Аппеляциялық сатыда Ермегияевке қатысты сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Талғат Ермегияевтің және «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының өзге де фигуранттарының ісі бойынша аппеляциялық сот алқасының шешімі шықты.

«Астана қаласының Қылмыстық істер бойынша аппеляциялық сот алқасы Талғат Ермегияевке қатысты 9 маусымдағы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімін өзгеріссіз қалдыруды үкім етті», - деді Астана қаласының Қылмыстық істер бойынша аппеляциялық сот алқасының төрағасы Асқаржан Кенжеғарин.

Айта кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев 9 маусымда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сонымен қатар оған материалдық жауапкершілігі жоғары мемлекеттік лауазымды иеленуге өмір бойына тыйым салынды және «Парасат» ордені қайтарып алынған еді.

Сондай-ақ Талғат Ермегияевтің жеке мүліктері де тәркіленді. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының пайдасына 5 миллиард 901 миллион теңге 445 мың 90 теңге қаржы алу туралы шешім шығарылған.

Мемлекет пайдасына Ермегияевтің иелігіндегі Алматыдағы пәтері, УАЗ автокөлігі, Алматы облысындағы екі жер телімі, Астанадағы пәтері, Астана қаласы Тельман поселкесіндегі жер учаскелері тәркіленді. 
Ермегияевтің жеке мүлкі мемлекет пайдасына: «Самбек» ЖШС-дағы Ермегияевтің 30% үлесі, ТКМ - 30%, «Глобус Алматы» - 50%, «Хозу-транс» ЖШС - 100%, «Рахат-авто» ЖШС - 18%, «Глобус Астана» - 50%, Халық банкіндегі 680 113 теңге, АТФ-Банк 5 600 доллар мен 39 739 еуро, 13 мың еуро жеке қаражаттары, 2010 және 2014 жылы шығарылған «Лексус-570» маркалы екі көлігі, сондай-ақ 2009 және 2014 жылғы «Мерседес» екі көлігі де мемлекет пайдасына алынады.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы басшысына ҚР ҚК-нің 176-бабының 4-бөлігіндегі «б» тармақшасымен қарастырылған ауыр қылмыстарды бірнеше рет қасақана жасады деген айып тағылған. Айыптаушының ақпараты бойынша, жымқырылған қаражат көлемі 10,2 миллиард теңгені құрап отыр. Онымен бірге 22 адам сот алдында жауап берді. Олардың негізгі бөлігі компания қызметкерлері болған. Қылмыстық іс 540 томға жетті.

null  

Соңғы жаңалықтар