«Әр қазақ менің жалғызым» деген атпен шетелдегі қандастар арасында концерт бергім келеді - Ибрагим Ескендір

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына  25 жыл. Осы мерейлі мереке қарсаңында «Көк тудың желбірегені», «Аманат», «Қазақстаным», «Қазағым» сияқты рухты әндерімен халыққа танылған әнші, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ибрагим Ескендірмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

- Жақында «Көк тудың желбірегені» атты Республикалық патриоттық жоба аясында біраз өңірлерді аралап концерт беріп қайттыңыз. Осы жобаның мақсаты туралы айтып берсеңіз?

- «Жас Отан» ЖҚ мен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығымен бірлесе отырып,  ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына  жастар тарапынан үн қату, қолдау білдіру мақсатында  осы жобаны қолға алған болатын.

Оның үстіне бұл -  Елбасының жоғарыда аталған мақаласындағы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодыңды сақтай білу» деген сөзін негізге ала отырып, ҚР мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдық мерекесіне орай жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру, еліміздің түпкір-түпкірінде елеусіз жүрген жас таланттардың үлкен сахнада өнер көрсетуіне ықпал жасау, өскелең ұрпаққа мәдени және рухани тәрбие беру бағыттарында жүргізіліп жатқан бірегей шара деп айтар едім. Осы орайда «Балдәурен» РМҚК РОСО Бас директоры  Төлепбай Мұхитдин Бекболатұлына жәен «Жас Отан» ЖҚ - ның төрағасы Данияр Сүндетбаевқа алғыс білдіргім келеді.

2

-  Жоба аясында қандай шаралар атқарылды?

- Біздің алғашқы концертіміз 2 мамыр күні Қызылорда қаласынан бастау алды.  Әрі қарай Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе қалаларында  болып, жалпы жиыны 10 концерт бердік. Жобаға 20000 мыңнан астам жастар қатысты. Әр өңірге барғанда сол жердегі өнерлі жастар, әлеуметтік аз қамтылған оқушылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және мүмкіндігі шектеулі талантты оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, концертке қатысушы жастар Елбасымызға өз тілектерін жолдап, Қазақстан жастарын отаншылдыққа, білімділікке, еңбекқорлыққа бастайтын үндеулерін оқыды.

Жобаның екінші кезеңін қыркүйек айында Солтүстік, Орталық, Шығыс Қазақстан облыстарында жалғастырсақ деп отырмыз. Алла бұйыртса,  желтоқсан айында осы шараны Астана қаласында қорытынды концерт беріп аяқтаймыз.

8
- Бүгін мемлекеттік рәміздер күні. Осы мерекенің қадір-қасиетін қалай түсінесіз?

- Елбасымыздың «Отан мен елге деген махаббат - оның рәміздеріне деген құрметтен басталады», - деген қанатты сөзі бар. Сондықтан қазақ жастары рәміздеріміздің қадір-қасиетін сезінуі керек. Ата-бабамыз осы көк байрағымызды желбірету үшін қаншама қан төгіп, жан берді. Осыны бүгінгі жастар білуі тиіс. Рәміздеріміздің қадірін білсек - тәуелсіздіктің қадірін білетін боламыз. Рәміздер күні мен үшін үлкен мереке. Бұл күні менің жұмыс кестемде өте тығыз. Жан-жақтан шақырулар көп болып жатады.

7 

- Жақында жарық көрген «Оян қазақ» атты әніңіз әлеуметтік желіде кең таралып, тыңдармандардан жақсы баға алып жатыр. Осы әннің тарихына тоқтала кетсеңіз?

- Бұл көптен ойда жүрген туынды еді. Өзіңіз білесіз, биыл елім деп өткен ерлеріміз бастаған Алаш қозғалысының 100 жылдығы. Осы батыр бабаларымыздың  ізімен «Оян қазақ» деген ән жаздым. Сөзі  ақын Серік Сейтмандікі. Міржақып аталарымыздың жырларын, арман-тілектерін жалғастырсақ, бүгінгі ұрпаққа жеткізсек деген ниет. Барлығын жан-жақты қамтуға тырыстық. Бұйыртса, бұл әнге ел рухын оятатын бейнебаян түсіру ойымызда бар.

- Бұдан басқада жаңа әндер жазып, шығармашылық ізденісте боларсыз. Біздің оқырмандарға алдағы жоспарларыңыз туралы айтып берсеңіз?

- Әрине, шығармашылық адамы үздіксіз ізденісте болуы керек.  Қолға алып жатқан жаңа бастамалар көп. Сабыр Адайдың «Әр қазақ менің жалғызым» деген туындысына ән жазып, алғашқы нұсқасын дайындап қойдым.  Алдағы уақытта «Әр қазақ менің жалғызым» деген атпен шетелде тұратын қандастар арасында концерт беру ойымда жүр. «Әлемде бар қазақта бір отан бар» деген Ерлан Төлеубайдың сөзіне жазған әнді жазып жатырмын. Сондай-ақ «Атадан бала айырылып, Қанаты сынып қайырылып, Қасірет толып жүрекке, Тұрған бір кезде қайғырып, Толып жатқан қамқорлар, Елде жоқ едің, қайда едің? Құландай үркіп елдерің, Қалдырып мекен жерлерін, Жаяу, жалпы, жалаңаш, Қатын, бала, ерлерің Аштықтан кырғын тапқанда, Сыпыра жомарт, қайда едің?», деп төгілетін Міржақып Дулатовтың өзекті өртейтін өкінішке толы  «Қайда едің» деген өлеңін елге әнмен жеткізгім келеді.Оның да әуені дайын тұр. Сол секілді «Бірің қазақ -бірің дос» деген толғау дайындық үстінде.

Мен алдағы уақытта жыраулар поэзиясына, батырлар жырына терең  үңілгім келеді.  Өздеріңізге белгілі, Бекболат Тілеуханов сынды ұстаздарымнан үлгі ала отырып, тарихтың терең қатпарларындағы ұлы бабаларымыздың жырларын жаңаша әрлеп, ел назарына ұсынып, рухты қамшыласам деп ойлап жүрмін.

- Қазіргі қоғамда болып жатқан өзгерістерге пікіріңіз қандай? Сізді не қынжылтады?

- Мен елімнің патриоты, жәй қарапайым азаматы ретінде қоғамда болып жатқан әрбір оқиғаларға өз тарапымнан үн қатуға тырысамын. Ол менің азаматтық пікірім болып қалады. Өйткені қоғамда болып жатқан жағдайлар сіз бен біздің тағдырымызға, көзқарасымызға және жалпы өмір сүру салтымызға ықпал етеді. Өнер халықтық болғасын, ол сол ұлттың игілігіне жұмыс жасауы керек. Мен қоғамымызда болып жатқан жағдайларға өз әніммен жауап беруге тырысамын. Мәселен, Жаңаөзенде орын алған оқиға кезінде «Сабыр халқым» деген әнімізбен  елді  сабырға, бірлікке шақырғымыз келді. Бүгінде эстрадалық бағыт бизнеске айналып кетті, ол да дұрыс шығар. Бірақ өнер - идеология, тәрбиелеуші құрал, халықтың айнасы екендігін естен шығармауымыз шарт деп есептеймін.  Біз осыны дұрыс түсінуіміз керек. Елбасының Ұлттық код дегені - тарихымыз, ата дәстүріміз, тіл мен дінге қатысты бабаларымыздың ұстанымы мен қасиеті. Ұлттық бояуы  қанық әндер мен жырлар осы қасиетерімізге қан жүгіртеді. Байқасаңыз, бізге жеткен бабаларымыздың әндерінің бәрі елді ізгілікке, ізгілікке, сабырға, татулыққа шақырған.

5 

- Ибрагим, Сіз «Нұр Отан» партиясында жастар саясатымен айналысып жүрсіз.  Сіздің пікіріңізше, жастардың отаншылық сезімін қалай оятуға болады. Осы бағыттарда нақты қандай шаралар жасалуы керек деп ойлайсыз? Жалпы сізді не алаңдатады?

- Мемлекет тарапынан бізге көптеген мүмкіндіктер беріліп отыр. Осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануымыз керек.  Елбасы алға қойған ұлы бастамалар төңірегіне ұйысу керек. Және әрбір азамат осы идеологияларды халық арасында кеңінен насихаттауға, өскелең ұрпақ санасына жеткізуге өзінің үлесін қосуы керек. Мұны азаматтық борышы деп санауы тиіс. Тек ән, өнер арқылы ғана емес, жалпы басқа да толып жатқан жобалармен насихаттау.

Мені алаңдататын мәселе, жас отбасылардың жиі ажырасуы. Өткен жылы отбасын құрған  148 мың жанұяның  50 мыңға жуығының шаңырағы шайқалып,  ажырасып кетіпті. Бұл үлкен қасірет! Ұлттың қуаты мықты болу үшін әр отбасының қабырғасы берік болуы керек. Отбасылық институттар құрылып осы мәселені қолға алса деймін. Сондай әлеуметтік желіде жаға жыртысып жатқан қыздардың төбелесі. Оны көріп тұрып, қой дегеннің орнына қызықтап түсіріп, интернетке жариялайтын жігіттеріміздің намыссыздығы. Одан басқа да сол әлеуметтік желінің «құлы» болып, ар мен абыройдан айырылған кейбір өскелең ұрпақ, замандастарымның әрекеттері мен қынжылтады.

- Қазақ өнерін Димаш бауырымыз әлемге танытып, рухымызды бір көтеріп тастады. Әнші ретінде оның өнерін қалай бағалайсыз? 

- Кейбір өнер иелеріне Алла тағала талантты аямай береді, бірақ олар еңбектенбейді. Ал, кейбір өнер адамдары еңбекқор болса да, таланты жетіспей жататын тұстары болады. Димаштың бойында екеуі де  бар. ерекше кішпейіл, әрі еңбекқор. Ол өзінің таланты мен еңбекқорлығының нәтижесінде әлемді аузына қаратты.  Мен тек оған тілекшімін. Қазақтың жастары арасынан Димаштай өнерпаздар шыға берсін. Ол біздің ұлттық брендіміз.

  ҰСТАЗ ПІКІРІ

«Балдәурен» базасында құрылған қазақстандық жас патриоттар академиясының жетекшісі, Діләш Рысқұлбекқызы Битуова:

null

«Мен «Балдәурен»  орталығы атынан «Көк тудың желбірегені» атты республикалық жобаның басы-қасында болып, Ибрагиммен бірге өңірлерді аралап келдім. Бұл жолғы концерттік сапардан алған әсерім ерекше болды. Жастардың патриоттық әндерге, ұлттық әуенге сусап қалғандығын байқадым. Рухты әндермен бірге көк туымыз желбірегенде  балалардың отаншылық рухы одан әрі биіктей түскен сыңайлы. Олардың  жанарынан елге, ұлтқа деген сезімнің асқақтағанын, ұлттық реміздерімізге деген сүйспеншілікті сезінгенін байқадым. Тамырларында тулаған қанды сезіндім.

Біз ұлттық кодымызді сақтайық деп жатырмыз. Меніңше көп айта бергеннен көрі  осындай нақты шараларға көшу керек. Мұндай патриоттық жобалар арқылы біз ұлттық болмысымызды жаңғырта аламыз.  Әр жердегі кештердің өзіндік ерекшеліктері болды. Мысалы, Тараздағы кеште Бауыржан бабамыздың рухы көтерілгендей әсерде болдық. Қаншама талантты жастардың өнеріне куә болдық.  Бұл жастар еліміздің ертеңі сондықтан да біз оларға қолдау білдіруіміз керек.

Сондай-ақ жоба аясында өз өнерімен көрерменді тәнті еткен ата-ана қамқорлығынсыз қалған 20-ға жуық балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының жазғы лагеріне жолдама берілді. Мен жастарды осындай елдікке шақыратын шаралардың көп болуын тілеймін. Рәміздер күні құтты болсын! Көк байрағымыз мәңгілік еліміздің көгінде желбірей берсін!»

Соңғы жаңалықтар