Апатты үйлерді жою жөнінде салалық бағдарлама әзірлеу керек - Мәжіліс депутаты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов апатты және ескі тұрғын үйлерді жою жөнінде салалық бағдарлама әзірлеу керектігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықпен пен биліктің жергілікті атқарушы органдарымен кездесулері кезінде еліміздің шағын және моноқалаларында қалыптасқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы проблемалық мәселелер жиі айтылады. Елді мекендерде апатты және тозығы жетіп ескірген тұрғын үйлер санының көбеюі және оларда тұратын тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелері халықтың және жергілікті атқарушы органдардың ерекше алаңдаушылығын туғызуда. Айталық, алынған ақпаратты талдау Қазақстанның ірі қалаларындағы, шағын және моноқалаларындағы белгілі бір жетістіктерге қарамастан, апатты және ескірген тұрғын үйлерді жою проблемасы бұрынғысынша өте өткір мәселе болып тұрғанын және Үкіметтің ерекше назарын талап ететінін айғақтап отыр», - деді Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған Арман Қожахметов.

Депутат келтірген ресми ақпарат бойынша 2019 жылы Қазақстанда 1,3 мың көппәтерлі үй апатты жағдайда деп танылған. Олардың біраз бөлігі еліміздің шағын және моноқалаларында орналасқан.

«Мәселен Қарағанды облысында көппәтерлі апатты үйлер Қаражал, Жезқазған, Теміртау, Приозерск, Сәтбаев қалаларында орналасқан. Мысалы Жезқазғанда қазіргі уақытта 25 апатты үй бар. Олардың 16-сы бұзылуға жатады. Жүздеген тұрғындар авариялық тұрғын үйде тұрып жатыр. Яғни олар күн сайын өз өмірін қатерге тігіп отыр. Мұндай тұрғындардың басым бөлігі - зейнеткерлер, аз қамтылған азаматтар немесе мүгедектер. Облыстың моноқалаларындағы ескі тұрғын үйдің саны бүкіл тұрғын үй қорының үштен бір бөлігіне жетіп отыр. Мұндай жағдай шұғыл шешімді талап етеді», - деді депутат.

Шағын қалаларда экономикалық ынталандырудың әлсіз болуы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы мен «Нұрлы жер» бағдарламасында көзделген тетіктерді кеңінен пайдалануға мүмкіндік бермейтінін атап өту қажет.

«Мәселен халықтың сатып алу қабілетінің шектеулілігін ескере отырып, Алматы, Атырау, Павлодар сияқты қалаларды қайта жаңартудың табысты тәжірибесін қолдану мүмкін емес. Бұл ретте апатты үйлердің тұрғындары «метрден метрге» қағидаты бойынша жаңа пәтерлерге көшірілуде. Моноқалалар халқының сатып алу сұранысының шектеулілігіне байланысты құрылыс компаниялары үшін бұл нысандар экономикалық тұрғыдан құнды болмай отыр. Апатты және ескірген үйге жұмсалған қаражаттың қайтарымдылығы негізінде оларға күрделі жөндеу жүргізу жобалары да моноқалалардың әлеуметтік және экономикалық құрылымының күрделі болуына орай қиындықтарға тап болуда. Тұрғындар алдағы уақытта жүргізілген жөндеу жұмыстарын төлей алмайтыны айқын», - деді ол.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты Арман Қожахметов Үкімет азаматтардың қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету және елдегі ескірген және апатты тұрғын үй қорын жоюдың маңыздылығын ескеруі керектігін жеткізді.

«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылған шағын және моноқалалардағы апатты және ескі үйлерді жою жөніндегі шаралардың тиімділігіне талдау жүргізу керек. Сондай-ақ шағын және моноқалалардағы апатты және ескі тұрғын үйлерді жою жөнінде салалық бағдарлама әзірлеудің орындылығы мәселесін қарауды сұраймын», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар