Апат болған Петропавлдағы ЖЭО иесі 4,9 млн теңге айыппұлмен келіспеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған әкімшілік соты жақында мұржасы құлаған жылу-электр орталығының иесі - «СевКазЭнерго» АҚ-ның Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментіне қатысты талабын қанағаттандырмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған комитеттің СҚО бойынша департаменті (ТМРКД) «СевКазЭнерго» АҚ-ға жоспардан тыс тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша компания «Табиғи монополиялар туралы» ҚР заңын, нақтырақ айтқанда табиғи монополиялар субъектілерін сатып алу рәсімдерін сақтамағанын анықтады.

Бұдан бөлек, ТМРКД ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабы 4-бөлігі бойынша іс қозғады. Бұл бап бойынша 1600 АЕК, яғни 4,9 млн теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

«СевКазЭнерго» АҚ мұнымен келіспей, СҚО мамандандырылған әкімшілік сотына ТМРКД-ның тексеру нәтижелері туралы актісін жоққа шығаруды сұрап, арыз түсірген.

Алайда, сот «СевКазЭнерго» АҚ-ның талап-арызын қанағаттандырмады.

«СевКазЭнерго» АҚ-ның құрамына СҚО-дағы 4 кәсіпорын кіреді, олар: «СК РЭК» АҚ, «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС, «СевКазэнергосбыт» ЖШС және биыл қыс бойы апаттан «көз ашпаған» Петропавлдағы 2-інші Жылу-электр орталығы.

Еске салайық, 20 наурыз күні Петропавлдағы Жылу-электр орталығының түтін мұржасы құлаған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев СҚО әкіміне тез арада тұрғындарды жылумен қамтуға тапсырма берді.

Құлаған мұржаның үйіндісі астында бір жұмысшы қалып, мерт болды.

Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қоғалып, ЖЭО директоры және бас инженер қамауға алынды.

Кейін «СевКазЭнерго» АҚ бас директоры да қамалды.

Бір аптадан кейін, 27 наурыз күні кәсіпорында тағы да апат болып, бірнеше қазандық істен шықты.

ҚР Энергетика министрлігі Петропавлдағы ЖЭО апатқа не себеп болғанын айтты.

Өңірге келген Энергетика министрі Болат Ақшолақов жағдайды көріп, орталықты қалпына келтіруге 17,5 млрд теңге керек екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар