Әр халық әйел затына әркез құрметпен және мейіріммен қарауы тиіс - БҚО әкімі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірдің әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтады.

«Бұл күн - қыстың мұз-қарын ерітер көк­темгі алғашқы шуақпен ілесе келіп, Табиғат-ана мен әйел затының әдемілігін паш етер мейрам.

Әр халық жарық дүниеге жаңа адам әкеліп, өмірдің ұлы көш-керуенін жалғастырар әйел затына әркез құрметпен және мейіріммен қарауы тиіс.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Әйел - әр шаңырақтың шамшырағы, әр отбасының нұр-шуағы, демек, мемлекеттің құт-берекесі» деп әйелдер қауымының адамзат қоғамындағы мән-маңызын өте жоғары бағалайды. Сол себепті біздің елде отбасылық құндылықтар мен әйелдер мүддесі үнемі жіті назарда.

Сіздер біздің өңірдің өркендеуіне де айтулы үлес қосып келесіздер. Сіздердің жан шуақтарыңыз, көркем мінез-мейірімдеріңіз бен көз тартар көріктеріңіз - жарық дүниенің, жарқын өмірдің мәні мен сәні.

Қазақы дүниетаным «Қыз бала - тілекші», «Қыз бала - қонақ», «Қыз баланың орны - төр» деп қыз баланы ерекше қадірлейді. Періште пейілді сәби қыз бала жылдар өте келе, қадірлі қарындасқа, жанашыр әпке мен көркіне ақы­лы сай бойжеткенге, сүйікті жар мен аяулы анаға һәм ақылман әжеге айналады. Әйел затының махаббаты мен зор сенімі біздерге жалын-жігер мен қажыр-қайрат сыйлап, ер-азаматтарды ел мүддесі үшін жасампаз істерге жетелейді.

Мен бүгін соғыс және еңбек ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін де шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің иықтарыңызға сұрапыл соғыс жылда­рының сұмдық салмағы түсті. Бірақ сіздер сол ауыр сынақтан сыр бермей өттіңіздер. Міне, енді сіздердің баға жетпес бай өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз біздің ең басты рухани құндылығымызға айналды. Сіздердің майдандағы жанқиярлық ерліктеріңіз бен тылдағы жанкешті еңбектеріңіз арқылы келген бүгінгі бақытты өмірдің әр күні сіздерді қуанышқа кенелтіп, жас ұрпақтың жақсылығы мен қамқорлығына бөлене беріңіздер.

Ардақты Аналар! Қадірлі құрбылар мен қарындастар!

Көктегі күннің нұ­рына бөленіп, көктемнің хабаршысы - жауқазынның жұпар иісі аңқыған төл мерекелеріңіз сіздерге баянды бақыт пен мол қуаныш сыйласын! Сіздерге және сіздердің жанұяларыңызға амандық-саулық, береке-бірлік пен ырыс-ынтымақ тілеймін!», делінген әкімнің құттықтауында.

Соңғы жаңалықтар