+7 (701) 759 90 19
USD 426.77 EUR 509.95
RUB 5.89 CNY 66.34
Jańalyqtar

Әр баланың өз отбасында өмір сүруі үшін соңына дейін күресеміз - Азамат Жаманчинов

2021 жылғы 15 мамыр 13:03
Бөлісіңіз:
Әр баланың өз отбасында өмір сүруі үшін соңына дейін күресеміз - Азамат Жаманчинов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бала ата-ана тарапынан тәлім-тәрбие ғана емес, мейірім-махаббат алып, бақытты болып өсуі керек. «Бала отбасында өмір сүруі тиіс» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Азамат Жаманчинов осындай пікірде. Ол ҚазАқпарат тілшісіне балалардың балалық шағы бақытты өтуі үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

«Бала отбасында өмір сүруі тиіс» қоғамдық қозғалысы 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Сол кезден бастап аталған ұйым бала асырап алған отбасында тәрбиеленуі үшін, кедейлік пен әлеуметтік жағдайдың төмен болуы ата-ана мен баланың екі жаққа кетуіне себепші болмауы үшін күресіп келеді.

Бұл ұйымның әр мүшесі отбасылық құндылықтарды нығайту үшін үлес қосып жүр.

Қоғамдық қозғалыс өз міндетін адал орындау мақсатында басынан бастап көп жұмыс істеді: «Балалар үйінен шыққан балалар мен жасөспірімдерге арналған тәлімгерлер» жобасын іске қосты, 2016 жылы патронаттық ата-аналар мектебі, содан кейін «Балалар үйіне негізделген отбасы мен балаларды қолдау орталығын» іске қосты.

2019 жылы Onege жобасы аясында мұндай орталықтар Қазақстанның тағы 9 аймағында ашылды, сол арқылы көптеген балалар қамқор азаматтар тарапынан қолдау тапты.

«Біз білім берумен айналысамыз: ата-аналарға, жас жұбайларға, балалармен және отбасылармен жұмыс істейтін мамандарға арналған кітаптар мен оқу-әдістемелік құралдарды дайындаймыз және шығарамыз, балалармен және отбасылармен жұмыс істейтін мамандарды дайындаймыз, ата-аналарға арналған lichnost.kz онлайн мектебін аштық. Сондай-ақ, «Балалар туралы» заңды әзірлейтін сараптамалық топқа қатысудамыз. Біз балалар үйінде және патронаттық отбасында тұратын жетім балалардың құқығын қорғаймыз. Біз сөз жүзінде ғана әрекет етпей, нақты шешімдер мен механизмдерді ұсынамыз», - дейді Азамат Жаманчинов.

Onege жобасы аясында бір жылдың ішінде мамандар 240 іс бойынша құжат пен жәрдемақы алуға көмектескен.

51 баланы интернатқа өткізуден аман алып қалған. 56 ересек адамға жұмыс табуға және 212 отбасына отбасылық жанжалдарды шешуге көмектескен.

Тағы 242 отбасына отбасылық дау-дамайды шешуге көмек көрсетілген.

Бүкіл Қазақстан бойынша кітаптар мен оқу құралдарының жалпы таралымы 300 мың данадан асты.

Өткен жылы ұйым жетім және аз қамтылған отбасылармен жұмыс жасайтын 2 мыңнан астам маман даярлады.

«Қоғамдық қозғалысты құру идеясы Шолпан Байболоваға тиесілі. Қоғамдық қозғалыс бір адам ғана емес, сарапшылар мен мамандардың, үкіметтік емес ұйымдардың тұтас тобы екенін түсіну қажет. 2013 жылы біз алғаш рет «Бала отбасында өмір сүруі тиіс» атты азаматтық форум өткіздік. Бұл жетімдер мәселесіне арналған алғашқы ауқымды іс-шара болды. Онда сарапшылар, ҮЕҰ және мемлекеттік орган өкілдері сөз сөйледі. Сол кездегі Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева отбасылық-бағдарлы саясат тұжырымдамасы туралы, яғни балалар үйінен бас тарту туралы, оның орнына бала асырап алушы отбасылар жұмыс істеуі керек деген пікір айтқан болатын. Қазіргі уақытта мен аталған қоғамдық қозғалыстың жетекшісімін. Бірінші мамандық бойынша экономика магистрі, ал екінші мамандық бойынша психологпын. Біз мемлекеттік жүйенің құрылымдық өзгерістеріне назар аудардық, сондықтан біздің жұмысымыз жетім балалар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қатысты отбасылық саясатты дамытуға ықпал етті деп санаймыз», - дейді ол.

Ұйым мүшелері отбасын қолдау орталықтары жұмысының үлгісін жасай бастаған. Олар жиналған материалдарды ҮЕҰ секторына және жергілікті атқарушы органдарға тапсырған.

«Бізге көмек сұрап келгендерге кеңес беріп, қажет болған жағдайда басқа әріптестерімізге жіберіп, балалар құқығына қатысты мәселе болса, оның шешілуіне үлес қосамыз», - дейді Азамат Жаманчинов.

Балалар құқығын қорғау мәселесінде балаға зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты жеке тармақты атап өтуге болады.

Қоғамдық қозғалыс жетекшісі мұндай жағдайдың алдын алу туралы ойын бөлісті.

«Ата-ана мен бала арасында сенімге негізделген қарым-қатынас болуы керек. Бала әкесі мен анасына өмірінде не болып жатқанын қорықпай айта алуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе, себебі балаға жақындары тарапынан зорлық, қысым көрсету жылдар бойы жалғасып келе жатуы мүмкін. Бала өзінің денесіне, әуретті жерлеріне ешкім қолын тигізуге құқысы жоқ екенін түсінуі керек. Ал ондай жағдай бола қалған жағдайда ең алдымен айта алатын адамы – әкесі мен анасы болуы тиіс», - дейді ол.

Азамат Жаманчинов балаға зорлық-зомбылық, күш көрсетілген жағдайда бес ересек адамға айта алуды үйрету керектігін айтты.

Яғни, ата-анасы мен мұғаліміне хабардар ете алмаған жағдайда айналасында сенім арта алатын басқа адамдардың көмегіне жүгіне алуы керек.

«Педофилияға қатысты күдікті жағдайды байқаған болсаңыз, бірден ата-ана немесе полицияға хабарлау керек. Мұндай кезде «Өзге отбасының шекарасынан аттап кетем-ау» деген ойдан арылу қажет. Ересектер тарапынан балаға көрсетілетін қорлықтың кез келген түріне жол берілмеуі керек, ал орын ала қалған жағдайда міндетті түрде жазаға тарту қажет. Осындай түсінік ең алдымен отбасында қалыптасуы керек. Ол үшін әке мен ана баласымен ашық түрде сөйлесе білуі керек», - дейді қоғамдық қордың жетекшісі.

Азамат Жаманчинов сұхбат барысында қоғамдық қозғалыс арқылы көмек алғандардың оқиғаларынан мысалдар келтірді.

«Өткен жылы жазда 25 жастағы жігіт 15 жастағы жасөспірімді қорлады. Қорланған қыз өзіне қол салмақ болған. Отбасы мен баланы қолдау орталығына келген оларға психолог, заңгер және адвокат тарапынан көмек көрсетілді. Қазір жабылып қалған қылмыстық іс қайта қозғалып, сот-медициналық сараптама қайта басталды. Анасы мен қызы ел қатарлы өмір сүру үшін күресті жалғастыруда. Тағы бір мысал: 6 және 8 жасар ұлы бар әйел өмірлік қиын жағдайға тап болған. Ақыры ішімдікке салынып, ата-аналық құқығынан айыру туралы сот шешімі шыққанша екі ұлы «Ковчег» балалар мекемесіне өткізілген. Балаларынан айырылып қалатынын түсінген әйел есін жиып, біздің орталықтың көмегіне жүгінді. Психолог көмегін алып, ішімдік ішуін қойып, екі баласын өз қолына қайтарып алды. Қазіргі уақытта ол тұрмысқа шығып, ел қатарлы өмір сүріп жатыр», - дейді ол.

Үш жыл ішінде Отбасы мен балаларды қолдау орталығы 308 отбасы мен 485 балаға құқықтық және психологиялық көмек көрсетті.

1664 кеңес берудің нәтижесінде балалар өз отбасында қалды.

«9 аймақты жұмыс істейтін біздің орталық бір жыл ішінде өмірдік қиын жағдайға тап болған отбасылардағы 227 отбасына 1543 кеңес беру және қолдау қызметін көрсетті. 9 аймақта мұқтаж отбасыларға 4-8 айға дейін білім, спорт және даму клубтарының ақысын төлеуге көмек көрсетілді, 150-ден астам отбасы алған әртүрлі қызметтің ақысы төленді. 9 облыста 6 075 қатысушыға келесі бағыттар бойынша тренингтер өткізілді: «Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс», «Жас отбасылармен жұмыс және отбасылық өмірге дайындық», «Мектептерде жыныстық тәрбие және репродуктивті денсаулық», «Ата-ана мен бала қарым-қатынасы арасындағы, балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингтің және суицидтің алдын алу». Қол жеткізген жетістіктерімізбен тоқтап қалмай, жастарға арналған онлайн мектеп пен мобильді қосымшаны іске қостық. Онда 70 видео-сабақ жарияладық, үйленгісі келетіндерге арналған чат-ботты тестіден өткізіп, жастарға, отбасыларға және кәсіпкерлерге 26 вебинар өткіздік. 320 мың дана Неке туралы нұсқаулық басып шығарылып, Қазақстанның барлық азаматтық хал актілерін жазу органдарына таратылды», - дейді қоғамдық қозғалыс жетекшісі.

Сонымен қатар, қоғамдық қозғалыс 27 арт-терапия шеберханасын, аймақтардағы диалогтық кездесулер мен мини-форумдар, 600 адамның қатысуымен республикалық отбасылық форум, 5 онлайн отбасылық сайыс өткізді.

Оған 9 облыстан 1400-ден астам отбасы қатысты. Саналы түрде отбасын құру және отбасылық қиындықтардың салдары туралы 18 видео және 8 шағын мультфильм түсірілді.

Отбасылық құндылықтарды насихаттау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша 188 000 дана оқу құралы басып шығарылып, еліміздің 9 аймағына таратылды.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Зарина Қаһарман

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT