АӨК-ті дамыту тұжырымдамасы мен Ұлттық жобаның айырмашылығы аталды - АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында бизнеске міндеттемелер жүктеледі. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапархан Омаровтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін одан әрі тұрақты дамыту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын» және «АӨК дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын» әзірлеген. Осы жылдың 21 сәуірінде АӨК дамытудың жалпы тәсілдері ҚР Президенті жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары Кеңес мүшелеріне таныстырылды және Президент мақұлдады. Мемлекет басшысы Тұжырымдама мен Ұлттық жоба арасындағы шаралардың аражігін ажыратуды тапсырды.

«Тұжырымдама саланы - ұзақ мерзімдік кезеңге дамытудың басымдықтары мен векторларын айқындайды, сондықтан жүйелі сипаттағы шараларды, оның ішінде заңнама мен нормативтік-құқықтық базаны өзгертуді қамтиды. Ал, Ұлттық жоба күш-жігер мен ресурстарды шоғырландыруды талап ететін нақты міндеттер мен жобаларды шешуге бағытталған», - деді ол.

Министрдің айтуынша, тұжырымдаманың негізгі міндеттері мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру; ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету; Жер ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету; қаржы құралдарын жетілдіру және жүйелі сипаттағы басқа да іс-шараларды қамтиды.

«Жүйелі құжаттар аясында мемлекеттік қолдау іс-шараларының тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуді нормативті түрде бекіту жоспарлануда. Бұл аграршыларға өз қызметін ұзақ мерзімді перспективаға жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында бизнеске міндеттемелер жүктелетін болады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «мемлекеттік қолдау» бөлінерде өңірлердің ерекшеліктері ескерілетін болады. Бұл табиғи-климаттық және басқа да факторларға байланысты АӨК дамыту саласында мемлекеттік саясатты тиімді жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Сапархан Омаров.


Соңғы жаңалықтар