Апатты жағдайда ұшақ қонған Жетігенге арнайы комиссия жіберілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Жетіген аэродромына ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери ұшағы апатты жағдайда қонды. Бұл туралы ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтемемен хабарлайды.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан-Ақтөбе бағытындағы әскери ұшақтың алдыңғы шассиі ашылмай, Жетіген аэродромына аман-есен қонғанын хабарлағанбыз.

Аэродромға жедел жәрдем мен құтқарушылар барған. Абырой болғанда, олардың көмегі қажет болмады. Ұшақты алдыңғы шассиі ашылмай қалған. Сондықтан, ұшу-қону жолағына алдын ала көбік шашылған. Ұшақ қонған соң, экипаж эвакуацияланған.

«4 мамыр күні жоспарлы тапсырманы орындау барысында С-295 әскери ұшағының алдыңғы шассиінен техникалық ақау шықты. Экипаж командирі, бірінші санаттағы ұшқыш Жеңіс Зейнолдинов, командир көмекшісі Абылай Ыбыраев және борт инженері, майор Карим Пахритдинов ұшақты аэродромға шассисіз қондырды. Экипажда басқа адам болған жоқ», - деді ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында.

Спикердің айтуынша, оқиға орнына арнайы комиссия жіберілді. Арнайы комиссия мәселенің мән-жайын анықтайтын болады.


Фото: airwar.ru


Соңғы жаңалықтар