AQQÝ коллекциялық монетасы айналымға шығады
2021 жылғы 29 қараша 16:05

AQQÝ коллекциялық монетасы айналымға шығады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық банкі AQQÝ коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты ақпарат қаржы ұйымының ресми сайтында қосымша хабарланады.

Номиналы 5 000 және 500 теңгелік күмістен және номиналы 200 және 100 теңгелік мельхиордан жасалған AQQÝ монеталары «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясын жалғастырады.

Бұл серия монеталарының дизайны «сақтардың аң стилі» деп әсірелеп берілген жануардың натуралистік және трафареттік кескінінің үйлесуіне негізделген.

Көне түркілер ұғымында аққу ең ежелгі тотемдердің бірі, әулие ана және ұрпақ жалғастырушы пір – Ұмай болып саналған.

Номиналы 5 000 теңгелік және 500 теңгелік AQQÝ монеталарының сипаттамасы

Монеталар алтын жалату технологиясымен және гауһар тасын қондыру арқылы дайындалды. Монеталардың бет жағы мен сыртқы келбетіндегі бейнелері бірдей. Бет жағында (аверсінде) ұлттық ою-өрнектің қоршауында соғылған жылы, номиналы, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі мен монета дайындалған металл, оның сынамасы мен массасы туралы жазба бар. Айналдыра – QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деп жазылған.

Монеталардың екінші бетінде (реверсінде) диаметрі 2 мм гауһар орнатылған аққулардың натуралистік және трафареттік бейнесінен композиция, монетаның жоғары бөлігінде «AQQÝ» жазуы көрініс тапқан.

Монетаны айналдыра декоративтік ресімдеу элементтері бар үлкен жиек жүргізілген.

Номиналы 200 және 100 теңгелік AQQÝ монеталарының сипаттамасы

Монета аверсінің орталық бөлігінде ұлттық ою-өрнектің қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы, Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі және монета дайындалған металл, оның сынамасы мен массасы туралы жазба бейнеленген.

Айналдыра – QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY және REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деп жазылған. Жоғары жағында соғылған жылын білдіретін «2021» деген жазу, төменгі бөлігінде номиналын білдіретін «500 TEŃGE» деген жазу орналасқан.

Монеталардың реверсінде аққулардың натуралистік және трафареттік бейнесінен композиция, монетаның жоғары бөлігінде AQQÝ жазуы басылған.

Айналдыра декоративтік ресімдеу элементтері бар үлкен жиек жүргізілген.

Барлық монета нақты құны бойынша Қазақстанның бүкіл аумағында төлемдердің кез келген түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банкіндегі шоттарда аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.

Күмістен жасалған монеталар кәдесый орамында мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ нөмірлік сапа сертификатымен шығарылады.

Коллекциялық монета Қазақстан теңге сарайында дайындалған.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT