АӨСШК-ге мүше елдер қанша жарна төлеп жүр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшысы Қайрат Сарыбай кеңеске мүше мемлекеттер ортақ қорға жарнаны қалай төлеп жүргенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АӨСШК халықаралық ұйым деңгейіне өткенде не өзгереді?» деп сұрады БАҚ өкілі орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Қайрат Сарыбайдың айтуынша, кеңес қазірдің өзінде халықаралық ұйымдарға тән бірнеше өлшемшартқа ие болып отыр.

«Самитті басқару органдары институт болып қалыптасты. Азия кеңесіне мүше мемлекеттердің басшылары мен үкімет басшылары деңгейіндегі кеңес құрылған болатын. Бұл - бірінші қадам. Екінші қадам – Сыртқы істер министрлерінің басқосуы кеңес болып, институт, құрылым болып қалыптасты. Жалпы құрылымдарда түрлі деңгейдегі жұмыс әдістері бар. Мысалы, осы күнде Азия құрлығында бүкіл Азияны қамтитын құрылым жоқ, Азия кеңесі жалғыз ғана. Тынық Мұхитынан Жерорта теңізіне дейінгі, Орал тауларынан Үнді мұхитына дейінгі аумақты Азияның 90 проценті деп айтып жүрміз. Осынша аумақты қамтитын ешбір өңірлік ұйым жоқ. Дегенмен, біздің кеңестің ішінде бір-бірімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатпаған мемлекеттер де бар. Сондықтан, бұл кеңестің кеңестің мәртебесі ерекше. Бір-бірімен дипломатиялық қатынас орнатпаған елдер Азия кеңесінің төңірегінде теңқұқықты мүше болып қатысып, бір-бірімен сындарлы диалог жүргізуге мүмкіндік алып отыр», - дейді АӨСШК бас хатшысы.

Қайрат Сарыбайдың пайымынша, өзі атаған әлгі мүмкіндіктің екінші жағы бар.

«Біз бұл кеңесті ұйымға айналдырған кезде бұған дейін консенсуспен қабылданған шешімдерді түгел іске асыруға мүше мемлекеттердің бәрі дайын ба, жоқ па? Сол мәселе болып тұр қазір. Біздің кеңесте бір елдің қарсылығы тіркелсе, ондай шешім қабылданбайды. Консенсуспен қабылдау деген сол. Азия кеңесінің қорына мүше мемлекеттер жарнаны ерікті түрде қосады. Яғни мүше мемлекеттер бір-біріне жәрдемді ерікті түрде жасайды. Ешкім ешкімді міндеттемейді. Бұл – Азия кеңесінің ең бір тиімді қасиеттерінің бірі. Қазір кеңестің толыққанды ұйымнан 1-2 айырмашылығы бар. Толыққанды ұйымдарда мүшелердің жарнасы міндетті. Бізде әзірше ерікті. Жарна болмағаннан кейін қай елдің қандай үлес қосатыны анықталмаған. Бұл алдағы үрдіс болуы мүмкін», - деді дипломат.

Сондай-ақ, ол АӨСШК хатшылығындағы елшілердің дипломатиялық имуннитетін қалыптасыру мәселесі де түбегейлі шешімін таппағанын айтты.

«Біздің хатшылықта Қазақстанның, Иорданияның, Қытайдың, Үнді елінің, тағы басқа елдердің өкілдері жұмыс істейді. Біз олардың имуннитетін сақтауымыз керек. Олар осы жұмысты атқарған кезде басқа бір елге барғанда дипломатиялық имуннитетке ие болуы керек. Мұны қамтитын конвенциямыз әлі толыққанды күшіне енген жоқ. Өйткені мүше мемлекеттер бұл конвенцияға әлі түгел қол қойып, ратификациялаған жоқ. Бұл да трансформацияның бір белгісі болмақ», - деді Қайрат Сарыбай.

Еске салсақ, өткен аптада АӨСШК трансформациясы жөніндегі Астана мәлімдемесі жарияланған болатын.


Соңғы жаңалықтар