Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
2022 жылғы 14 тамыз 14:12

Апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы аптада еліміздің бірнеше ұйымдарында, әсіресе ел өңірлерінде көптеген кадрлық ауыс-түйістер болды. ҚазАқпарат осы және басқа да жаңа тағайындауларға шолу ұсынады.

Апта басында еліміздің 9 өңірінде – Абай, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстарының, сондай-ақ Алматы қаласының Полиция департаменттерінде және Орал қаласының Полиция басқармасында бастықтардың жаңа орынбасарлары мен бөлімше бастығы тағайындалды. ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен тағайындалғандар:

– Абай облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Берік Амангелді (Атырау облысы ПД-да қызмет атқарған);

– Абай облысы ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков (Шығыс Қазақстан облысы ПД-дан келген);

– Абай облысы ПД бастығының орынбасары Елдос Закимов (Шығыс Қазақстан облысы ПД-дан келген);

– Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары Дидар Аханов (бұған дейін осы бөліністің аудандық Полиция басқармасы бастығының міндетін атқарған);

– Атырау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев (Түркістан облысы ПД-дан келген);

– Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Нұрғали Қасенов (ІІМ-нің орталық аппаратынан);

– Жетісу облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Жасұлан Байкенов (ІІМ-нің орталық аппаратынан);

– Батыс Қазақстан облысы ПД Орал қаласы Полиция басқармасының бастығы Сағындық Аяғанов (Алматы қаласы ПД-да қызмет арқарған);

– Қостанай облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Алексей Милюк (ІІМ-нің орталық аппаратынан);

– Түркістан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев (ІІМ-нің орталық аппаратынан);

– Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Меруерт Әбдіқадырқызы;

– Ұлытау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Мұрат Алтаев (Шымкент қаласы ПД-да қызмет еткен).

Ал Жетісу облысында бір аптада 8 басқармаға жаңа басшы тағайындалды. Облыс әкімінің өкімімен Алмат Тоқтарбекұлы Үшкемпіров дене шынықтыру және спорт басқармасына басшы болып тағайындалды.

Алмат Үшкемпіров 1982 жылы туған, білімі жоғары. Қазақтың спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру және спорт», Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «юриспруденция» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Алматы облысы Жамбыл ауданы Беріктас орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған.

Әр жылдары Алматы қаласындағы №1 олипиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің нұсқаушы-әдіскері, Жамбыл ауданы Беріктас орта мектебінің педагог-ұйымдастырушысы, директордың орынбасары, Қаратал ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы, Алматы облысының спорт және дене шынықтыру басқармасының, туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасының бас маманы, бөлім басшысы лауазымдарын атқарды. 2021 жылдың қаңтар айынан - Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, Ғалымжан Темірғалиұлы Дәрібаев жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқаратын болды. 1988 жылы туған, білімі жоғары. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «экономика» мамандығы бойынша және І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Талдықорған қаласында Алматы облысы қаржы басқармасының компьютер құрылғыларына қызмет көрсету жөніндегі операторы болып бастаған.

Ол Алматы облысының қаржы басқармасында жетекші маман, бас маман, Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2021 жылдың наурызынан Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болды.

Ал Момыш Елтайұлы Махметов мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы атанды. Ол 1985 жылы туған, білімі жоғары. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «қаржы» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Талдықорған қаласы Заречный ауылындағы №23 орта мектептің бухгалтері болып бастаған.

Кейін Алматы облысының қаржы басқармасында жетекші маман, Алматы облысы бойынша қазынашылық департаментінде жетекші маман-жетекші қазынашы, бас маман-бас қазынашы, бірнеше бөлімдердің бастығы, Қаржы министрлігі қазынашылық комитеті қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы, қоршаған ортаны қорғау, сол сияқты қоршаған орта және су ресурстары министрліктеріндегі экономика және қаржы департаментінде басқарма басшысы, энергетика министрлігі бюджет және қаржылық рәсімдер департаментінің орынбасары, әкімшілік жұмысы департаментінің директоры болып қызмет етті. 2022 жылдың ақпанынан Алматы облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болды.

Сонымен қатар, Саят Маратұлы Қараласов мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылу басқармасына жетекшілік етпек. Жаңа басшы 1978 жылы туған, білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік көлік және коммуникациялар академиясын «темір жол құрылысы, жол және жол шаруашылығы», Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық уиверситетін «құрылыс» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын «Тоннельный отряд 1» ЖШС жұмыскері болып бастаған.

Кейіннен Алматы қаласы құрылыс департаментінің жетекші маманы, құрылыс басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, «ЭКСПО-2017» АҚ «ҰК» Астана ЭКСПО-2017» құрылыс департаментінің бас менеджері, Алматы қаласы жайлы қалалық орта басқармасы басшысының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бірнеше бөлімдерінде басшы болды. 2022 жылдың наурызынан бері Алматы облысының құрылыс басқармасының басшысы болды.

Өңірдің тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы болып Ермек Сүндетбайұлы Ақшабаев тағайындалды. Ермек Ақшабаев 1984 жылы туған, білімі жоғары. Ж. Мусин атындағы қазақ педагогика колледжін «мемлекеттік тілде оқымайтын мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті», академик Жолдасбеков атындағы құқық және экономика институтын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Көксу ауданы Амангелді орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып бастаған. Кейін Көксу ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жетекші маманы, бас маманы қызметтерін атқарды. 2017 жылдың қыркүйегінен бүгінгі күнге дейін Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы болды.

Жетісу облыстық туризм басқармасының басшысы болып Сәкен Ғалымұлы Түкібаев тағайындалды. Сәкен Түкібаев 1991 жылы туған. Қазақстан-Британ техникалық университетін «автоматтандыру және басқару», Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «қаржы», Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «мемлекеттік және жергілікті басқару, өңірлік даму» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын астанада «МұнайГаз» инжиниринг компаниясы» ЖШС-да инженер болып бастаған. Әр жылдары Талдықорған қаласындғы «ТАТЭК» АҚ экономисі, Алматы облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы, Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті директорының орынбасары, Премьер-Министр Кенсесінің өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы қызметтерін атқарған. 2022 жылдан бастап Түркістан облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысының орынбасары лауазымында болған.

Ал облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып Елдос Мырзабек тағайындалды. Елдос Мырзабек 1987 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «қаржы», Ө. Жолдасбек атындағы экономика және құқық академиясын «құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Талдықорған қаласындағы ҚР Ұлттық банкінің Алматы облыстық филиалы басшысының хатшысы болып бастаған. Әр жылдарда Алматы облысы әкімінің аппаратында заң, мемлекеттік құқық бөлімінің бас маманы, мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінде бас инспектор, Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысы, қала әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарды. 2022 жылдан бастап Алматы облысының Сауда департаментінің басшысы қызметінде болған.

Тағы бір мемлекеттік мекеме - Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасының басшылығына Арман Серікұлы Жансеңгіров келді. Арман Жансеңгіров 1985 жылы туған, білімі жоғары. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін «емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын Алматы қалалық көпсалалы ауруханасының хирургия бөлімшесінің хирург дәрігері болып бастаған.

Әр жылдары ҚР ҰҚК Орталық әскери госпиталі эндоскопия бөлімшесінің басшысы, Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығының хирургия бөлімінің хирург дәрігері, Алматы облысы Көксу аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары, Талдықорған қаласының облыстық ауруханасының эндоскопист дәрігері, аурухана директорының орынбасары, №2 Талдықорған қалалық емханасы директорының орынбасары, Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының бас маманы қызметтерін атқарды. 2021 жылдың қарашасынан бүгінгі күнге дейін Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болған.

Оған қоса, Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып полковник Бауыржан Ізбасаров тағайындалды. Бауыржан Ізбасаров 1977 жылы 6 ақпанда Алматы облысы Күрті ауданында дүниеге келген. 2003 жылы М. Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын «құқықтану» мамандығы бойынша, 2007 жылы ТЖМ Көкшетау техникалық институтын «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген.

Құқық қорғау органдарында 2002 жылғы қаңтардан бастап жұмыс істейді, қызметін Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бас басқармасының №2 өрт сөндіру бөлімінің мемлекеттік өрт қадағалау инспекторы болып бастады. Әр жылдары түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. 2021 жылдан бастап Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары болып қызметін атқарды.

Алматы қаласының Бостандық ауданының прокуроры болып Асхат Нұрсерікұлы Жакупов тағайындалды. Асхат Жакупов прокуратура еңбек жолын 1999 жылы Алматы прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығы бөлімінің бас маманы болып бастаған.

Әр жылдары Медеу, Жетісу аудандары прокурорларының көмекшісі және аға көмекшісі, Алматы қалалық прокуратура басқармасының прокуроры, Медеу және Түрксіб аудандары прокурорының орынбасары, Алматы қалалық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары, бастығы болып қызмет еткен.2019 жылдан бүгінге дейін Алматы қаласының Медеу ауданының прокуроры болып келді. Прокуратура органдарында 23 жылдан артық еңбек өтілі бар. Сыныптық шені - аға әділет кеңесшісі.

Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне жаңа басшы тағайындалды. Бұл қызметті Бекболат Шәкіров атқаратын болды. Бекболат Шәкіров Жезқазған облысының Ағадыр кентінде туған.2001 жылы ҚР ӘдМ ҚАЖК Қостанай заң институтын «құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша бітірген. 1993 жылдан 1995 жылға дейін Қарулы күштер қатарында қызмет еткен. 1995 жылы құқық қорғау органдарына қызметке қабылданған. Осы сәттен бастап 1997 жылға дейін Жезқазған облысы Ағадыр ауданының ІІБ жанындағы ЖБ милициясы взводының милиционері болып қызмет өткерген. Бұдан соң 2000 жыл мен 2010 жыл аралығында ҚР ІІМ ҚАЖК Қостанай заң институтында тыңдаушы болған. Кейін ҚР ІІМ ҚАЖК Қ.Шырақбаев атындағы Қостанай заң институтында ғылыми-оқытушылық қызметпен айналысқан.

2010 жылдан Нұр-Сұлтан қаласы және Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінде әртүрлі басшылық лауазымда болған. 2018 жылдан 2020 жылға дейін Қылмыстық атқару жүйесі комитетінде басқарма бастығы лауазымын атқарған. 2020 жылдан бүгінге дейін Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары міндетін атқарған. Қызметтік міндеттерін орындауда қол жеткен табыстары үшін бірнеше рет ҚР ІІМ басшылығының марапатына ие болған.

Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Нұржан Сәбитұлы Календеров облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Нұржан Календеров 1976 жылы Тараз қаласында туған, 1997 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы «Арнабол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есепшісі болып бастаған. Әр жылдары зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының Тараз қалалық бөлімшесінде аға маман, Жамбыл облыстық бөлімшесінде бас маман, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас маманы, облыс әкімдігінің қаржы басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін атқарған.

2011-2013 жылдары Жамбыл ауданының әкімі, 2013 жылдың маусым-желтоқсан аралығы Қордай ауданының әкімі, 2013-2017 жылдары Тараз қаласының әкімі, 2017-2019 жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы, 2019-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, 2020-2022 жылдары Шу ауданының әкімі қызметтерін атқарған. Ал, 2022 жылғы ақпаннан бастап Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарып келді. Нұржан Календеров енді облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде экономикалық жоспарлау, қаржы секторын дамыту, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту, көші-қон, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары мәселелері және тағы да басқа салаларына жетекшілік етпек.

Абай облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы лауазымына Әділбек Қайырбекұлы Мұқашев тағайындалды. Әділбек Мұқашев 1981 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын «құқықтану» және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «қаржы» мамандығы бойынша бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. Мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі 22 жылдан асады. Мемлекеттік қызметте еңбек жолын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаментінің бас маманы болып бастаған. Сот жүйесінде және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде жұмыс тәжірибесі бар.

Ол 2014 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органда жұмыс істейді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңес төрағасы, мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры, Павлодар облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы болып қызмет атқарған. Аталған лауазымға дейін Ә. Мұқашев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы болды.

Сонымен бірге, Абай облыстық Қаржы басқармасының басшысы лауазымына конкурстық рәсім нәтижесімен Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев тағайындалды. Әділет Қожанбаев 1980 жылы бұрынғы Семей облысының Көкпекті ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 2001 жылы «БТА Ипотека» АҚ кеңсесінің маманы болып бастаған. Көп жылдар бойы қаржы саласында жұмыс істеді.

Ол 2014-2016 жылдар аралығында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Операциялық департаментінің директоры лауазымын атқарған. 2016-2017 жылдары аталған департаментте басқарушы директор болып еңбек етті. 2017-2021 жылдары аралығында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі болған. 2021-2022 жылдары «Қазақтелеком» АҚ Алматы филиалы Сервистік фабриканың Бас директоры болып жұмыс істеген.

Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары болып полиция полковнигі Медет Тасырханұлы Бердімұратов тағайындалды. Ол осыған дейін Ақмола облысы ПД бастығының орынбасары қызметін атқарған. Медет Бердімұратов құқық қорғау органдарында 1999 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасы. Еңбек жолын 2002 жылы Алматы облысы Ішкі істер басқармасының Талғар аудандық ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі лауазымынан бастаған. Қызмет еткен жылдары түрлі басшылық лауазымдарда, соның ішінде ҚР ІІМ Тергеу департаменті тергеу және аймақтық бақылау басқармасының бастығы болды. 2019 жылы Ақмола облысы ПД бастығының орынбасары болып тағайындалған.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі болып Дархан Шомпайұлы Жөргекбаев тағайындалды. Дархан Жөргекбаев 1979 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Қазақстан тарихы» мамандығы, Алматы экономика және статистика академиясын «Қаржы» мамандығы бойынша тәмәмдаған.

Еңбек жолын 2003 жылы ШҚО статистика департаментінің бас маманы болып бастады. 2005-2011 жылдары Тарбағатай аудандық статистика басқармасының басшысы болған. 2011-2015 жылдары аралығында Ұлан аудандық статистика басқармасының басшысы лауазымын атқарды. 2015-2019 жылдары Аягөз ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етті. 2019-2021 жылдары Ұлан ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылдың маусым айынан бастап осы уақытқа дейін Семей қаласы әкімінің орынбасары болды.

Ал Атырау облысында өңір әкімінің екі орынбасары жаңадан тағайындалды. Олардың бірі Қайрат Талапұлы Нұртаев – Атырау мұнай және газ институтын, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін бітірген. Экономика және бизнес магистрі. Еңбек жолын 2004 жылы Атырау облыстық экономика және кәсіпкерлікті қолдау басқармасында бас маман болып бастаған. Ал, 2005-2007 жылдары аралығында Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары, 2008 жылдан бастап Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басқармасының автокөлік жолдары бөлімінің басшысы болған.

2010 жылдан 2017 жылға дейін Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының орынбасары, 2017-2019 жылдар аралығында Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2019-2021 жылдары Құрманғазы ауданының әкімі лауазында болды. 2021 жылдың сәуірінен 2022 жылдың қаңтарына дейін Атырау облысы әкімінің кеңесшісі, 2022 жылдың қаңтарынан бүгінге дейін «БатысАльянсстрой» ЖШС бас директоры қызметін атқарып келді.

Тағы бір орынбасар – Жасұлан Орақұлы Бисембиев Атырау политехникалық колледжін «Бухгалтерлік есеп және аудит», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген. Ресей Федерациясы Астрахань мемлекеттік университетінен әлеуметтану магистрі дәрежесін алған. Еңбек жолын 2008 жылы «Жасыл ел» Атырау филиалында бастаған. «Тарлан-Атырау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Атырау Ақпарат» МКК төрағасының көмекшісі болған. 2013 жылы «Атырау қаласы жастар ресурсы» орталығын басқарған. 2016 жылдың мамыр айында жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағйындалып, 2017 жылы аталған басқарманың басшысы қызметін атқарған.

2017-2020 жылдары облыстық ішкі саясат басқармасының басшы болған. 2020 жылдың шілдесінен 2021 жылдың қыркүйегіне дейін «Gate Insaat Taah.San.Tic.A.S.» компаниясының менеджері, 2021 жылдың қыркүйегінен бүгінге дейін «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді.

Сондай-ақ, Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының әкімі болып Қанат Әзмұханов тағайындалды. Қанат Әзмұханов Атырау қаласында дүниеге келген. Орталық Азия университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Қаржыгер» мамандығы бойынша бітірген. Ресей Федерациясының Астрахань мемлекеттік университеті – құқықтану магистрі, Орталық Богемиялық қолданбалы ғылымдар және менеджмент институты – іскерлік әкімшілік жүргізу докторы.

Атырау облыстық «Nur Otan» партиясы филиалы қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің консультанты, ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі (2010 - 2012 ж.ж.), «KazTransOil-Logistik» ЖШС директоры (2012 - 2013 ж.ж.), «Nur Otan» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары (2013 - 2016 ж.ж.), Атырау қаласы мәслихатының хатшысы (2016 - 2018 ж.ж.) лауазымын атқарған. «Region Trans Com» ЖШС кадрлар жөніндегі директоры (2018 - 2020 ж.ж.), ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры (2020 ж.) болған.
Осы тағайындауға дейін 2020 жылғы тамыздан бері Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Данияр Серікұлы Жанбаев тағайындалды. Данияр Жанбаев 1981 жылы Қостанай облысының Жітіқара қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік медицина академиясын «емдеу ісі», Қырғыз-Ресей Славян университетін, «оториноларингология» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қоғамдық денсаулық сақтау саласының докторы.

1999-2002 жылдары Нұр-Сұлтан қаласының №1 қалалық ауруханасының реанимация бөлімшесінің санитары; 2002-2003 жылдары Нұр-Сұлтан қаласының көшпелі жедел жәрдем бригадасының санитары; 2003-2005 жылдары Нұр-Сұлтан қаласының №1 қалалық ауруханасы реанимация бөлімшесінің дәрігері; 2008-2009 жылдары Нұр-Сұлтан қалалық онкологиялық диспансерінің оториноларинголог дәрігері; 2009-2010 жылдары Алматы қаласындағы «Сұңқар медициналық компаниясы» ЖШС дәрігер оториноларингологы; 2010-2012 жылдары Алматы қаласындағы «Almaty Medical System» ЖШС бас дәрігері; 2014-2016 жылдары «Астана медицина университеті» АҚ онкология кафедрасының ассистенті; 2016-2018 жылдары Қостанай облысы Қамысты орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері; 2018-2019 жылдары Қостанай орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы; 2019-2020 жылдары Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары; 2020 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қостанай қалалық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарып келген.

Түркістан облысы әкімінің өкімімен Кентау қаласының әкімі болып Жандос Қалмырзаұлы Тасов тағайындалды. Жандос Тасов 1987 жылдың 22 қаңтарында Түркістан облысы Түркістан қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 2013 жылы «Градкомплекс» ЖШС архитекторы болып бастаған.

2013-2014 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің инспекторы, Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маман міндетін атқарушысы, 2014-2017 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы қызметін атқарған. 2017-2018 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік мекемесінің сектор меңгерушісі, 2018-2020 жылдар аралығында Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімнің басшысы болған. 2020-2021 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімнің басшысы болып еңбек етті. 2021 жылғы 19 ақпаннан бері Түркістан қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.

Апта соңында Данияр Еренғалиұлы Жаналинов ҚР қаржы вице-министрі қызметінен босатылып, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Данияр Жаналинов 1975 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ көлік және коммуникация академиясын бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы Талдықорған қаласы бойынша Салық комитетінің аудит бөлімі заңды тұлғалар салық аудиті секторының салық инспекторы қызметінен бастады. 2002-2008 жылдары Алматы облысы бойынша Салық комитетінде түрлі қызметтер атқарған.

2008-2010 жылдары – Алматы облысы бойынша Салық департаменті бастығының орынбасары болып, 2010-2014 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің құрылымында басшылық қызметтерді атқарды. 2014-2018 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы; 2018-2021 жылдары – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы; 2021 жылғы тамыз айынан бастап ҚР қаржы вице-министрі болып жұмыс атқарған.

