АӨК-тегі бәсекелестікті шектейтін тағы бір кедергі жойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Инвестициялық субсидиялау ережелеріне «күту парағы» енгізілді. Осылайша, АӨК-тегі бәсекелестікті шектейтін тағы бір кедергі жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік жанындағы Кедергілер жөніндегі кеңестің кезекті отырысында субсидиялаудың (Qoldau) ақпараттық жүйесіндегі бәсекелестікке қарсы кедергі анықталды.

«Ақпараттық жүйе жергілікті бюджетте қаржыландыруға ақша болмаған кезде субсидия алу үшін өтініш беруге мүмкіндік бермеген, ал қаражат пайда болған кезде платформа өтінімдерді қаржы таусылғанға дейін қабылдаған», делінген хабарламада.

Осы кедергіні жою мақсатында ведомство мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомствоаралық тобы құрылды, бұл топ жұмысының нәтижесінде «Күту парағын» енгізу бөлігінде «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салымдар кезінде шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» АШМ-ның 2021 жылғы 16 қарашадағы бұйрығына өзгерістер енгізілді.

«Ендігәрі кәсіпкерлер өз бағыттары бойынша резервке (күту парағына) енгізіледі және осы өтінімдер бойынша субсидия төлеу келесі жылы қосымша бюджет қаражаты бөлінген кезде өтінімдердің келіп түскен күні мен уақытына сәйкес кезектілік бойынша жүзеге асырылатын болады», делінген хабарламада.

Бұйрық 2022 жылдың 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар