Апта ішіндегі тағайындаулар – жаңа облыстардағы жаңа әкімдер, екіге бөлінген білім және ғылым министрлігі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұл апта қайта құрылымдалған 6 облыстың әкімдерінің тағайындалуымен есте қалды. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі екі бірдей министрлікке бөлінді. ҚазАқпарат апта ішінде болған осы және өзге тағайындауларға шолу ұсынады.

Мемлекет басшысының өкімімен Қайрат Ырзақұлұлы Нұртай Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі лауазымына тағайындалды.

Нұртай Қайрат Ырзақұлұлы 1982 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген. 2004 жылы Қ.И.Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-механик, 2006 жылы Д.А.Қонаев атындағы университетін заңтану мамандықтарын тәмәмдап, 2019 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын бітіріп Мемлекеттік және муниципалдық басқару магистрі ғылыми дәрежесін алған. Еңбек жолын 2004 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мемлекеттік қызметті кадрлық қамтамасыз ету департаментінің жетекші маманы ретінде бастаған. 2005-2006 жылдары ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мұнай өнеркәсібі департаментінің жетекші маманы болған. 2006-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің аға, бас сарапшысы, консультанты, сектор меңгерушісі (А корпусы); 2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2015-2018 жылдары Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. 2018-2019 жылдары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болды. 2021 жылғы шілде айынан бастап Қызылорда облысы Қармақшы ауданының әкімі қызметін атқарды. Ал 2022 жылы 2 наурызда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бүгінгі күнге дейін сол қызметті атқарып келді.

Сондай-ақ, Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды .

Бекбол Орынбасаров әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «Саяси экономия және қоғамтану оқытушысы» мамандығы бойынша, Ш.Есенов атындағы Ақтау университетін экономист мамандығы бойынша бітірген. Сонымен қатар Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің құқық магистрі. Б. Орынбасаров еңбек жолын 1993 жылы Форт-Шевченкода Маңғыстау облыстық кеден басқармасының «Баутино» кеден бекетінің инспекторы лауазымынан бастаған. 1996 жылдан 1998 жылға дейін банк және қаржы секторында еңбек етті. 1999 жылы Ақтау қалалық әкімшілігінің мүлікпен басқару бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді. 2005 жылға дейін Ақтау әкімдігінде түрлі лауазымдарды атқарды. Кейін Ақтау әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 2006 жылы экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі ішкі әкімшілік департаментінің бухгалтерлік есеп және кадр жұмысы, ақпараттық технологиялар және ұйымдастыру техникалық қамтамасыз ету басқармасының бастығы болды, онда 2019 жылға дейін еңбек етті. 2019 жылдан бастап 2021 жылдың наурызына дейін «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ басқарма төрағасы болып жұмыс істеді. 2021 жылдың наурыз айынан бастап, бүгінгі күнге дейін - Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары лауазымында болды.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Дәурен Айдарұлы Сихаев облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы болып тағайындалды .

Дәурен Айдарұлы Сихаев 1991 жылы туған. Жоғары білімді. Еуразия гуманитарлық институтын, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін шет тілдері, ақпараттық жүйелер және юриспруденция мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын «Астана қаласының ХХІ ғасыр көшбасшысы» жастар қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары болып бастаған. Кейін «Вектор» өндірістік компаниясы« ЖШС техник-программисі, «Қазақстан ғарыш сапары« ҰК» АҚ-ның автоматтандыру және диспетчерлендіру жөніндегі технигі, елордадағы «Азаматтарға арналған үкімет» МК« КЕАҚ кеңсесінің цифрландыру жөніндегі бас менеджері, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық ақпараттық технологиялар« АҚ Жүйеаралық өзара байланыс басқармасының басшысы болды. 2021 жылдың қаңтарынан бүгінгі күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Электронды денсаулық сақтау республикалық орталығы« ШЖҚ РМК бас директорының кеңесшісі қызметін атқарды.

Апта ішінде ҚР Бас прокуратурасында да маңызды ауыс-түйіс болды. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының өкімімен Жандос Жәнібекұлы Өмірәлиев Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары лауазымына тағайындалды .

Жандос Жәнібекұлы Өмірәлиев, 1978 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы аудан прокурорының көмекшісінен бастап, осы салада үздіксіз 18 жылдан астам қызмет атқарып келеді. Ақтөбе облысы прокуратурасы және Батыс аймақтық көлік прокуратурасында басшы лауазымдарды атқарған. 2010-2011 жылдары Заңдылық, құқықтық тәртіп және қылмыспен күрес жөніндегі Қазақстан Республикасы Үйлестіру Кеңесінің хатшысы - Бас Прокурордың аса маңызды тапсырмалар жөніндегі көмекшісі болған. 2011-2017 жылдары арасында Алматы қаласы прокурорының орынбасары қызметін атқарған. 2017-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Кадрлық даму департаментінің бастығы және Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметі бастығының орынбасары лауазымдарын атқарған.

Мемлекет басшысының тағы бір өкімімен Дәулет Рысқұлбекұлы Оспанов «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды.

Дәулет Рысқұлбекұлы Оспанов 1970 жылы 24 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1992 жылы Рязань жоғары эскери командалық байланыс училищесін, 2000 жылдары ҚР ҚК Әскери академиясын тәмамдаған. 1988-1992 жылдары Рязан ЖӘКБУ тыңдаушысы болды. Генерал-майор. (05.05.2011). 1992-1998 жылдары Жеке гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы байланыс ротасы байланыс взводының командирі, десанттық-шабуыл батальоны взвод командирі - байланыс бастығы, штабтық рота командирі, батальон командирінің орынбасары - штаб бастығы, батальон командирі, жеке десанттық-шабуыл батальонының командирі. 1998-2008 жылдары ҚР ҚК Әскери академиясының тыңдаушысы, Жеке гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы тыл бойынша бастығынын (тыл ұйымдастыру-жоспарлау жұмысы бойынша) орынбасары, бригада командирінің тыл бойынша орынбасары - жеке гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы тыл бастығы, Жеке десанттық-шабуыл бригадасы командирінің орынбасары - штаб бастығы, бригада командирі. 2008-2010 жылдары ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары, қолбасшының әскери дайындық жөніндегі орынбасары - қолбасшы басқармасының жауынгерлік дайындық Басқармасының бастығы. 2010 жылдың сәуірінен ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары - Аэроұтқыр әскерлері штабының бастығы. 2013 жылғы ақпаннан бастап ҚР Қарушы Күштерінің Құрлық әскерлері Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы. 2015 жылғы 15 қазанда ол Мемлекет басшысының Өкімімен Дәулет Рысқұлбекұлы Оспанов «Батыс» өңірлік қол­бас­шылығы әскерлерінің қолбас­шысы қызметіне тағайындалды. 2017 жылы 11 желтоқсанда Дәулет Рысқұлбекұлы Оспанов басқа жұмысқа ауысуына байланысты «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы қызметінен босатылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының өкімімен Әли Сапарғалиұлы Алтынбаев Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Әли Алтынбаев 1979 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Тұран университетін, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Бухгалтерлік есеп және аудит, құқықтану, мемлекеттік және муниципалды басқару магистрі. 2001-2009 жылдары Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Салық комитетінде түрлі қызметтер атқарған. 2009-2010 жылдары - Алматы облысы бойынша Салық департаментінің Салық аудиті басқармасы заңды тұлғалар аудиті бөлімінің басшысы. 2010 жылы - Алматы қаласы Түрксіб ауданы бойынша Салық басқармасының жеке кәсіпкерлердің ақпаратын қабылдау және өңдеу орталығының бөлім басшысы. 2010-2014 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық департаментінде түрлі лауазымдарды атқарған. 2014-2015 жылдары Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде басшылық қызметтер атқарған. 2015-2017 жылдары - Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы. 2017-2019 жылдары - Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы. 2019-2020 жылдары - ҚР ҚМ МКК Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары. 2020-2021 жылдары - ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы. 2021 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Қаржы мониторингі агенттігі Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы қызметін атқарды.

Ал Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы болып Берік Бекмырзаұлы Солтанбаев тағайындалды .

Берік Солтанбаев 1990 жылы 28 сәуірде Алматы облысында туған. 2012 жылы Қазақстанның «Парасат» көпсалалы институтын, 2015 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін, 2017 жылы Нархоз университетін бітірді. Еңбек жолын 2013 жылы «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалында кеңесші лауазымынан бастады. 2014-2017 жылдары «Қоғамдық келісім» КММ, Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінде маман болды. 2017-2018 жылдары Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарды. 2018 жылғы қазаннан бастап, Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды, кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялар тарту және өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысы мәселесіне жетекшілік етті.

Апта ортасында Маңғыстау облысы әкімінің тағы бір жаңа орынбасары тағайындалды.

Ұлықбек Тналиев – экономика және бизнес магистрі. Еңбек жолын 2006 жылы азаматтық қоғам және жастар саясаты саласында бастаған. Атырау облысы Махамбет ауданы әкімінің орынбасары, Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде департамент директоры болып жұмыс істеді. Нұрлан Ноғаев бұған дейін осы қызметті атқарған Гүлмира Қалмұратоваға атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, Ұлықбек Тналиевке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Енді қайта құрылымдалған облыстардың әкімдеріне келсек:

Белгілі саясаттанушы, Алаш және саяси қуғын-сүргін тарихын зерттеуші ғалым, қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды.

Ол 1971 жылғы 18 қыркүйекте Қарағанды облысы Жезқазған кентінде дүниеге келген. 1988 жылы Тараз қаласындағы №45 гимназияны бітірген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Саясаттану ғылымдарының кандидаты. 1994-1995 жылдары – ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ғылыми қызметкері, 1995-1997 жылдар – ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, директордың орынбасары. 1997-1999 жылдарда ҚР Баспа және бұқаралық ақпарат ісі жөніндегі ұлттық агенттігінде, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде қызмет атқарды. 1999-2001 жылдары ҚР Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді. 2001-2002 жылдары – Қарағанды облысы Теміртау қаласы әкімінің орынбасары. 2002-2005 жылдары «Ақ жол» ҚДП Ұлттық зерттеулер институтының директоры, «Саяси ағарту қоры» ҚҚ президенті болып жасады. 2005-2006 жылдары – «Атамекен» кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің жалпыұлттық одағында кеңесші, «Атамекен» ұлттық даму орталығы» ЖШС директоры. 2007-2008 жылдары – ҚР Президент Әкімшілігінде бас инспектор, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2008-2010 жылдары – «Мемлекеттік тілді дамыту қоры» ҚҚ директоры. 2010 жылғы қаңтар мен 2012 жылғы қаңтар аралығында – Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі, Жезқазған қаласының әкімі. 2012 жылы – 1-ші Вице-Премьердің кеңесшісі. 2012 жылғы мамыр мен 2013 жылғы наурыз аралығында – Қостанай облысы Арқалық қаласының әкімі. 2013 жылы – Қарағанды облысы әкімінің орынбасары. 2016-2017 жылдары – ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының кеңесшісі, бас ғылыми қызметкер, ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи мұражайының бас ғылыми қызметкері, ҚР Қорғаныс министрлігі. 2017 жылғы мамыр мен 2019 жылғы мамыр аралығында – ҚР Ұлттық мұражайының «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, 2019 жылғы мамыр мен қазан аралығында – ҚР Мәдениет және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі, ҚР Ұлттық мұрағатының «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі. 2019 жылғы қазан мен 2021 жылғы қаңтар – Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі болды. 2021 жылдан Парламент Мәжілісінің депутаты. 2017 жылы «Өңірлік және муниципиалдық менеджмент» мамандығы бойынша MBA дәрежесін РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында (Мәскеу қ.) қорғады. 10 кітаптың және қазақстандық және шетелдік ғылыми басылымдардағы 100-ден астам ғылыми жарияланымдардың авторы.

Ал Алматы облысының әкімі болып Марат Сұлтанғазиев тағайындалды.

Марат Сұлтанғазиев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша — экономист-қаржыгер, заңгер, іскерлік әкімшілендіру магистрі. Еңбек жолын 1997 жылы Салық бөлімінің заңды тұлғаларды тексеру бөлімінің бірінші санатты маманы болып бастаған. 1998-2001 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық комитетінің салық инспекторы, аға салық инспекторы, жетекші салық инспекторы, бас маман – бас салық инспекторының м. а. болып жұмыс істеген. 2001-2010 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық комитетінде жұмысын жалғастырған, Алматы қаласы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары болып жұмыс істеген. 2010-2012 жылдары ҚР Қаржы министрлігінде басшылық қызметтерді атқарған. 2012-2014 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушісі. 2014-2017 жылдары — ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы. 2017 жылғы маусымнан 2018 жылғы қазанға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік–экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 2018 жылғы қазаннан бастап қазірге дейін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. 2021 жылғы 12 мамырда Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі лауазымына тағайындалды. 2022 жылғы 15 қаңтардан бері ҚР Қаржы министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

Бұрынғы Семей облысының аумағында қайта құрылған Абай облысының әкімі болып Нұрлан Ұранхаев тағайындалды.

Нұрлан Уранхаев 1965 жылы 4 мамырда Семей қаласында дүниеге келген. 1987 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-механик, 2001 жылы Қазақ қаржы-экономикалық институтын экономист-менеджер, 2006 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1987 жылы слесарь-монтажшы болып бастады. Бұдан кейінгі жылдарда ол Семей қаласының «Казпромтехмонтаж» тресінде мастер, прораб болып істеді. Әр жылдары Семей қаласындағы «Сары-Арқа» АӨК басшысы, «Казиркутсклес» АОЗТ бас директоры, Шығыс Қазақстан облысы энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және көлік барқармасының басшысы, Шығыс Қазақстан облысы күрделі құрылыс басқармасының бастығы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Астана қаласының ТЖМ мемлекеттік материалдық резерві комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор, «Ертіс» ӘКК басқарма басшысының орынбасары, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Семей қаласы гуманитарлық заң университеті президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары, Ұлттық экономика министрлігінің «ҚазҚСҒЗЖИ» АҚ бас директоры, Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Ал, бүгінге дейін Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болды.

Жетісу облысының әкімі болып сенатор Бейбіт Исабаев тағайындалды.

Бейбіт Исабаев 1962 жылы 4 желтоқсанда дүниеге келген. Білімі 1985 ж. - С.М. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша бітірген. 1999 ж. – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын халықаралық маман деген мамандық бойынша тәмамдаған. Еңбек жолы: 1985-1987 жж. – Қазақ ССР-ның теле-радио көрсетілім жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы. 1987-1991 жж. - «Лениншіл Жас» республикалық газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі. 1991-1994 жж. - «Өркен», «Горизонт» газеттері редакторының орынбасары, редакторы. 1994-1995 жж. - Қазақ мемлекеттік телевидениясының бас директоры, Алматы қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары, басшысы, Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат комитетінің төрағасы. 1995-1997 жж. – Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 1997-1999 жж. – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясының тыңдаушысы. 1999-2000 жж. - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі әкімшілігі департаментінің директоры. 2000-2002 жж. – Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесінің үкіметтік ақпарат бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. 2002-2003 жж. - «Орта Азиялық ынтымақтастық» ұйымдастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық үйлестіруші. 2003-2006 жж. – Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі. 2006-2008 жж. - Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Албания Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі және Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметін қоса атқарған. 2008-2009 жж. - Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хытшысы. 2009-2015 жж. - Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі. 2015-2019 жж. - Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Парламенттегі Өкілдігі басшысы қызметін атқарды. 2022 жылдың қаңтарынан ҚР Сенатының депутаты болды.

Ал Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өз қызметін жалғастыра беретін болды.

Шығыс Қазақстан облысның әкімі Даниал Ахметовтің өкілеті де бір жылға ұзартылды.

Білім және ғылым министрілігінің екіге бөлінуі:

«Әліппе» оқулығын қайтарып, бұрынғы Білім және ғылым министрі ретінде «Әліппені» қайтарған, Педагог мәртебесі туралы заңның қабылдануына мұрындық болған, ҰБТ емтиханын реформалауға күш салып жүрген Асхат Аймағамбетов Жаңадан құрылған ҚР Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.

Асхат Қанатұлы 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 2003 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультетін «тарихшы, тарих мұғалімі» біліктілігі бойынша тәмамдаған. 2006 жылы – Қарағанды «Болашақ» актуалды білім беру институтының заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2002 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден бастаған, 2004–2005 жылдары «Аңсар» жастар лигасы» ҚБ төрағасы болған, 2005–2006 жылдары «МЕДИА СП» ЖШС директоры, 2006–2012 жылдары — ҚарМУ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті ретінде қызмет атқарған. 2012–2014 жылдары Нұра ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2014 жылғы ақпан айынан бастап 2017 жылғы тамызға дейін — Қарағанды облысы Білім беру басқармасының басшысы лауазымын атқарған. 2017 жылғы тамыздан бастап 2019 жылғы қаңтарға дейін ҚР білім жəне ғылым вице-министрі қызметін атқарған. 2019 жылғы қаңтардан маусымға дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып қызмет етті. 2003–2012 жылдар аралығында Қарағанды қалалық мәслихатының III және IV шақырылымдарының депутаты, қала мәслихатының әлеуметтік мәселелер бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланған. 2019 жылғы 13 маусымынан Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі қызметін атқарды.

Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына Саясат Нұрбек тағайындалды.

Саясат Нұрбек 1981 жылы 18 мамырда Семей қаласында дүниеге келген. Маршаллтаун колледжін (АҚШ) саясаттану мамандығы бойынша бітірді, Еуразия ұлттық университеті. Л.М. Гумилев «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша, Ла Сапиенца (Италия) университеті геополитика магистрі дәрежесінде, «Көкше» академиясы психология бакалавры. АҚШ, Сингапур, Бельгия, Жапония, Голландияда тағылымдамадан және біліктілікті арттыру курстарынан өтті. 2000-2001 жылдары, Конгрессмен Марк Смит көмекшіcі (АҚШ), Айова штатының Үкіметінде (АҚШ) қызмет атқарған. 2002-2004 жылдары, Қазақстанның жастар саясатының іске асырылуына белсенді қатысты. 2006-2009 жылдары «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ инвестициялық жобалар саласында жұмыс істеді, ҚР Президенті Әкімшілігінің Кадр саясаты секторының меңгерушісі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының халықаралық ынтымақтастық және ғылым жөніндегі Проректоры, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ департамент директоры, кадр саясаты және басқару жөніндегі атқарушы директор болып қызмет атқарды. 2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры болып тағайындалды. 2010 жылдың қараша айынан 2013 жылдың қыркүйегіне дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті. 2013-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық Саясат Институтының директоры болып жұмыс істеді. 2015-2016 жылдары Алматы қаласы Әкімдігі ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін атқарушы. 2016 жылдың шілдесінен бастап Астана Халықаралық Қаржы Орталығының басқарушы директоры, Басқарма мүшесі болып тағайындалды. 2019-2022ж.ж. National Geographic Kazakhstan ізгі елшіcі, BTS Education компаниясының басшысы. 2022 жылдың ақпанынан бері Мәжіліс депутаты. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік, итальян, испан, жапон және латын тілдерінде сөйлейді.


Соңғы жаңалықтар