Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан аптаның ішінде еліміздің Сенатының жүйесінде және жергілікті атқару органдарында кадрлық тағайындаулар болды.
24 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Сенаттың бес депутаты бекітілді.
Олардың қатарында Жақып Қажманұлы Асанов, Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев, Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп, Ләззат Молдабекқызы Қалтаева, Асқар Оразалыұлы Шәкіров бар.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Сенатқа 5 депутат тағайындалды.
Осы орайда Евгений Андреевич Больгерт, Закиржан Пирмухамедович Кузиев, Нурия Исмагиловна Ниязова, Алишер Гапиржанович Сатвалдиев, Геннадий Геннадиевич Шиповских жаңа қызметіне кірісті.
Атап айтқанда, осы аптада аталған тағайындаудан кейін Сенаттың басшылық құрамы жасақталды. 26 қаңтар күні ҚР Парламенті Сенатының төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасы мақұлданды.
Бұдан бөлек, палата төрағасының орынбасары болып Жақып Асанов сайланды.
Сенаттың жалпы отырысында Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы болып Әли Бектаев сайланды.
Асқар Шәкіров Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Нұртөре Жүсіп Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, Андрей ЛукинКонституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы, Сұлтанбек Мәкежанов Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, Сүйіндік Алдашев Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы болды.
Мұнымен қоса, Сенаттың тұрақты комитеттерінің мүшелері де бекітілді.
***
Мемлекет басшысының өкімімен Наиль Рафисович Ахметзакиров Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалды.
Н. Ахметзакиров осыған дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысы қызметін атқарған.
***
Осы аптада Атырау облысы Құлсары қаласының әкімі болып Қадіржан Адинов тағайындалды.
Қадіржан Амангелдіұлы 1991 жылы Жылыой ауданының Құлсары қаласында дүниеге келген. 2013 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін геодезия және картография, 2015 жылы аталған оқу орнын мұнай-газ ісі мамандығымен бітірген.
2019 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен магистр дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2014 жылы Құлсары қаласы әкімінің аппаратында штаттан тыс қызметкер ретінде бастаған. 2017-2019 жылдары аталған әкімдік аппаратында бас маман болып жұмыс істеген.
2019 жылдың желтоқсан айынан осы кезге дейін Құлсары қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келген.
***
Жұмабай Қарағаев Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.
Ол мемлекеттік мұнай және газ академиясын «мұнай-газ кен орындарын игеру және пайдалану» мамандығы бойынша бітірген, техника ғылымдарының кандидаты.
Ж. Қарағаевтың мемлекеттік қызметте және жеке секторда 22 жылдық еңбек өтілі бар. Әр жылдары Атырау және Маңғыстау облыстарындағы бірқатар жеке компанияларды, Атырау әкімдігінің ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерін басқарды. Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Атырау облысы Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы, Атырау облысы энергетика және ТКШ басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
Атырау облысы Мақат ауданының әкімі және Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2019 жылдың желтоқсанынан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін ҚР Энергетика вице-министрі болды.
***
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне Ербол Жұмағазин тағайындалды.
Е. Жұмағазин 1979 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Еңбек жолын «Банк Туран Алем» ААҚ оқу орталығында тәжірибеден етуші (стажер) ретінде бастаған;
2004-2012 ж.ж. – «БТА Банк» АҚ директоры;
2012-2019 ж.ж. – «Еуразиялық Банк» АҚ директоры;
2020-2021 ж ж. – «Jusan Bank» AҚ директоры;
2021 жылдың желтоқсан айынан бастап осы күнге дейін «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК директоры қызметін атқарды.
***
«Қазақ газеттері» мен «Егемен Қазақстан» біріктіріліп, оған Дихан Қамзабекұлыбасшы болды.
Енді «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Теңге монитор», «Ұйғыр авази», «Үркер», «Ақжелкен», «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята» басылымдары бір шаңырақтың астында қызмет істейді.
Екі ұжымның бірігуіне орай «Қазақ газеттерінің» бас директоры болып академик Дихан Қамзабекұлы тағайындалды. Сондай-ақ белгілі журналист Думан Анаш «Қазақ газеттері» бас директордың орынбасары – Алматы филиалының басшысы, Ерлан Жүніс «Ана тілі» газетінің бас редакторы және Асыл Сағымбеков «Мысль» журналының бас редакторы болып тағайындалды
***
Нұрдәулет Қилыбай «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры болып тағайындалды.
Н. Игілікұлы 1978 жылы Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. «Тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі инженер», «Қаржы және қаржы құқығы» маманы. 2018 жылы АҚШ-тың Бостон қаласында Stafford House халықаралық мектебінде білім алған.
Еңбек жолын 1999 жылы Маңғыстау тасымалдау бөлімшесі станциясының кезекшісі қызметінен бастаған. Кейін Астана станциясында кірме жолдары бойынша жүктерді қабылдап-тапсырушы, «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамынының бас маманы, бөлім бастығы, магистральды желілер дирекциясы басқарушысының көмекшісі қызметтерінде болды.
2005-2009 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Көлік және қатынас жолдары комитетінің бөлім бастығы, басқарма бастығы, төрағаның орынбасары қызметін атқарған.
2018-2020 жылдары – Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары.
2020 жылдың маусым айынан бастап Ақтау қаласының әкімі лауазымында болды. 2022 жылдың қазан айынан бүгінге дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.