Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 379.19 EUR 426.63
RUB 5.92 CNY 56.54
Jańalyqtar

Әр балаға - 21 мың теңге: Жәрдемақыны тағайындағанда қолдағы малы есепке алына ма

2019 жылғы 12 наурыз 16:36 4088
Бөлісіңіз:
Әр балаға - 21 мың теңге: Жәрдемақыны тағайындағанда қолдағы малы есепке алына ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова 21 мың теңгелік жәрдемақыны тағайындау кезінде жеке шаруашылықты есепке алуға қатысты пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Гүлшара Әбдіқалықова Тараз қаласындағы аз қамтылған отбасыларға барды Атыраулық жұмыссыз және көпбалалы аналарға тегін шеберлік курсы өткізіледі

Министр орынбасарының айтуынша, атаулы әлеуметтік төлемді тағайындау кезінде жеке шаруашылықты есепке алу мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне берілген. "Қазір шаруашылықтың бәрін көтереді. Негізі, заң бойынша атқарушы органдар жеке шаруашылықты кіріс ретінде санай ма, жоқ па, оны өздері шешеді. Ондай құқық атаулы әлеуметтік көмек туралы заңның 7-бабымен берілген. Бүгінде бір ғана облыс жеке шаруашылықты кіріс деп санамайды. Бірақ қай аймақ екенін айтпаймын. Жалпы, жеке шаруашылықтың кірісін бағалау нормативтері бар. Мысалы, сиыр ет берсе, осыншама табыс береді. Сүт қана берсе, осыншама деген сияқты. Сиырды асырау үшін қанша шөп кетеді, бұның бәрі нормативте көрсетілген", - деді С.Жақыпова журналистерге берген сұxбатында.

Оның сөзіне қарағанда, аталған мәселе әлі де қайта қаралып, тиісті шешімдер қабылданатын болады. Ал журналистердің "Жеке шаруашылықты кіріс ретінде есептеген дұрыс па?" деген сұрағына вице-министр нақты мысалмен жауап берді. "Мәселен, екі көршіні алайықшы, біреуі 20 сиыр ұстайды. Балалары сүтін ішіп, етін жейді. Ал оның жанында отырған көршінің сиырлары жоқ, балаларына сүт ішкізіп, ет жегізетін жағдайы жоқ. Бірақ жәрдемақыны екеуіне бірдей тағайындаймыз. Бірінші көрші де әрбір баласына 20 мың алады, екінші көрші де әрбір баласына сондай жәрдемақы алады. Осы әділетті ме?, - деп атап көрсетті С.Жақыпова.  

Светлана Қабыкенқызы көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны тағайындау кезінде бірқатар әлеуметтік төлемақылардың есепке алынбайтынын да еске салды. Бұл - Президенттің тапсырмасы. Оған сәйкес, әр балаға 21 мың теңгелік жәрдемақыны есептегенде "Күміс алқа", "Алтын алқа", мүгедектік үшін жәрдемақы мен стипендиялар ескерілмейді. 

Айта кетейік, "Нұр Отан" партиясының XVIII сьезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. «Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек. Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін. Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар жағдай жақсы азаматтар болып шыға келеді», - деген болатын Н.Назарбаев. 

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев балаларға берілетін 21 мың теңгеден бөлек ата-анасына да қосымша ақы төленетінін жеткізді. Бүгінде елімізде күнкөрістің минимумы 29 698 теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін атаулы көмекті бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 процентінен, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отбасылар алса, енді Президенттің тапсырмасы бойынша аталған көрсеткіш 70 процентке - 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, көпбалалы отбасының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 процентіне, яғни 20 789 теңгеге жетпесе, әрбір балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы беріледі. "Сосын егер жанұяның әрбір адамына шаққанда табыс күнкөріс деңгейінен (70 проценттен - авт.) төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, сол ата-анасына да қосымша төленеді. Одан кейінгі ең үлкен жеңілдік, бұрын табысты есептегенде "Алтын алқа" "Күміс алқа", көп балаға берілетін жәрдемақы, мүгедектердің жәрдемақысы мен стипендиясы саналатын. Енді, соның бәрін есепке алмайды", - дейді Б.Сапарбаев. 

Бұған дейін ҚазАқпарат тілшісі аталған жәрдемақыны тағайындаудың тәртібін сараптап шыққан болатын. 

 

 

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Арман Асқаров

Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
MURAǴAT