Апелляция соты Өскемен әкіміне айыппұл салған үкімнің күшін жойды

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚО апелляция соты Өскемен әкімі Жақсылық Омарға айыппұл салатын үкімнің күшін жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен әкімі мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қатысты сот ісі облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған болатын.

Аблакетка кентінің тұрғындары қоғамдық көліктің кестеге сәйкес қатынамайтынына наразылық білдіріп, сот арқылы шағым түсірген.

Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге сәйкес, әкімдік 16 наурызға дейін автобустардың уақтылы қатынауын қамтамасыз етуге тиіс еді.

Алайда бұл міндет орындалмағандықтан қала әкімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне 50 АЕК немесе 159 000 тенге көлемінде айыппұл салынған.

Алайда апелляция соты бұл үкімнің күшін жойып отыр.

Шаһар басшысының баспасөз хатшысы Владимир Землянскийдің айтуынша, айтылған міндеттемелерді орындау үшін әкімдік 3 ақпанда жаңа тасымалдаушы компанияны бекіту мақсатында тендер жариялаған.

«Десе де, қаладағы тасымалдаушылардың ешқайсысы оған қатысқысы келмегендіктен тендер өтпей қалды. Сондықтан қайта тендер жариялауға мәжбүр болдық. 20 сәуірде тасымалдаушы компания табылып, келісімшарт жасалды. Ал сот 18 сәуірде, бұдан екі күн бұрын өтті. Яғни, міндеттердің уақтылы орындалмауы бізге байланысты емес себептерден болған. Конкурс рәсімдерінің жылдам өтуіне ТҮКШ бөлімі де, қала әкімі де әсер ете алмайды», - деді ол.



Соңғы жаңалықтар