Апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар: әзірге 13 әкім орнында қалды

2022 жылғы 4 желтоқсан, 15:28
Апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар: әзірге 13 әкім орнында қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан апта облыс әкімдерінің тағайындалуымен есте қалды. ҚазАқпарат өткен 6 күннің ішінде болған кадрлық тағайындауларға шолу ұсынады.

26 қарашада кезектен тыс сайлаудан кейін ҚР Президенті лауазымына ресми кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада бірқатар кадрлық ауыс-түйіс туралы Жарлыққа қол қойды.

Дүйсенбіде Президент жарлығымен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалған болатын. Осылайша, 28 қарашадан бастап Тілеген Төлегенұлы Каскин және Ардақ Мырзабайұлы Теңгебаев Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі лауазымына кірісті.

Сондай-ақ, бұл күні Президент Жарлығымен Олжас Абайұлы Бектенов ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы лауазымына қайта тағайындалды.

Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын (2001 ж.) үздік бітірген, мамандығы - «Заңгер».

ІІ дәрежелі «Айбын» (2014 ж.) және «Даңқ» (2021 ж.) ордендерімен наградталған.

2002-2005 жылдары Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы.

2005-2006 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.

2006-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс жасады.

2009-2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.

2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.

2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі.

2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.

2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары.

2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары.

2022 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы.

Президент Жарлығымен Сәкен Сайынұлы Исабеков Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымына тағайындалды.

Сәкен Исабеков Д. Қонаев атындағы университетте «Юриспруденция» мамандығы бойынша білім алған.

2003-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде әртүрлі офицерлік және басшы лауазымдардағы қызметтерді атқарды.

2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары - Президент күзеті қызметінің бастығы болды.

2022 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалды.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» медальдарымен марапатталған.

Сонымен бірге, Айбек Арқабайұлы Дәдебаев Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы лауазымына қайта тағайындалды.

Айбек Дәдебаев 1980 жылы 1 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген.

2001-2002 жылдары Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық туризм менеджменті кафедрасында оқытушы болып жұмыс істеген.

2008-2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының парламентаралық байланыс және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, Сенат төрағасының көмекшісі міндетін атқарушы болып еңбек еткен.

2011-2013 жылдар аралығында атташе, Женевада Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігінің үшінші хатшысы болған.

Одан кейін алты жыл Парламент Сенаты төрағасы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі лауазымдарын атқарған.

2019-2021 жылдар аралығында Президент Кеңсесі бастығының орынбасары болды.

2021 жылғы 28 мамырдан бастап 2022 жылғы 11 қаңтарға дейін Президент Іс Басқарушысының орынбасары лауазымында қызмет атқарды.

2022 жылғы 11 қаңтарда бері Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысы лауазымында еңбек етті.

Әсет Арманұлы Ерғалиев ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалды.

Әсет Ерғалиев 1986 жылы 18 маусымда Қостанай қаласында дүниеге келген. Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтын бітірген, сол жылы халықаралық алмасу бағдарламасы аясында Швециядағы Йонкопинг Бизнес мектебін халықаралық экономика саласындағы ғылым бакалавры дәрежесімен аяқтаған. Йорк және Ноттингем университеттерінің экономика ғылымдарының магистрі және философия магистрі.

Әсет Ерғалиев Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 6 қаңтардағы Жарлығымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы болып тағайындалды.

2010 жылғы қыркүйектен 2013 жылғы қаңтарға дейін - Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) Экономикалық департаментінің Шығыс Еуропа және Кавказ бойынша өңірлік талдаушысы;

2013 жылы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры лауазымдарын атқарған. Аталған құрылымда 2016 жылдың басына дейін вице-президент, басқарма төрағасының орынбасары, басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымдарын атқарды.

2016 жылғы ақпан айында ҰЭМ жанындағы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған.

2016 жылғы қазан айында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды, 2016 жылғы желтоқсанда ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі болды.

2017-2018 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Жобалық басқару орталығының меңгерушісі лауазымын атқарған.

2018 жылғы қыркүйектен 2019 жылғы наурыз аралығында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарған.

2019 жылғы наурыздан тамыз айына дейін ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары болып қызмет еткен.

2019-2021 жылдары ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі лауазымын атқарды.

2021 жылғы қаңтардан 2022 қаңтарға дейін ҚР ұлттық экономика министрі болды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі және Ішкі істер министрінің бұйрығымен Көліктегі полиция департаментінің бастығы болып Бақытжан Малыбаев тағайындалды.

Бақытжан Әсембекұлы 1969 жылы 23 шілдеде Жамбыл облысы Қордай ауданы Қызылтас ауылында дүниеге келген.

Ішкі істер органдарындағы қызметін 1990 жылы бастаған. 1990-2016 жылдар аралығында ішкі істер органдарында түрлі орта және аға басшылық құрамдарда қызмет атқарған. 2016-2018 жылдары Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, 2018-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары болды. Ал 2019 жылдың 22 мамырынан бастап Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Аптаның ортасында ҚР Парламент Мәжілісінің атынан да Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалды. Еске салсақ, Конституцияның 58-бабы бойынша ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі қызметіне үш кандидатураны Мәжіліс ұсынады.

Палата депутаттары Михаил Бортникті, Рүстем Нұрпейісовті, Юлия Энгельді Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі қызметіне тағайындау мәселесін қарап, аталған кандидатураларды бекітті.

Бортник Михаил Михайлович 1960 жылы туған. Павлодар индустриалды институтын және Орта Азия университетін бітірген.

Еңбек жолын 1982-1986 жылдары Шевченко қаласындағы пластмасса зауытында техникалық жабдықтарды жөндеуші қызметінен бастады.

Сондай-ақ, еңбек жолының маңызды кезеңдерінде Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Парламенті Сенатының депутаты лауазымдарында қызметтер атқарды.

2020 жылғы қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі қызметін атқарып келді.

Рүстем Еслямбекұлы Нұрпейісов 1971 жылы туған. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін және Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1988-1994 жылдары Көкшетау облысының «Авангард» совхозынан бастаған. Рүстем Еслямбекұлы еңбек жолының маңызды кезеңдерінде Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында бірқатар қызметтер атқарды.

Сондай-ақ, 2002-2021 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ішкі аудит департаментінің директоры лауазымдарында бірқатар жауапты қызметтер атқарды.

2021 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін Есеп комитетінің мүшесі қызметін атқарып келді.

Юлия Федоровна Энгель 1982 жылы туған. Қазақ гуманитарлық заң университетін және Мәскеу қаласындағы Қазіргі заманғы гуманитарлық академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы жеке ұйымдарда заңгер-консультанты қызметінен бастаған.

2008-2021 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің бірқатар лауазымдарында қызметтер атқарды.

2021 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін Есеп комитетінің мүшесі қызметін атқарып келді.

Президент Жарлығымен Бейбіт Исабаев Жетісу облысының, Серік Шәпкенов Атырау облысының, Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының, Дархан Сатыбалды Түркістан облысының, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының, Ермек Маржықпаев Ақмола облысының, Ерболат Досаев Алматы қаласының, Нұрлан Ұранхаев Абай облысының, Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі, Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының, Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының, Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қызылорда облысының, Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының әкімі ретінде қызметтерінде қалды.

Солтүстік Қазақстан облысына жаңа әкім болып Айдарбек Сапаров тағайындалды.

Айдарбек Сейпілұлы 1966 жылы 12 маусымда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Омбы ауылшаруашылығы институтын (1992), Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін (2006) зооинженер мамандығы, мемлекеттік басқару бакалавры бойынша тәмамдаған. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медальмен марапатталған.

08.1984 - 10.1984 – совхоз бухгалтері, Солтүстік Қазақстан облысы;

09.1992 - 10.1995 – зоотехник- орындаушы, Калинин атындағы шаруашылықтың коммерциялық директоры, Солтүстік Қазақстан облысы;

10.1995 - 09.2003 – директор, «Ноғайбай» ЖШС бас директоры, Солтүстік Қазақстан облысы;

09.2003 - 02.2005 – «Азық-түлік келісім – шарт корпорациясы» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары, Петропавл қаласы;

02.2005 - 03.2006 – «Азық-түлік келісім – шарт корпорациясы» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық өкілдігі директорының бірінші орынбасары, Петропавл қаласы;

03.2006 - 09.2006 – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық аумақтық басқармасының басшысы, Петропавл қаласы;

03.2006 - 11.2006 – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы, Петропавл қаласы;

11.2006 - 03.2008 – Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының әкімі, Солтүстік Қазақстан облысы;

03.2008 - 04.2010 – Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі, Солтүстік Қазақстан облысы;

04.2010 - 09.2011 – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары, Петропавл қаласы;

09.2011 - 03.2019 – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Петропавл қаласы;

2019 жылдың наурызынан бері Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі қызметін атқарып келді.

Ал, Солтүстік Қазақстанның бұрынғы әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай облысына әкім боп барды.

Құмар Iргебайұлы 1965 жылы туған. 1987 жылы В.П.Горячкин атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң инженерлерi институтын инженер-механик мамандығы бойынша тамамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

1987-1989 ж.ж. — Қостанай облысы Урицкий ауданы «Крыловский» кеңшарының бас инженерi болды.

1989-1991 ж.ж. — Қазақстанның ЛКЖО-ның Қостанай облысы Урицкий аудандық комитетiнiң бiрiншi хатшысы.

1991-1992 ж.ж. — Қостанай облысы Урицкий ауданы «Маяк» кеңшарының бас инженерi.

1992-1993 ж.ж. — Қостанай облысы Қостанай ауданы «Новоселовка» мемлекеттiк шағын кәсiпорнының директоры.

1993-1996 ж.ж. — Қостанай облысы Қостанай ауданы «Қостанай» ғылыми-өндiрiстiк бiрлестiгi директорының орынбасары.

1996-1998 ж.ж. — Қостанай облысы Меңдiқара ауданының «Север» ұжымшарының төрағасы, «Север» ААҚ президентi.

1998-2002 ж.ж. — Қостанай облысы Меңдiқара ауданының әкiмi.

2002-2004 ж.ж. — Қостанай облысы Таран ауданының әкiмi.

2004-2006 ж.ж. — Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттiк бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлiмiнiң мемлекеттiк инспекторы.

2006-2010 ж.ж. — Жамбыл облысы әкiмiнiң орынбасары.

2010-2015 ж.ж. — «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы Орталық аппаратының басшысы, «Нұр Отан» партиясының хатшысы.

2015-2017 ж.ж. — Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасары.

2017 жылғы 14 наурыздан бастап Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болды.

Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының әкімі болып Нариман Төреғалиев тағайындалды.

Нариман Төреғалиев 1964 жылы 19 шілде күні Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы Есенсай ауылында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын (1990) инженер-экономист, Каспий қоғамдық университетін (2004) заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының магистрі.

Еңбек жолын «ХVІІІ Партсъезд» атындағы ауылшаруашылығы бірлестігінің экономисті, бас экономисті (1990-1995) болып бастады.

«Айтиево» өндірістік кешенінің жабдықтаушысы, экономисті, бас экономисті (1997-1999);

«Акжол» шаруа қожалығының басшысы (1999-2001);

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы (2001-2002);

Орал қаласындағы жалпы үлгідегі интернат үйінің директоры (2002-2003);

Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы бастығының орынбасары (2003-2005);

Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменті директорының орынбасары (2005-2008);

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры (2008-2010);

Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы (2010-2012);

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының әкімі (2012-2015);

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (2015-2016);

Орал қаласының әкімі (2016-2017) лауазымдарын атқарды.

Бұған дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.

Ал, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов Екібастұз қаласы қыс басталмай жатып жылусыз қалғанына байланысты қызметінен алынып, оның міндетін орынбасары Олег Крук уақытша атқарып жүр.

Әзірге Шығыс Қазақстан облысын 2014 жылдың күзінен бері 8 жылдан астам уақыт басқарып келе жатқан Даниал Ахметов пен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің, Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тағдыры белгісіз.

Апта аяғында Игорь Павлюк «Астана» футбол командасының спорт директоры қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол «Астана» ФК негізгі құрама командасының аға әкімшісі және футбол орталығының менеджері қызметтерін атқарған. Футбол саласындағы мансабын 1997 жылы шортандылық «Автомобилист» командасының кәсіби ойыншысы ретінде бастаған. 2005 жылға дейін «Химик» (Степногор), «Астана» (Астана), «Жеңіс» (Астана), «Ақмола» (Степногор), «Екібастұздық-БК» (Екібастұз), «Есіл» (Көкшетау) «Оқжетпес» (Көкшетау) командаларында өнер көрсеткен.

Ал, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы болып 33 жастағы Нұрахмет Нұриев тағйындалды.

Ол 1989 жылы туған. Ұлыбританияда білім алған, сонымен қатар Anglia Ruskin University іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие.

2011 жылдан 2013 жылға дейін Hamble Group-та қаржылық талдаушы болып жұмыс істеді.

2013-2015 жылдары Павлодар және Атырау қалаларында мұнай өңдеу зауыттарының құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеді.

2015-2019 жылдары «Майкубен Вест» ЖШС және «Шұбаркөл Премиум» АҚ көмір өндіруші кәсіпорындарында қаржы директоры, Бас директордың корпоративтік даму жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.

2019 жылдан 2020 жылға дейін «Интергаз Орталық Азия» АҚ Тараз УМГ филиалы директорының орынбасары, «ҚазТрансГаз» АҚ тарифтер және инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары болып жұмыс істеді.

«Қазақмыс» корпорациясындағы еңбек жолын 2020 жылы жобалау тобының басшысы қызметінен бастады. Сол жылдың қыркүйек айынан бастап «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС аутсорсинг жөніндегі директоры қызметін атқарды.

2021 жылдың маусым айында «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Бас директоры болып тағайындалды.


Ұқсас жаңалықтар
Теги:
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar