Әр оқушыға кемінде 37 389 теңге сомасында көмек көрсетіледі - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл халықтың әлеуметтік жағынан осал санатындағы 400 мыңнан астам оқушыға қаржылай қолдау жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік жағынан осал отбасылар «Жалпыға міндетті білім беру» қоры арқылы әр оқушыға кемінде 37 389 теңге сомасында көмек алуы тиіс. Жергілікті атқарушы органдар көрсетілген көмек көлемін ұлғайта алады, бірақ оны азайтуға құқығы жоқ», - делінген Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәліметінде .

Балалар жылында Оқу-ағарту министрлігі «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында оқушыларға көрсетілетін материалдық көмек ережелеріне өзгерістер енгізді.

Халықтың әлеуметтік осал санатындағы 400 мыңнан астам бала мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болатынын айта кетейік. Бұған дейін бөлінген сома 17 мыңнан 40 мың теңгеге дейін болса, биыл Оқу-ағарту министрлігінің өтініші бойынша өзгерістер енгізілді. Енді көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден төмен болмауы керек.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгерістер енгізілді. Енді бөлінген қаражат ата-аналарға балаларымен бірге мектеп формасын, аяқ киімін, кеңсе тауарларын және басқа да заттарды өз бетінше таңдай алуы үшін беріледі. Бұған дейін мұның барлығын әкімдіктер сатып алатын және тауардың көлеміне, сапасына қатысты сұрақтар болған еді.

«Жалпыға міндетті білім беру» қорының аясында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушылар және басқалары материалдық көмек алады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Жалпыға міндетті білім беру» қоры қаржысын мақсатсыз жұмсаған ата-ана жауапқа тартылады .


Соңғы жаңалықтар