«Апалы-сіңлілі Нақыпбековалар: Еркіндікке жол» деректі фильмінің тұсауы кесілді

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Лондонда әлемге әйгілі апалы-сіңлілі Нақыпбековалар туралы деректі фильмнің тұсаукесері болып өтті. Туындыда классикалық өнердің әлемге әйгілі өкілдері, қазақтың музыкант қыздарының тағдыры туралы сыр шертіледі, дейді ҚазАқпарат тілшісі.

Апалы-сіңлілі Нақыпбековалар – әлемдегі ең үздік фортепианолық триолардың бірі. Эльвира скрипкада, Элеонора фортепианода, ал Альфия виолончельде ойнайды. Олар Қарағандыда туып, музыкалық білім алған. Кейін Мәскеуде консерваторияда оқып, халықаралық байқауларда үздік танылған. Шығармашылық еркіндікті аңсаған үш қазақ қызы батысты бағындыру үшін елден кетіп қалады. Сексенінші жылдардың соңында Лондонда бастары бірігіп, содан бері әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетіп келеді. Фильмде Нақыпбековалардың осы өмір жолы туралы баяндалады.


«Адамдардың өмірін қысқа деректі фильмде көрсету және өткен тарихқа терең үңіле білу өте қиын. Бұл тұрғыда туынды сәтті шықты деп ойлаймын. Режиссер мен шығармашылық топтың еңбегі орасан», - дейді Альфия Нақыпбекова.

«Режиссер фильмде көрерменнің назарын ұстап тұруға тырысқан. Сюжеттің тартымды болуына мән берген», - деп қостайды Эльвира Нақыпбекова.

«Фильмде менің үйімдегі екі бөлмені алып жатқан мұрағаттың кішкентай бөлігі ғана қамтылған. Көрерменге ұнайды деп үміттенемін», - дейді үйдің кішісі Элеонора Нақыпбекова.

«Апалы-сіңлілі Нақыпбековалар: Еркіндікке жол» деректі фильмінде трионың музыкалық олимп шыңын бағындырмас бұрын қандай қиын кезеңдерден өткені туралы айтылады. Жеке мұрағаттарынан фото және видеолар қолданылып, сұхбаттарымен толықтырылады. Фильм Англия, Италия, Франция және Біріккен Араб Әмірліктерінде түсірілген. Париждегі және Дубайдағы концерттік қойылымдарынан үзінділер пайланылған.


«Енді өмір деген ұзақ емес қой. Біраз жасқа келіп жатырмыз бәріміз де. Мұны тарихқа кіргізу үшін, ертең өкініп қалмау үшін осы фильмді түсірдік. Біз мұны бүгін емес, ертең бәріміз бағалаймыз», - дейді деректі фильмнің продюсері Берлин Иришев.

Көрсетілімде қазақстандық дипломаттар ұлт мәдениетін танып-білуге жағдай жасаған фильм авторларына алғыс білдіре отырып, тұсаукесермен құттықтады. Шараға британ жұршылығы және жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Олар классикалық музыка өнерінің тылсым құдіретін бүкіл әлемде танытып жүрген Нақыпбековаларға ризашылығын білдірді.

«Маған Астана және Алматы қалаларында болу бақыты бұйырды. Менің өте көп қазақ достарым бар. Бірақ, Қазақстанда классикалық музыка өнерінің қаншалықты терең дамығаны туралы білмеппін. Фильмді көре отырып, соған көзім жетті», - дейді көрермендердің бірі Росс Гоу.

«Бұл фильм біз үшін Лондондағы ерекше оқиға дер едім. Болашақта Нақыпбековалар туралы көбірек білгіміз келеді. Оларды әлемдік сахналарда жиі көргіміз келеді», - дейді тағы бір көрермен Светлана Фон Поммерн.

Виртуоздар қазір Лондонда тұрады. Батыста «Бековалар триосы» деген атпен танымал. Гастрольдік сапарларға шығумен қатар, педагогикалық қызметпен де айналысып жүр. Өмірінің көп бөлігін Қазақстаннан тыс жерде өткізгеніне қарамастан, олар Отанымен байланысын жоғалтқан емес. Ендігі армандары – туған жерде концерт беру және студенттерге шеберлік сабақтарын өткізу.


Соңғы жаңалықтар