Апта соңына дейін дәрі-дәрмекке қатысты дүрбелеңді тоқтатамыз - Адалдық алаңы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел өңірлерінде құрылған жұмыс топтары дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әрқайсысымызда дәріханадан дәрі-дәрмек таба алмау, қымбаттатып сату, таныс арқылы сатып алу жағдайына тап болған туыс, танысымыз бар. Кейбір азамат дәрі-дәрмектерді алдын ала сатып алып, қымбаттатып сатуда. Бүгіннен бастап осындай фактілерді анықтап, мониторинг жүргіземіз. Жұмыс тобында Денсаулық сақтау басқармалары, Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің департаменттері болады» - деді «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсенің жетекшісі Төлеген Байғұлов тікелей эфир барысында.

Оның айтуынша, жұмыс тобы дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізеді.

«Дәріні қымбатқа қай дәріханадан, қандай бағаға алғаны туралы фото және видео түріндегі ақпаратты WhatsApp арқылы бізге жіберуге болады. Әр өңірде «Адалдық алаңы« бар. Келген ақпарат қай өңірге қатысты болса, сол өңірдегі жемқорлыққа қарсы қызметке жіберіп, тексеру жұмыстарын жүргізіп, себебін анықтаймыз. Осы апта соңына дейін бәрін қалыпқа келтіреміз, сәйкесінше дүрбелең де сонымен тоқтайды. Жұмысты бүгін бастаймыз», - дейді ол.

Атап өтілгендей, дәрі-дәрмекке байланысты заң бұзушылықты хабарлаған адамның әрекеті заңды болып саналады. Ал анықталған фактілермен құқық қорғау органдары, бәсекелестікті қорғау департаменті айналысады. Жұмыс тобы болса, осындай жағдай екінші рет қайталанбас үшін әрекет етіп, заң бұзушылықты тіркейді.

«Оқиға орнынан жіберілген видеоны қызметтік мақсатта пайдаланамыз, оны еш жерде жарияламаймыз. Қай жерде қандай дәрі жеткіліксіз, неге ол уақытылы бармай жатқаны, оның бағасы туралы «СК-Фармациядан« біліп отырамыз. Жұмысты бүгін бастадық, полиция қызметкерлері аурухана, дәріханалардағы бірталай заң бұзушылықты анықтады», - дейді ол.

Еске салайық, ҚР Президенті дәрі-дәрмек бағасын негізсіз қымбаттату фактілерін анықтауды тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар