Апта ішінде 3 мыңнан астам қылмыс жасалды - ІІМ

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Апта ішінде еліміздің аумағында 3 мыңнан астам қылмыс жасалды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір апта ішінде 3 198 қылмыс жасалды. Оның 1 933-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 14 кісі өлтіруді, 10 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 29 тонау және 424 ұрлық қылмыстарын ашты», - деді ол министрлікте өткен апталық брифинг барысында.

Сонымен қатар ведомство өкілі Ішкі істер министрлігі ескерту SMS-хабарламасын жіберуді жалғастырып жатқанын еске салды.

«Бұл интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған. Егер сізге белгісіз адамдар қоңырау шалып, несие немесе ақша аударымдары туралы айтатын болса, тұтқаны қоя салыңыз. Сенімділік үшін банкке хабарласып, нақтылаңыз. Егер алаяқтарға алданған болсаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз», - деді Шұғыла Тұрлыбек.


Соңғы жаңалықтар