Әр адам өз баласы үшін жауапты, мемлекетке ысыра салуға болмайды - 12 баланың анасы

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Мемлекеттің өскелең ұрпаққа деген қолдауы мен қамқорлығы зор. Президент Жолдауы туралы ой бөліскен «Ана үйі» ресурстық орталығының үйлестірушісі, «Демеу сенім» қоғамдық қорының жетекшісі, көпбалалы ана Құралай Жұмабекова айқындалған міндеттерден көп мәселеге оң әсер ететін тұстарды байқағанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызы есебінен балаларға 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақтау шоттарын ашу ұсынысын мен тек көпбалалы ана ретінде ғана емес, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіп келе жатқан маман ретінде де жоғары бағаладым. Бұл – мемлекеттің өскелең ұрпаққа деген зор қолдауы мен қамқорлығы», - дейді ол.

Сонымен бірге, ол сәби күтімі бойынша төлемдер мерзімін ұзарту мәселесі – ана мен баланы қолдау бағытындағы ілгерілеу нышаны деп қабылдайды.

«Мемлекет басшысы бала бір жасқа толғанша төленетін жәрдемақыны 1,5 жылға дейін ұзартуды тапсырды. Бұл әрине, декреттегі ана үшін өте жағымды жаңалық. Дегенмен, осы жерде бір айта кетерлігі, біздің елімізде баланы екі жасқа дейін қабылдайтын балабақшалар жоқтың қасы. Сондықтан, баласы 1,5 жасқа толған аналардың бірден жұмысқа шығып кетуі екіталай. Біріншіден, баласы кішкентай ананы ешкім жұмысқа алғысы келмейді. Екіншіден, жас бала аурушаң келеді, сәбиі жиі науқастана берген ана дұрыс жұмыс істеп жарытпайды. Алдағы уақытта осы мәселе де ескерілсе екен, яғни тым болмағанда 2 жасқа толғанша жәрдемақы төленсе артық болмайды деп есептеймін. Әрине, мемлекеттің мүмкіндігі барлығына бірдей жете бермейтінін білеміз. Дегенмен, «Жаңа Қазақстанда» бұл мәселелер оң шешіледі деп сеніммен айта аламын. Ең бастысы, алғашқы маңызды қадам жасалды. Мұны Президент Жолдауында айтылған міндеттерден аңғаруға болады», - деп қосты көпбалалы ана.

Құралай Жұмабекова – «Күміс алқа» иегері, ол алты баланы дүниеге әкеліп, тағы алты баланы бауырына басқан. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Бүгінгі күні ол жетекшілік етіп отырған «Ана үйі» ресурстық орталығы мен «Демеу сенім» қоғамдық қоры тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге құқықтық және психологиялық қолдау көрсетеді. Оның сөзінше, әйелдердің әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын шешуде әлі де бірқатар мәселе бар.

«Түрлі жағдаймен түскен жас аналар тұрмыстық жағдайларын жақсартып алғанша, алты айға дейін «Ана үйі» ресурстық орталығында болады. Олардың мұнда келуіне сан түрлі себеп бар. Мәселен, ерте жүктілік мәселесі, бұл ретте қыз балаға ғана кінә артқан дұрыс емес. Нәрестесін құшақтап жалғыз қалатын жас аналар қолдауға зәру. Бала тағдырымен ойнауға болмайды. Әр адам өз баласы үшін жауапты. Сол себепті, бұл мәселені мемлекетке ысыра салмау керек. Жақында бір отбасы орталыққа келіп, немерелерімен қауышты.

Бізге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен әйелдер де көмек сұрап келеді. Осы жылдар ішінде орталықта тұрып, мамандық алып, жұмысқа орналасқан аналар көптеп саналады. Оларға қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Орталықта тұру тегін. Азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта бес жас ана тұрып жатыр. Барлығы жұмыс істейді. Орталықта тұрған жарты жыл ішінде қаражат жинап, тұрмыстарын түзеуге мүмкіндік бар. Ең қиыны – баспана. Қалада пәтер жалдап тұру өте қымбат. Жас аналардың көбінің мамандығы жоқ. Еден жуушы, санитар жалақысымен пәтер жалдап, күн көру мүмкін емес. Осы мәселе бойынша жергілікті әкімдікке әлеуметтік жағдайы төмен жандарға арнап жатақхана салу жөнінде ұсыныс білдірдік. Жолдауда айтылғандай, ендігі арада мемлекеттік органдар жұмысын жақсартып, нәтижесін арттыруы тиіс. Сонда осы айтылған мәселелер біртіндеп шешілетін болады», - деп түйіндеді көпбалалы ана.

Айта кетсек, бұдан бұрын жұмыс істемейтін ата-аналар үшін де бала күтімінің әлеуметтік төлемі 1,5 жылға ұзартылатынын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар