Әр азамат референдумда дауысқа салынатын мәселелерді оқып шығуы керек - журналист

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықты референдумға шақыра бергенше, онда дауысқа салынатын мәселелермен танысуға шақыру маңызды. «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің директоры, Журналистер одағының облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Александр Вервекин Қазақстанның Азаматтық альянсы өткізген телекөпірде осындай пайым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«27 жыл бұрын референдум өтіп жатқанда мен мектепке барып жүр едім. Мемлекет басшысы бастамашы болып отырған өзгерістерге дайындық қызу жүріп жатыр деп айтуға болады. Бұл реформаны тарихи оқиға деп атайтынымыз, әр қарай сондағы нормалар бойынша өмір сүреміз. Өзгертілген Конституцияның өміршеңдігі, ондағы талаптар мен ережелердің орындалуы бізге байланысты. Бұл референдумға қатыссақ та, қатыспасақ та ертеңгі өміріміздің сапасына дауыс береміз. Өйткені Конституция еліміздегі ең жоғары тұрған заң болып есептеледі», - деген қоғамдық ұйым басшысы қазір елімізде заңның орындалу деңгейі мардымсыз екенін атап өтті.

«Өкінішке қарай, Ата заңымыз да, өзге заңдар да елімізде толық орындалмайды. Жалпы бүгінге дейін қабылданған заңдардың көбі жақсы жазылғанымен, айқын әрі нақты тәпсірленгенімен, жұмыс істеу жағы ақсап жатыр.

Сонда референдумда дауыс беруге қатысамыз ба, қалай дауыс береміз деген мәселеден бөлек, ол Конституцияның қабылдануын қалай қадағалаймыз деген мәселе өзектірек. Конституцияда өзгеріссіз қалатын және өзгерлітетін постулаттарды қалай іске асырамыз деген мәселе бар», - деді Александр Вервекин.

Оның сөзіне қарағанда, павлодарлықтардың референдумға деген қызығушылығы жоғары және оны сайлаулардың алдындағы қызвғушылық деңгейімен салыстыруға келмейді. Өйткені халықтың сайлауға деген қызығушылығы мұндай болып көрмеген екен.

«БАҚ арқылы, әлеуметтік желі арқылы көпшілік арасында талқыланып жатқан мәселелер бар. Асханадан бастап автобустың ішінде де бұл мәселелер талқыланып жатыр. Мысалы, Мемлекет басшысы мен оның отбасы мүшелеріне қатысты өзгертулер елдің назарында. Жер қойнауындағы байлықтың тағдыры да елді алаңдатып отыр. Оны халыққа ортақ игілік деп белгіленгенмен, сол халықтың атынан мемлекет меншік иесі ретінде шешім қабылдай алады деген жоба ұсынылып жүр. Бұл біздің қоғам үшін өте маңызды мәселе. Оны жер реформасы кезінде бәріміз көрдік.

Қазір әрбір қазақстандық Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістің әрқайсысын жете зерттемесе де, жобаны толық оқып шығуы керек. Халыққа осыны айтуымыз қажет. Референдумға барыңыздар деп үгіттегеннен осы пайдалырақ», - деді қоғам белсендісі.

Ресми мәлімет бойынша, биыл жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған 52 келісімшарт күшін жойған.


Соңғы жаңалықтар