Апелляциялық сот екі аяғынан айрылған Парафиеваның арызын қанағаттандырмады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жол апатында кінәлі деп табылған автобус жүргізушісі Дәурен Жаңабаевқа қатысты шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Алмалы аудандық соты Дәурен Жаңабаевты 2 жылға бас бостандығын шектеп, 2 млн теңге моральдық шығын төлеуге үкім шығарған болатын.

Екатерина Парафиеваның қорғаушысы Жанна Уразбахова апелляциялық шағымда моральдық шығынды 2 млн теңгеден 10 млн теңгеге жеткізуді сұраған болатын.

Сонымен қатар, жәбірленуші тарап Тойота Камри жүргізушісі мен автобус иесінен де моральдық шығын дауламақшы болған.

Парафиева сот үкімімен келіспейтіндігін айтқан болатын.

«Менің денсаулығымды 2 млн теңгеге бағалау дұрыс емес деп санаймын. Қазір тиісті органдар менің қираған көлігімді 2 млн теңгеге бағалап отыр. Сонда темір мен менің денсаулығымның құны бірдей болып тұр», - деді Е. Парафиева.

Еске сала кетейік, Е. Парафиева 16 маусымда Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан жапа шеккен болатын. Honda CRV көлігін тізгіндеген қыздар ашық люкке кіріп кетіп, көлік дөңгелегін жарып алған. Содан жол шетіне тоқтап, сыртқа шығып, көліктерін қарап жатқан кезде ортаңғы жолақта келе жатқан Toyota Camry машинасын автобус соққан. Қатты соққыдан Toyota Camry айналып, артқы жағымен Honda CRV көлігін ұрған. Соның салдарынан қыздар ортада қысылып қалып, біреуі екі аяғынан айырылды.

Соңғы жаңалықтар