Сондай-ақ, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары қызметіне Сухроб Ходжиматов тағайындалды. Сухроб Ходжиматовтың халықаралық ұйымдарда, мемлекеттік мекемелерде, сондай-ақ жеке секторда бағдарламаларды дамыту және басқару саласында 25 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Бұл тағайындауға дейін Сухроб Ходжиматов Әзербайжандағы БҰҰДБ тұрақты өкілі, Түркиядағы БҰҰДБ тұрақты өкілінің орынбасары (2017-2022) міндеттерін атқарды. 2013-2017 жылдары Сомалидегі елдік директордың орынбасары және Найроби қаласындағы (Кения) Сомалидегі БҰҰДБ қолдау кеңсесінің директоры, 2006-2013 жылдары Нью-Йорк қаласындағы (АҚШ) БҰҰДБ-ның штаб-пәтерінде және Тәжікстандағы БҰҰДБ-ның елдік кеңсесінде жұмыс істеді.

БҰҰДБ-ға келгенге дейін С. Ходжиматов Тәжікстандағы құқықтық және экономикалық даму бойынша USAID жобаларында бірқатар жетекші лауазымдарды атқарды. Еңбек жолын Тәжікстанның Бас прокуратурасында бастаған. С. Ходжиматов Тәжік ұлттық университетінің құқық магистрі дәрежесіне және Бүкілресейлік мемлекеттік әділет университеті мен Невада университеті (АҚШ) ұлттық сот колледжінің дипломнан кейінгі дәрежесіне ие.

Сонымен бірге, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа қызметке тағайындалды. ЕурАзия ынтымақтастығы Қаржы-банк қауымдастығының кезектен тыс жиналысының шешімімен Еуразиялық экономика комиссиясы Экономика және қаржы саясаты министрі Бақытжан Сағынтаев Қауымдастықтың бақылау кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Жалпы жиналыс барысында SLC-Rus компаниясының негізін қалаушы Ли Шобин (Қытай) ЕАЫ Қаржы-банк қауымдастығының президенті болып сайланды. ЕАЫ ҚБҚ – Еуразияның 26 елінен кәсіпкерлердің, коммерциялық ұйымдар мен банктердің, қоғамдық және ғылыми-өндірістік бірлестіктердің қаржылық, банктік және іскерлік одақтарын біріктіретін қоғамдық үкіметтік емес ұйым.

Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев 1963 жылдың 13 қазанында туған. 1985 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Экономист» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.1985-1988 жылдары-Алматы халық шаруашылығы институтының Саяси экономика кафедрасының оқытушысы; 1988-1992 жылдары-С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің әлеуметтану кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, доценті болған.

1992-1993 жылдары – «Маруе» туристік-коммерциялық фирмасының президенті, 1993-1997 жылдары – «Қазмет» АҚ Бас директоры, 1997-1998 жылдары – «Лукойлнефтегазстрой-К» ЖАҚ бас маманы, бас директорының орынбасары болған. Ал 1998-2002 жылдары-Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, ҚР Шағын бизнесті қолдау агенттігі төрағасының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқармасының төрағасы, ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары болды.

2002-2004 жылдары – ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының бірінші орынбасары, 2004-2007 жылдары – ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы, 2007-2008 жылдары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, 2008-2012 жылдары – Павлодар облысының әкімі, 2012 жылы – ҚР Экономикалық даму және сауда министрі болған. 2012-2013 жылдары - «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - ҚР Өңірлік даму министрі, 2014-2016 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, 2016-2019 жылдары – ҚР Премьер-Министрі болған. 2019 жылдың 1 наурызынан 24 наурызға дейін – ҚР Мемлекеттік хатшысы, 2019 жылдың наурыз айынан маусымға дейін – ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы. Ал 2019 жылдың 28 маусымынан 2022 жылдың 31 қаңтарына дейін – Алматы қаласының әкімі болған.

Қазақстанның Ұлттық баскетбол федерациясының жаңа басшысы болып Абай Әбдісәметұлы Алпамысов тағайындалды. Ол 2013-2017 жылдары осы федерацияға басшылық еткен. Абай Алпамысов М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Есептеу математикасы және кибернетика» факультетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласында жұмыс тәжірибесі бар. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің директоры, Есеп комитеті аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарды. Елдегі ірі ұлттық компанияларда басқарма мүшесі болды. Екінші деңгейлі банктерде басшылық қызметтер атқарды. Ең үздік экономикалық зерттеулері үшін Дүниежүзілік банк сыйлығымен марапатталған. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бастап осы жылдың қаңтарына дейін Ұлттық баскетбол федерациясының президенті қызметін Димаш Досанов атқарған еді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT