бір тауды» деп жырлаған Табылды Досымов сияқты туған жерін сүйе алса, туған елінің дамуына үлес қосса, Отанымыз өркендей түсері сөзсіз. Батыс аймақтарға келгенде Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты қаһарман қыздарымыз туралы айтпау мүмкін емес. Халқымыз қашанда батырларын бағалай білген. Осы аймақтағы әуежайларымыз қазақтың 3 батыр қызының есімімен аталуы – соның айқын көрінісі.«Ер есімі – ел есінде» деген сөз бар. Біз ұрпақтың санасы сергек болсын десек, ел үшін ерлік жасаған ұл-қыздарымыздың есімін есте сақтауымыз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Фото:t.me/bort_01

Соңғы жаңалықтар