Әр балаға - 21 мың теңге: Көпбалалы отбасыға қандай мәселелерді ескеру керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сонымен, биыл шілденің 1-інен бастап табысы төмен көпбалалы отбасыларға әрбір бала үшін 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы беріледі. Бұл - Президенттің «Нұр Отан» партиясының съезінде Үкіметке жүктеген тапсырмасы.

Бүгінде құзіретті мемлекеттік органдар есеп-қисапты жасап шықты. Енді, әлеуметтік көмекке қатысты заңнамаға өзгеріс енгізу керек. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев шілдеге дейін үлгереміз деп отыр. Бұл ғана емес көпбалалы әрі табысы төмен отбасындағы әрбір балаға төленетін 21 мың теңгемен бірге ата-анасына қосымша төлемақы да беріледі екен. ҚазАқпарат тілшісі аталған жәрдемақыны тағайындаудың тәртібін сараптап шыққан болатын.

Қазақстанда заңнама бойынша төрт және одан көп баласы бар отбасы көпбалалы отбасы саналады. Бұл - әр балаға 21 мың теңгелік жәрдемақы алудың басты талабы. Бүгінде республика бойынша 340 мыңға жуық отбасыда төрт және одан көп бала бар. Дегенмен, олардың барлығы әлеуметтік төлемнің жаңа жүйесіне іліге алмайтын сыңайлы. Себебі бала санынан бөлек табыстың көлеміне қатысты тағы бір талап бар. Президент тек табысы төмен көпбалалы отбасыларға ғана көмектесуге тапсырма берді.

«Әлеуметтік саясат масылдыққа жол бермеуі тиіс. Біз көмекке зәру азаматтарға ғана көмектесуіміз керек. Әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейткен жөн деп санаймын. Енді, ондай отбасылардың табысы әртүрлі. Сол себепті мемлекет ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлуі керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының жақында өткен съезінде.

Мемлекет басшысы атаулы көмекті алуға мүмкіндік беретін межені де көтеруді тапсырды. Соның арқасында жаңа жүйемен көпбалалы отбасыларды көптеп қамтуға болады. Дегенмен, нақты есеп-қисапқа тоқталайық, бұған дейін отбасының табысы бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 процентінен аспаса, атаулы әлеуметтік көмек беріліп келді. Оған қоса, көпбалалы отбасының табысын есептегенде басқа да жәрдемақылар ескерілді. Енді, Президенттің тапсырмасы бойынша 50 проценттік меже 70-ке дейін көтерілетін болады. Бұл дегеніміз, отбасының табысы бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 70 процентінен аспаса, әрбір балаға 21 мың теңгеден төленеді. Бүгінде елімізде күнкөріс минимумы 29 698 теңгені құрайды. Ал оның 70 проценті туп-тура 20 789 теңгеге шығады.

Экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, жәрдемақының жаңа түрін есептеу үшін алдымен отбасының бір айлық жалақысын шығару қажет. Сосын оны отбасының барлық мүшелеріне бөлу керек. Егер бір адамға шыққанда аталған сома күнкөріс деңгейінің 70 процентінен аспаса, 21 000 теңгелік жәрдемақыға ілігуге болады.

«Мәселен, әкесі 50 мың теңге тапсын, шешесі тағы 30 мың теңге табады. Сонда олардың бір айлық табысы 80 мың теңге болады. Отбасыда әке-шешесі және алты бала бар дейік, сонда бір айлық табысты 8 адамға бөлу керек. Демек, әрқайсысына 10 мыңнан түседі. Қазірдің өзінде ол отбасының табысы бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 процентінен де төмен болып тұр. Оны тағы 70 процентке көтереміз деп отыр. Ол 20 мыңның үстінде. Бұл дегеніміз, қазірдің өзінде ол отбасы жаңағы 21 мың теңгенің жәрдемақысына оп-оңай ілігіп тұр», - дейді Сапарбай Жұбаев.

Бұдан бөлек, тағы бір маңызды мәселені ескерген жөн. Президент көпбалалы отбасының табысын есептегенде басқа әлеуметтік төлемдерді санамауға тапсырма берді. Демек, көпбалалы отбасының қазіргі мемлекеттік жәрдемақысы (4,16 АЕК - 10 504 теңге), «Күміс алқа» мен «Алтын алқа»-ның төлемақысы (6,4 АЕК - 16 160 теңге), мүгедек балалардың жәрдемақысы мен стипендиялар ескерілмейді.

Үкіметтің кешегі отырысынан кейін ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев 21 мың теңгенің жәрдемақысына қатысты тағы бір жаңалықтың шетін шығарды.

Министрдің сөзіне қарағанда, 21 мың теңгеге ілігетін ата-аналарға да қосымша төлемақы беріледі.

«Егер отбасының әр мүшесіне шаққанда табыс күнкөріс деңгейінен (70 проценттен - авт.) төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, сол ата-анасына қосымша төленеді», - деді жаңа министр Бердібек Сапарбаев журналистерге берген сұxбатында.

Бұл дегеніміз, экономист Сапарбай Жұбаевтың мысалындағы алты баланың әрбіреуіне таза 21 мыңнан төленеді, ал олардың ата-аналарына күнкөріс деңгейінің 70 процентіне жетпей қалған айырмашылық беріледі деген сөз. Мәселен, жоғарыда 80 000 теңге көлеміндегі отбасының айлық табысын 8 адамға шаққанда 10 000-нан шығып тұр дедік қой, соның ішінде екі адам - ата-анасына келетін 10 000 теңге мен күнкөріс деңгейінің 70 проценті, яғни 20 789 теңгенің айырмашылығы 10 789 теңгені (екі адамға 21 578 теңге - авт.) құрайды. Дәл осы айырмашылықты ата-аналарға төлейді.

Бұдан бөлек, министр ата-аналар артық құжат жинаудан құтылады дейді. Себебі әлеуметтік қамтамасыз ету органдары ақпараттық жүйелерді жан-жақты пайдаланады. Ал жетпей қалған құжатты бір-біріне жібере береді.

«Қазіргі кезде ата-аналар мемлекеттік органдарда көп жүреміз, уақыт көп кетеді, көп құжат толтырамыз деп, жиі сұрақ қояды. Енді, ондай болмайды. Бізде «электронды xалық» деген ақпараттық жүйе бар. Соған барлық қажетті мәліметтерді енгіземіз. Егер қандай да бір мәліметтер жеткіліксіз болса, онда қала мен аудандарда орналасқан жұмыспен қамту орталықтары, сол жердегі әкімшіліктер өздері қажетті мәліметтерді сұрайды. Ол үшін адамды шақырмайды. Енді, біз барлық заңдар мен қаулыларға өзгеріс енгізуіміз керек. Сөйтіп, бәрін Парламентке өткіземіз. 1 шілдеден бастап жәрдемақы төлене бастайды», - деді Бердібек Сапарбаев Үкімет отырысынан кейін.

Сөз соңында айтарымыз, Мемлекет басшысы жәрдемақының жаңа түрін тағайындауды тапсырғанда еңбекке жарамды азаматтардың жұмыспен қамту шараларына қатысу қажеттігін ерекше атап өткен болатын.

«Әлеуметтік келісімшарт және еңбекке жарамды азаматтардың жұмыспен қамту шаралары міндетті түрде қатысуы әлеуметтік көмектің басты қағидаты болып қала береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол дегеніміз, көпбалалы отбасыда еңбекке жарамды адамдар болса, міндетті түрде жұмыс істеуі керек, я болмаса, әлеуметтік келісімшартқа отырып, қайта даярлау курстарынан өтуі шарт. Әрине, барлығы жалақының көлеміне байланысты болады. Себебі 21 мың теңгенің жәрдемақысы табысқа қарай төленеді...

Соңғы жаңалықтар