АӨК туралы ұлттық жоба маусымға дейін реформа жөніндегі жоғарғы кеңесте қаралады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешені туралы ұлттық жобаны маусымға дейін реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте қарауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің тапсырмаммен агроөнеркәсіп кешені туралы ұлттық жоба әзірленуде. Алдағы бес жылда бұл мәселені шешуге тиіспіз. Оны алдағы маусымнан қалдырмай реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің отырысында қарауды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президенттің айтуынша, пайдаланылмай жатқан жайылымдар ауыл халқының игілігіне берілуі керек. Ауылдағы халық тең мүмкіндік беру тұрғысынан жаңа әрі серпінді шешімдерді күтіп отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Президент жыл соңына дейін пайдаланбай жатқан жайылымдарды қайтаруды жүктеген еді. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда.

Әсіресе Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтардың иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биыл қараша айына дейін Жер кодексіне түзету енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар