АӨСШК саммиті: қандай өзекті мәселеге басымдық беріледі?

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада 12-13 қазан күндері Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммиті өтеді. Бұған дейін хабарланғандай, Саммитке 11 елдің мемлекет басшысы және 50-ге жуық елден делегация қатысады. Геосаяси ахуал шиеленіскен алмағайып заманда Астанада өтетін айтулы шараға әлем елдерінің назары ауатыны айтпаса да түсінікті. Одан бөлек, саммитке Түркия, Қатар және Ресей президентінің қатысатыны да алқалы саммиттің салмағын арттыра түскендей. «Украина-Ресей қақтығысына қатысты тың мәселелер көтеріліп қалуы ықтимал» дегенге саятын болжамдардың айтылуы да сондықтан. Саммитте қандай өзекті сұрақтарға басымдық берілуі мүмкін, ұйымның ендігі назары қандай жаһандық проблемаларды шешуге бағытталады деген мәселелерге қатысты шолу жасағанды жөн көрген едік.

АӨСШК не үшін құрылды

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылғанына биыл 30 жыл. Азия кеңесі - қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттердің ынтымақтастығы мен өзара ықпалдастығын нығайтуды мақсат еткен халықаралық ұйым. Кеңесті шақыру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария еткен болатын. Нәтижесінде бұл идея Ұйым тарапынан және бірқатар Азияның негізгі елдерінен қолдау тапты. АӨСШК Еуразия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, Азия елдері арасында достық, ынтымақтастық пен өзара тиімді қатынастар құруды мақсат етеді.

Фото: news.cn

АӨСШК құрамына енетін 27 мемлекет елдер арасындағы бейбіт қарым-қатынас пен халықаралық дипломатияны дамытуға өз үлестерін қосып отыр. Кеңестің алғашқы саммиті 2002 жылы өткен болатын. Сонымен қоса ұйым шекаралас аудандарда қоршаған ортаны қорғау бойынша жалпы бағдарламалар қолдануды іске қосуда. АӨСШК-ға 2002 жылдан 2014 жылға дейін Түркия төрағалық етті. 2014 жылдан 2018 жылға дейін Қытай, 2018 жылдан 2020 жылға дейін Тәжікстан, 2020 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстан төрағалық етті. Халықаралық ұйымның әкімшілік органы Қазақстанның елордасы Астанада орналасқан.

Азияда бейбітшілік пен сенім қалай қалыптасып жатыр

Әрбір саммиттің нәтижелері бойынша отырыс қорытындылары мен АӨСШК-ге мүше елдер қабылдаған шешімдерді қамтитын декларация қабылданды.

Мысалы, бірінші саммиттерроризмді жою және өркениеттер арасындағы диалогты ілгерілету мәселелеріне арналды. Екінші саммитте АӨСШК қатысушылары Азиядағы және әлемнің басқа бөліктеріндегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады. Қорытынды декларация АӨСШК-нің бірінші саммитінен кейінгі Азияның айтарлықтай экономикалық өсімін атап өтті. Сонымен қатар, құжатта атап өтілгендей, қатысушы елдердің ортақ мүддесі халықтың тұрақты дамуына қол жеткізу үшін сауда-экономикалық және экологиялық ынтымақтастықты дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашты. Үшінші саммиттің декларациясы «Азиядағы өзара іс-қимыл мен қауіпсіздікке ынтымақтастық көзқарасын қалыптастыру» деп аталды. Онда Азиядағы және әлемнің басқа бөліктеріндегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың терроризм, есірткі тасымалы, жаһандық қаржы дағдарысы, қоршаған орта, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдай сияқты маңызды мәселелер бойынша АӨСШК ұстанымдары мен көзқарастары көрсетілді. АӨСШК төртіншісаммиті «Жаңа Азия үшін диалогты, сенім мен үйлестіруді нығайту, бейбітшілік, тұрақтылық және ынтымақтастық» деп аталды. Бесінші саммит АӨСШК ең көп мемлекет және үкімет басшыларының жиналуымен ерекшеленді. Саммитте «Қауіпсіз және одан да өркендеген өңірінің ортақ көрінісі» декларациясы қабылданды. Енді міне, 13 қазанда Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммиті өтеді.

Елордадағы саммитке кімдер келеді

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәліметінше, саммитке 11 мемлекет басшысы қатысады. Олар – Әзербайжан, Ирак, Иран, Қатар, Қырғызстан, Ресей, Палестина, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан басшылары. АӨСШК бақылаушы мәртебесі бар мемлекет ретінде Беларусь президенті қатысады. Барлығы 50-ге жуық делегация келеді деп күтіліп отыр.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) халықаралық және геоэкономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев саммитте басымдық берілуі мүмкін мәселелерге тоқталып өткен еді. Оның сөзінше, әлем көпжақтылық дағдарысымен бетпе-бет келіп отырғандықтан саммитте жаһандық және аймақтық мәселелер талқылануы мүмкін.

«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету эрозияға ұшырауда, бұл мемлекет үшін де, олардың тұрғындары үшін де үлкен қауіп тудырады. Инфляцияның өсуі байқалады, бұл барлық әлеуметтік топтарға, әсіресе халықтың аз қамтылған бөлігіне қысым жасайды. Жеткізу тізбегінің геосаясаты жаһандық мәселелерді шешуге кедергі болуы мүмкін. Сондықтан АӨСШК саммиті осы мәселелер шеңберіне арналады деп күтілуде»,-дейді саясаттанушы.

Сарапшы сондай-ақ, Қазақстан тұрғысынан АӨСШК саммитінің негізгі мақсатты бағыттарына тоқталып өткен еді. Оның айтуынша, бірінші бағыт Қазақстанның аса күрделі геосаяси жағдайларда әлемдік жүйенің одан әрі дамуы туралы көзқарасын ұсыну және бейбіт және тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша жалпыға бірдей қолайлы шараларды қабылдау бойынша сындарлы ұсыныстарын енгізу болады.

«Екіншіден, жүргізіліп жатқан ішкі саяси және экономикалық реформалардың мәнін, Жаңа Қазақстанның мағыналық мазмұнын, сондай-ақ әлемнің барлық елдерімен ашық, прагматикалық және өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған Қазақстан Республикасының сыртқы саяси стратегиясын түсіндіру. Үшіншіден, Қазақстан экономикасының шикізаттық емес, экспорттық секторында бірлескен жобаларды іске асыру үшін әлемдік бизнес-қауымдастықпен сауда-экономикалық байланыстарды нығайту»,-деді Айдар Құрмашев.

Сонымен қоса ол АӨСШК-ке мүше мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейтін қағидаттар декларациясы және Алматы актісі, Хатшылық туралы келісім бар екендігін еске салды. Осы орайда, АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымның мәртебесіне, рөліне, функцияларына, жұмыс әдістеріне, құрылымына және басқа да қасиеттеріне ие екеніндігін атап өтті.

Саммитте қандай өзекті сұрақтарға басымдық берілуі мүмкін

АӨСШК 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шарада кеңес Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай ұйымға мүше мемлекеттер алдағы саммиттің күн тәртібін келіскенін растады.

«Кеңеске мүше мемлекеттер алдағы саммиттің өте ауқымды күн тәртібін мақұлдағанын қуанышпен хабарлаймын. Бұл саммит белгілі бір дәрежеде тарихи оқиға болады деп ойлаймын. Болашаққа болжам жасамаймын, бірақ қандай да бір рекордтар орнатуымыз мүмкін», - деді Қайрат Сарыбай.

Оның айтуынша, АӨСШК-нің басты міндеті – мүше мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту.

«АӨСШК өз құралдарын уақытқа сай бейімдеуі тиіс деп санаймын. Бүгінгі таңда Сенім шараларының жаңартылған каталогі бар. Оны кеңеске мүше елдердің Сыртқы істер министрлері өткен жылы жасады. Қазіргі жағдайды ескере отырып, айтарлықтай заманауи элементтер, инновациялар енгізілді», - деді атқарушы директоры.

4 қазанда кеңестің арнайы жұмыс тобы алтыншы саммиттің қорытынды құжаттарын дайындау бойынша отырыс өткізді. Саммиттің тағы бір маңызды мәселесі - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру. Ел өкілдері трансформацияны жүзеге асыру Қазақстанның стратегиялық мақсаты екенін бірнеше рет атап өтті.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру керектігін атап өтті.

«Қазақстан 30 жыл бұрын дәл осы мақсатпен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес (АӨСШК) құруды ұсынды. Жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге байланысты алдағы қазан айында арағайындық пен бітімгерлікке атсалысу мақсатында өтетін Саммитте АӨСШК толыққанды халықаралық ұйымға айналады деп үміттенеміз» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото:akorda.kz

7 қыркүйекте Мемлекет басшысына АӨСШК-ны толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жоспарлары туралы ақпарат ұсынылды. Сонымен, күн тәртібінде екі негізгі мәселе – Азиядағы сенім шараларының жаңартылған каталогы және АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру ісі тұр. Бұл ретте екеуі де қазіргі әлемдік күрделі ахуалда өте өзекті саналады.


Соңғы жаңалықтар