Әр медицина қызметкері еңбек жолын ауылдан бастауы тиіс – акушер-гинеколог

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Қарғалы қалалық ауруханасы босану бөлімінің меңгерушісі Дариға Оспағамбетованың ақ халат киіп, әйелдердің ана болуына көмектесіп жүргеніне биыл 30 жыл толды. Ол мереке мен құбылмалы ауа райына қарамастан үнемі жүкті аналардың жанынан табылып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Сіз таңдаған сала әйелге бақыт, қуаныш сыйлайды. Еңбек жолыңыз қалай басталды?

- Мен Ақтөбеге Алматы қаласынан келдім. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, яғни, 1991 жылы күйеуімнің өскен жері Ақтөбе облысы, Темір ауданына қоныстандық. Орталығы Шұбарқұдықтың ауруханасында жұмыс істедім. Мен тәуелсіздіктің құрылғаны, қалыптасуы, дағдарысты еңсеруі мен даму жолын көрген маманмын. Әрине, өзге қаладан келген мен алғашында екі есе қиналдым. Облыста курстастарым жоқ, ешкімді танымаймын. Ұялы телефон қолданбадық, интернет де болмады. Бар сенерім мен сүйенерім өз білімім, сосын көмекшім кітап. Шақыру түскен кезде жалпы диагнозын айтады. Жатырдан қан кету деп айтса, оқып-тоқығанымды есіме түсіремін, кітабымды ала шығамын. Көмек сұраған адамға жеткенше себебі мен емдеу жолын оқып, білемін. Қайта оқу, намысқа тырысу, өзіңе ғана сену де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сонымен бірге орталық біздің ауылға білікті мамандарды жіберіп, семинарлар ұйымдастырды. Сол сәтте танысып, байланысымызды үзбедік.

- Қаланың қызы еңбек жолын өзі танымайтын, білмеймін ауылдан бастағанына өкінбей ме?

- Бұл өмірлік тәжірибе берген, маман ретінде мықты іргетас қалуыма септігін тигізген жол болды. Әрине, қиналдым. Кейде бір ауылға жету үшін көлікті қолмен оталдырамыз. Әйелдің нақты қай жері ауыратынын, не болғанын білмей де барамыз. Менің ойымша, әр медицина қызметкері еңбек жолын ауылдан бастауы тиіс. Сонда ғана нағыз маман болады. Ал қалада мүмкіндік көп. Қиын сәтте мамандар кеңес береді. Ал ауылда өзің шешім қабылдап үйренесің. Мен өз мамандығыммен мақтанамын. Бір отбасына қуаныш сыйлау, ел болашағын аман-есен өмірге әкелу ғанибет.

- Қазір облыс орталығындағы аурухананың бөлім меңгерушісі болдыңыз. Әлі де оқып жүрсіз бе, әлде 30 жыл бойы жиғаныңыз кез келген қиындықты еңсеруге жеткілікті ме?

- 2012 жылы Қарғалы қалалық ауруханасы ашылып, мен осы мекемеге келдім. Қазір босану бөлімінің меңгерушісімін. Алматыдан келген соң білімімді Ақтөбеде жалғастырдым. Резидентураны тәмамдадым. Әлі де түрлі семинарға қатысып, біліктілігімізді арттырамыз. Талап сондай. Тоқтап қалуға, бір сәтке болса да аялдауға болмайды. Мәселен, 47 жастағы әйел алғаш рет балалы болды. Ол ота жасатпады, бірден табиғи жолды таңдады. Егіз балаға жүкті келіншек біреуін аман-есен босанып, екіншісі көлденең келіп қалды. Сол кезде отаны емес, классикалық акушерлік бұрылыс жасауға көмектестік. Ризашылығын жеткізді, зор қуанышпен отбасына оралды. ЭКО жасатып, өзі босанған әйелдер де бар. Сонымен бірге түрмеде отырған әйелдер күзетпен келіп, босанады. Әр әйелдің сәбиді өмірге әкелу жолы әрқилы. Әр жанға көмек беріп, бауырына баласын басып, құшарлана иіскеуіне көмектесу де бақыт. Негізі перзентхана табалдырығын жақсы көңіл-күймен аттау керек. Сол кезде бәрі жақсы болады. Тіксініп, ұрысып кіріп, дәрігер тағайындаған емді уақытылы қабылдаудан бас тартатындар кейде төбелесіп, шығып кетеді.

- Қанша баланың кіндік шешесі болдыңыз? Әлі де ота жасайсыз ба?

- Мен қанша баланың өмірге келуіне септігімді тигізгенімді білмеймін. Қазір туу көрсеткіші өсті. 2018 жылы 5 500, 2019 жылы 5 800, 2020 жылы 6 300 сәби өмірге келді. Перзентханада 2012 жылдан бері бірде бір ана өлімі тіркелмеді. Бұл біздің ұжымның кәсіби біліктілігін дәлелдейді. Біз жұмыс кезінде бір-бірімізге ренжіп, дұрыс жол сілтеу жолында қатты сөйлеуіміз мүмкін. Бірақ өмірде татумыз. Шын мәнінде шұғыл жағдай болса арада 5-10 минут өткенде бір бөлмеге жинала аламыз. Жүйелі жұмыс қиын сәтте бірге тығырықтан шығуға көмектеседі. «Менің жұмысым емес» деген түсінік мүлде жоқ. Тіпті тәжірибе жинап жүрген жастар да шақырған кезде лезде жетеді. Ота кезінде жүкті келіншекке қан құю керек болса, тоңазытқышта тұрған соң қанды денеміздің жылуымен қалыпты температураға түсіреміз. Мен әлі де ота жасаймын. Кейде толғағы келген жас келіншектер ота жасауды өтінеді. Бірақ төзім керек. Біз 15-20 минуттық ота жасауымызға болады, бірақ ол да тәуекел. Күтпеген жағдай болуы мүмкін ғой. Сол себепті мен табиғи жолмен босануға кеңес беремін. Бұл ел аузында жүрген жай ғана «ұмытшақ ауру».

- Отбасыңыз туралы айтып беріңізші...

- Үш балам бар.​ Екі немере сүйген әжемін. Немерем бірге толып, туған күнін атап өттік. ​ ​

- Ғұмырлы болсын!

- Әйелдерді 8-наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бұл көктемнің ең шуақты күні. Әйел баласымен бақытты, әдемі!

​ ҚазАқпарат анықтамасы:

Қарғалы қалалық ауруханасының босану бөлімінде барлығы 100-ден астам адам жұмыс істейді. Оның 25-і акушер-гинеколог. Барлығы 85 кереуеттің 56-ы ана мен балаға арналған. Қарғалы қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлшат​ Темірбаеваның айтуынша, аурухана жанындағы емхана да бір жасқа толмаған 1500 бала мен 1350 жүкті әйел​ бақылауда. ​ Бұған қала ғана емес, облыс орталығы маңындағы бірнеше ауыл мен бау-бақша ұжымы да кіреді.


Соңғы жаңалықтар