Әр өңірде Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен байланысқа шығу мүмкіндігі болады - Эльвира Әзімова

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдауда айтылған бастамалар, әсіресе, заң үстемдігі мен қаңтар оқиғалары кезінде ұсталған азаматтарға бір реттік рақымшылық жасау туралы ақпарат құқық қорғаушы қоғамдастық өкілдерінің арасында ерекше талқыланды. Әрине бұл шешім ауыр қылмыс жасаған, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырған негізгі айыпталушыларға қатысты қолданылмайтыны түсінікті. Қаңтарда болған оқиғалар бәріміз үшін, оның ішінде зардап шеккендер үшін үлкен трагедия болып қала береді», - деді Эльвира Әзімова.

Оның пайымынша, бұл шешім - Президенттің өзінің конституциялық құқығын қолданумен қатар, оның халықтың бостандығына құрметі мен ізгілендіру актісі.

«Мен жақында Варшава қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше елдердің омбудсмендерінің кездесуінде болдым. Бұл тұрғыда аталған ізгілендіру актісін ЕҚЫҰ елдеріндегі құқық қорғаушылар да ерекше атап өтті. Сонымен қатар жақын арада Конституцияға түзетулер енгізілетіні белгілі. Парламент бұл өзгерістерді жүзеге асыру үшін заң жобаларының пакетін қарауға кірісіп кетті. Біз бұл заңдарды, оның ішінде Конституциялық сот туралы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы, прокуратура туралы заңдарды талқылауға белсенді қатысуымыз керек», - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Уәкілдің өңірлік өкілдіктерін ашу жұмыстары жүріп жатыр. Басты мақсат - ауылда тұратын азаматтарға өзінің құқын қорғау үшін Уәкілге хабарласуды барынша оңайлату. Олар жыл соңына дейін жұмысын бастайлы.

«Уәкіл институтының және оның аппаратының алдында билік пен халық арасындағы байланысты қамтамасыз етуде үлкен жауапкершілік жатыр. Бұл істе біздің сенімді серіктеріміз ретінде белсенді және айналасына бейжай қарамайтын азаматтар, кәсіби заң консультанттары, медиаторлар, адвокаттар, үкіметтік емес ұйымдар болмақ. Олардың қатарында мемлекеттік органдар да бар», - деді Э. Әзімова.

Омбудсменнің Конституциялық статусы Қазақстан Конституциясында бірінші рет бекітіліп отыр.

«Сондықтан да біз жақын арада азаматтардың өз құқықтарын қорғау туралы өтініштеріне нәтижелі ден қоя алатын тиімді институт құрып үлгеруге тиіспіз. Біз тек қана азаматтардың шағымдарын қарастырып қана қоймай, заңдарды, мемлекеттік органдардың жұмыс практикасының әдісін өзгерту арқылы адам құқықтарын қорғау шаралары бойынша ұсыныстар енгізу жүйесін қалыптастыруымыз тиіс», - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасына қатысты бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдағанын айтты.

«Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар