Әр мұғалімнің цифрлық портфолиосы енгізіледі - Аймағамбетов

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталықтандырылған балабақшаларға бірыңғай кезек енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқу процесін цифрландыру аясында арнайы жобалар іске асырылады. Бүгінгі таңда балабақшаларға кезек цифрлы форматқа көшірілді. Дегенмен, әлі де үлкен мәселе бар, кезекке қою бойынша облыстарда 44 ақпараттық түрлі жүйе пайдаланылады, бірізділік жоқ, тәуекелдер бар. Осы мәселені шешу мақсатында орталықтандырылған балабақшаларға бірыңғай кезек енгізіледі. Бұл тұрғыда балабақшалардағы кезекке тұруды, берілген жолдамаларды бақылауға, орындарды бөлу кезінде тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік жасалады», - деді А. Аймағамбетов.

Оның айтуынша, әр педагогтің цифрлық портфолиосы енгізіледі. Осы орайда оның аттестациясы, жұмысқа қабылдау рәсімі, конкурстарға қатысуы, жетістіктері және барлық ақпараты сол жүйеге жүктеліп, электронды форматта болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, балабақшаларда балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Осы орайда ондағы бағдарлама да, оқыту әдістері да түбегейлі өзгереді.

Сонымен қатар, мектептерге арналған жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленіп жатыр.

Бүгін Үкімет отырысында білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы бекітілді.


Соңғы жаңалықтар